Сыныптастары шақырып, есік алдына шыққан Дархан қайтып оралмады, әке баласының денесін ауладан тапты...

Қаза тапқан Дарханның әкесі Манарбек Олжағалиев қылмыс болған жерді көрсетіп тұр. Бала бақша меңгерушісі Дарханның денесі табылған жердегі қоқысты өртеп жатыр. Ақжар ауылы, 14наурыз, 2009 жыл.

Атыраудың іргесіндегі Ақжар ауылындағы №26 орта мектептің 9-шы сынып оқушысы Дархан Олжағалиев әлдекімдердің қолынан қаза болды. Баланың ата-анасы Дарханды ақша бермегені үшін сыныптастары өлтірді деп санайды. Қылмысты мойындағандар қамауда, ата-ананың жүрегі жаралы, көңілі күпті.
Дарханның анасы Анар Крушованың айтуынша, 3-ші наурыз күні кешкі сағат 22.30-да баласымен қатар сыныпта оқитын Алпамыс Нұрғалиев және Серікбол Тайшиев деген балалар келіп сыртқа шығып кетуін өтінген.
Кісі қолынан қаза тапқан Дарханның анасы Анар Крушова. Ақжар ауылы, 14 наурыз, 2009 жыл.

– «Не қылып жүрсіңдер түнде?» деп сұрап едім, олар «Дарханда бір шаруамыз бар еді» деді. Компьютердің алдында отырған балам жеңіл шолақ шалбарымен, курткасын желбегей жамылып шығып кеткен. Бір сыртқа шығып байқағанымда есік алдында тұр еді. Содан сағат түнгі он бірден асып бара жатқан соң, мазасызданып тағы шыққанымда ешкім жоқ екен. Күйеуім екеуміз түнімен ауылды аралап Дарханды іздеп таба алмадық.
Сыртқа шақырған балалардың үйіне де барғам. Олардың бірі: «Дархан өз шаруасымен кеткен, біз үйге қайттық» десе, екіншісі: «сыртта 40 минут сөйлесіп біз кетіп қалдық, Дархан қалған» деп, өздеріне шаң жуытпады. Тек ертеңгі сағат 10-дарда ғана күйеуім баламның өлі денесін үйге көтеріп әкелді. Сөйтсек, есігіміздің алдындағы ескі балабақшаның ауласында жабылып сабап, өліп қалған соң шұңқырға лақтырып, бетін шөңгемен көміп кетіпті, - дейді көз жасы көл болған Анар Крушова.

Облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарова қазір тергеу жүріп жатқанын, адам өлтіргендерін өздері растап, адвокаттың көзінше кінәларын мойындарына алған 19 және 18 жасар екі азамат қамауда отырғанын хабарлады.

Дегенмен, Дарханның шешесі күдікті деп танылған екеудің қылмысқа қатысы жоқ деп санайды.

– Баламды 5 баланың жабылып өлтіргенін білемін. Денесін қарағанымызда маңдайы көкпеңбек, арқасынан сау жер қалмағанын көрдік. Оған басшылық жасап, бұйрық беріп жүрген А. есімді 9 «В» сыныбында оқитын бала. Бұл оқиғаға ешқандай қатысы болмаса да, інісін әлі жас деп аяған ағасы Махамбет Шолақов қасындағы жолдасы Роман Вознюкпен бірге жасамаған қылмысты өз мойындарына алған, - дейді қасірет шеккен ана.

Бұл пікірге мектеп мұғалімдері де қосылып отыр.

–Осы бесеудің ешнәрсе болмағандай ыржалақтап мектепте жүргендерін көргенде жүрегіміз қан жылайды. Тіпті, оларға қарап сабақ та бере алмаймыз. Неге олардың ұсталмайтындары белгісіз. Бұл, сөз жоқ, басқаларға үлгі болмақ. Егер бұл балалар жазаланбаса, басқа оқушылар да ойына келгенін істейтін болады, - дейді олар.


Қылмыс жасауға қатысы болуы мүмкін деп саналған әлгі балалармен сөйлесудің мүмкіндігі болмады. Олардың ата-аналары қандай да бір түсінік беруден бас тартты.
Дарханның сыныптастары достарының құрбан болғанына әлі сене алар емес. Ақжар ауылы, 14 наурыз, 2009 жыл.


Дарханды ақкөңіл, мейірімді бала ретінде сипаттаған сыныптастары оның ешкіммен қатты сөзге келмегенін айтты. Сынып жетекшісі Ақжібек Шүрекова «Дарханның сабақ үлгерімі орташа болғанымен, ерекше тәрбиелі бала еді» деген мінездеме берді. Тіпті, әке-шешесіне «анашым», «әкешім» деп қарым-қатынас жасағанын мысал етті.

Сырым Датов атындағы орта мектептің оқушылары мен мұғалімдер ұжымы бұл қанды оқиғадан кейін әлі күнге дейін естерін жия алар емес. Мектепті үрей билеген. Ұстаздар қауымы, тілшімен жеке әңгімеде, қылмысқа қатысы бар кінәлілерді табудың орнына мектеп басшылығы 9-шы сыныптарда жаппай жиналыс өткізіп, педагогтар ұжымына да «ауыздарыңды жауып жүріңдер» деп сес көрсетіп, өз абыройын қорғаудың қамымен жүргенін жеткізді.

Кейбір мұғалімдер Дарханның өлімінен кейін іле-шала мектепте өткізілген балалар жиынында бірнеше баланың естерінен танып құлағанын, ал 5-ші сыныпта оқитын бір қыз баланың жиын үстінде лақылдатып құсқанын айтып берді.

Облыстық психикалық аурухананың дәрігері психолог Людмила Самсонова бұған үйдегі тәрбие, орта, социум, жасөспірімді қатыгездікке итермелеген факторлардың педагогтар тарапынан ерте ескеріліп, шара қолданбағандары себеп болған деп санайды.

– Мектептегі балалар жайына келсек, олардын психикасы, сөз жоқ, бұзылды. Балалар біраз уақытқа дейін қатыгездік әсерінен арыла алмай жүреді. Бұндай жан жарақатынан жақсы ешнәрсе күтуге болмайды, – дейді маман.

Қаза болған баланың анасы Анар Крушованың айтуынша, Сырым Датов атындағы мектепте балаларды қорқытып, ақша жинау бұрыннан келе жатқан үрдіс. Мектептегі ұстаздарынан жасқанып, өз аты-жөндерін айтқысы келмеген 8-ші сынып оқушылары да өздеріне әлімжеттік жасап, ақша талап етудің бар жайт екенін Азаттық тілшісіне айтып берді. Бірақ, оған назар аударып отырған мектеп директоры мен мұғалімдер жоқ дейді оқушылар.
Сырым Датов атындағы мектептің директоры Данагүл Өтелбаева. Ақжар ауылы, 14 наурыз, 2009 жыл.

Мектептегі қатаң бақылау мен тәртіптің ақсауы салдарынан болған бұл оқиғаны мектеп директоры мен қалалық білім басқармасы басқаша бағалап отыр. Мектеп директоры Данагүл Өтелбаева Азаттық тілшісімен болған әңгімеде, мектепте оқушылардан қорқытып ақша жинау фактісі барын теріске шығарды.

– Біздің мектебіміз жақсы мектептер қатарында. Мен балалардың мұндай қылмысқа баратынына сенбеймін, – деді директор.

Ал осы мектептің үстінен қарайтын қалалық білім беру бөлімінің бастығы Сатқан Есенғалиев бұл оқиғаны «қатты көтеретін мәселе емес» деп есептейді.

– Бала өлімі болған балабақша білім бөлімінің балансында жоқ. Оқиға түнде, мектептен тыс уақытта болған және қылмыскерлер мектеп оқушылары емес, - деп, С.Есенғалиев бұдан әрі жауап беруден бас тартты.

Ал оның орынбасары Қайрат Хабиев Азаттық тілшісінен диктофонды өшіруді талап етті.

– Бұл мәселеге орай қандай шара жасап жатқанымызды айта алмаймыз. Уақыты келгенде айтамыз, – деді Қайрат Хабиев.

Жалпы, қала бойынша мектептерде мектеп полициясы жұмыс істейді. Облыстық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Атыраудағы орта білім беретін орындарда 53, аудандарда 8 мектеп полициясы бар.

Бірақ, Ақжар орта мектебінің директоры Данагүл Өтебаева бұл мектепке Андақұлов деген инспектор бөлінгенімен, ол мектепке бір де бір рет бас сұқпағаннан кейін, оған қарсы мінездеме жазғанын айтады.

Дәл осындай қылмыс былтыр осы Ақжармен іргелес Талқайраң ауылында да болған еді. Онда 9-шы сынып оқушысын ақша бермегені үшін сол мектептің бірнеше оқушысы жабылып соққыға жығып, өлтіргені анықталып, бірнеше бала сотталған.

Облыстық ішкі істер басқармасының дерегінде, өткен жылы кәмелетке толмағандардың 9-ы аса ауыр қылмыс, 98-і ауыр қылмыс жасағаны айтылған.