Алқа билер соты Дарханның өліміне қатысты істі тыңдауға кірісті, ал оның әділ тергелгендігіне күмәнданушылар бар

Алқабилер соты Дархан Олжағалиевтің өліміне қатысты істі тыңдауға кірісті. Атырау, 8 қыркүйек, 2009 жыл.

Даулы өлімге қатысты істі алқа билер соты қарай бастағанда, күдіктелгендердің біреуінің әкесі - Атырау облыстық прокуратурасы алдында өзін-өзі өртеп жіберген Қабидолла Шолақовтың туыстары журналистермен кездесу өткізді.
«ІСТІ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ІІД ТЕРГЕУ БӨЛІМІ БҰРМАЛАП ОТЫР»

Марқұмның ағасы Қалидолла Шолақов облыстық ішкі істер департаментінің (ІІД) тергеу бөліміндегілерді істі бұрмалауды тоқтатпай отыр деп кінәлады.

– Атырау қалалық соты басқа айғақтар мен куәлерді тергеп-тексеру үшін істі облыстық ІІД-нің тергеу бөліміне қайта қарауға жіберген еді. Қылмысты нақты жасаған балалар «кінәліміз, жазамызды өтегіміз келеді» десе де, ешкім құлақ аспады, – деп мәлімдеді ол журналистерге.

Жасөспірім Дархан Олжағалиевті өлтірген деген күдікпен қамауда отырғандардың адвокаты Бақберген Айтмамбетов те тергеу орындары көзге ұрып тұрған көп фактілерді есепке алмай отыр деп санайды. Ол қамауда отырғандардың айтқан дәйектері, қайғылы оқиға кезінде олардың қайда болғанын дәлелдей алатын дүкенші, жасөспірімдердің кінәсін мойнына алғанына куә болған Шолақовтардың көршісінің сөзі тыңдалмағанын, жасөспірімдер мен қамауда отырғандардың өзара беттестірілмегенін айтады.

– Тергеу барысы болған қайғылы оқиғаның басты себепкері – Ақжар ауылындағы №26 мектептің бес оқушысы екенін көрсетіп отыр. Жиналған айғақтар, куәлердің сөздері осы бесеудің марқұм Дархан Олжағалиевты өлтіргеніне дәлел бола алады. Тіпті, олардың жазған түсіндірмесі де бар. Бұл мойындаулар облыстық прокуратураға, тергеу бөліміне берілген еді. Алайда, кейін белгісіз себептермен ол түсініктемелер қолды болды. Ал содан соң менің үстімнен полицияға «өзін прокурормын деп таныстырған адвокат балаларды қорқытып, түсіндірме жаздыртты» деген шағымдар түсірді, – дейді Бақберген Айтмамбетов.

Сондай-ақ Бақберген Айтмамбетов өзін полиция өкілдерінің іске араластырмауға тырысқанын да айтып берді.

– Осы мәселеге байланысты түсіндірме жазуға полицияға шақырды. Бірақ мен жазбадым. Өйткені, егер ондай түсіндірме жазсам, куәгер ретінде істі жүргізуден шеттетілер едім. Тергеу орындарының да қол жеткізгісі келіп отырғандары сол, – деп мәлімдеді Бакберген Айтмамбетов журналистермен кездесуде.

15 МЫҢ ДОЛЛАР ПАРА СҰРАДЫ ДЕП КҮДІКТЕЛГЕН ПОЛИЦЕЙ ТЕРГЕЛУДЕ

Сондай-ақ Қалидолла Шолақов марқұм інісі Қабидолла Шолақовтың өлімінің алдында өзі куә болған жайттарды көзіне жас алып баяндап берді.

Қалидолла Шолақов марқұм інісінің өзін-өзі өртер алдындағы күйзелісін баяндап, көзіне жас алды. Атырау, 8 қыркүйек, 2009 жыл.
– Бауырым жазықсыз қамауда отырған балаларды құтқару үшін полиция қызметкері бопсалаған 15 мың доллар ақшаны таба алмай қиналып, сөзін ешкімге тыңдата алмай, ішқұсалықтан өзін-өзі өртеді. Өлерінің алдында бір күн бұрын ол өзінде бар болғаны 2 мың доллар ақшасы бар екенін айтып, менен 13 мың доллар сұраған еді. Ақша бопсалаған полиция қызметкері жайлы шағымданғанбыз, әзірге тергеу жүріп жатыр. Енді осы жағдайдан кейін іс қайтадан облыстық тергеу бөліміне берілгені түсініксіз. Өз істерін бүркемелеуге мүдделі облыстық ІІД-нің тергеу бөлімі енді міне істі еш өзгертпестен сотқа қайта ұсынды, – дейді ол.

Бұл жайтты растаған адвокат Бақберген Айтмамбетов дәйектің болғанын нақтылайтын материалдар ішкі қауіпсіздік қызметіне тапсырылғанын айтты.

«Оған қосымша сол ақшаны тауып беру үшін марқұм Шолақовтың туыстарының банктен несие алуға талпынған әрекеттері де тіркелді. Қазір іс тергеу үстінде, сондықтан оны ашық жариялай алмаймыз» деп түсіндірді ол.

Марқұм Дархан Олжағалиевты өлтірген деген күдікке қалып отырған бес жасөспірімнің бірі көп алдында қылмысын мойындайтынын жария етті.

Кездесуге қатысқан бес жасөспірімнің бірі Абылай Шолақов Азаттық тілшісіне қамауда отырған оның ағасының да, Роман Вознюктың бұл оқиғаға қатысы жоқ екендігін айтты. Оның сөзіне сүйенсек, бұл екеуі мұның өзін түрмеден құтқару үшін ғана осындай байламға барып отыр.

– Дарханды не үшін соққанымызды нақты айта алмаймын. Бес бала ойнап төбелескен едік. Бірақ, өлтіреміз деп ойлағанымыз жоқ. Облыстық ІІД-нің тергеу бөліміне барып істің қалай болғанын баяндап, қылмысымызды мойындаған түсіндірме жазғанбыз. Алайда сол күні, 5 наурызда, түстен кейін бәрімізді тергеу бөлімінің бастығы Есмұқан Қажыкенов шақыртып алып: «болған оқиға туралы еш мәлімет білмейміз деп түсініктемелеріңді өзгертіңдер» деген талап қойды. «Егер осы айтқанымды орындап, М.Шолақов пен Р.Вознюкке қарсы түсініктеме бермесеңдер бәріңді соттатып жіберемін» деп қорқытты. Сөйтіп, қалғандары оның айтуы бойынша қайта түсініктеме жазды. Ал кейіннен қылмысты мойындаған менің жазғанымнан басқасының көзін жойып жіберген, – деді сыныптасының қазасын мойнына алған 16 жасар Абылай Шолақов журналистер алдында.

Дегенмен Абылай Шолақовтың айтуынша, тергеу бөліміндегілер оған: «сен өтірік айтасың, ағаңды қорғап отырсың» деп, мұның сөздеріне құлақ асудан бас тартыпты.

Бұл мәселе жайлы Атырау облыстық қылмыстық істерді соттарда қарау заңдылығын қадағалау басқармасы бастығының орынбасары Айболат Бектеннен сұрағанымызда, ол сот аяқталмай ешқандай түсініктеме бермейтінін айтты.

«АЛҚА БИЛЕР ҮКІМІНЕН ҮМІТ АҚТАЛМАСА, БАС ПРОКУРАТУРАҒА ШАҒЫМДАНАМЫЗ»

Қазір жасөспірімнің өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс облыстық сотта қарала бастады. Сотқа төрағалық еткен судья Тәтті Уәлиева жәбірленушілер мен айыпты деп танылғандардың талаптарына сәйкес, істі қарапайым адамдардан құралған алқа билер қарайтынын мәлімдеді.

Жасөспірім қазасының анық-қанығына төрағалық етуге шақырылған 33 адамның арасынан 11 кісі алқа биі құрамына іріктеліп алынды.

Алқа соты қарап отырған қылмыстық іс бойынша айыпталушылар: Роман Вознюк (сол жақта) және Махамбет Шолақов. Атырау, 8 қыркүйек, 2009 жыл.
Соттың алғашқы мәжілісінде істі баяндаған қалалық прокуратура бөлімінің бастығы Е.Тұрмағамбетов қолдарындағы дәйек-сараптамалардың бәрі Р.Вознюк пен М.Шолақовтың бала өліміне тікелей қатысы барлығын көрсететінін жария етті.

Мемлекеттік айыптаушының сөзімен үзілді-кесілді келіспейтінін айтқан адвокат Бақберген Айтмамбетов Азаттық тілшісіне:

– Махамбет Шолақов пен Роман Вознюктың жазықсыз айыпталып отырғанын құқық қорғау органдарының өздері де іштей мойындап отыр. Бірақ, полиция істің ақ-қарасын анықтауға талпынбады. Қамауда отырған балалар беттестіруді талап етіп, өздерінің қылмысты мойындамайтындарын айтып, 5 арыз жазды, марқұм Қ.Шолақов ҰҚК-не, прокуратураға 5-6 арыз жазды, одан да нәтиже болмады. Бар қорытынды – тергеу бөлімі бастығымен болған кикілжіңнен кейін Шолақов өмірін қиды. Істі қарауда айыпталып отырғандардың конституциялық құқы ескерілмеді. Өйткені, барлық күш тергеу орнының мүддесі үшін жұмсалды. Сол себепті істің бөлек органға берілуі немесе министрліктен басқа адам шақырылуы қажет еді. Енді алқа билер үкімінен үміт күтеміз. Егер ол үмітіміз тағы ақталмаса, Бас прокурорға баратын болармыз, – деп хабарлады.

Кісі қолынан қаза тапқан Дархан Олжағалиевтің туыстары марқұмның өліміне қатысты сот тыңдауы басталар алдында. Атырау, 8 қыркүйек 2009 жыл.
Сотқа келген марқұм Дарханның анасы Анар Крушова болса, өзіне бұған дейін тергеушінің басқа мәлімет жеткізгенін айтады.

«Тергеуші маған М.Шолақов пен Р.Вознюк қылмысқа қатысы бар деп саналып отырған бес баламен жолығудан бас тартты деп түсіндірді. Егер олар жазықсыз болса, неге бас тартқаны түсініксіз», – дейді ол.

Баласынан айырылып, аңыраған ананың адвокат жалдайтындай мүмкіндігі жоқ. Сондықтан ол барлық жерге өзі арызданып жүр екен.

– Енді алқа билердің шешімін күтемін. Егер дұрыс шешім қабылданбаса, президентке дейін шағымданамын, – дейді Анар Крушова.

Бұған дейін Азаттық радиосы Атырау қаласының іргесіндегі Ақжар ауылында жасөспірім мектеп оқушысы Дархан Олжағалиевтың белгісіз жағдайда кісі қолынан қаза тапқандығы туралы жазған болатын. Тергеушілер оның өліміне қатысы бар деген күдікпен ұстап қамауға алған екі жігіттің бірінің әкесі Қабидолла Шолақов баласының жазықсыз отырғандығын айтып заң орындарына шағымданып, ақыр соңында биылғы жылғы мамыр айының 26-сы күні құқық органдарының әділетсіздігіне наразылық ретінде Атырау облыстық прокуратурасы алдында өзін-өзі өртеп, сол күні кешке ауруханада көз жұмды.