Цех бастығының үстінен Прорва кеніші операторының түсірген шағымын сот қанағаттандырмай тастады. Оператор өзіне қоқан-лоқы көрсеткен бастық көпшілік алдында кешірім сұрасын деген талап қойып отыр. Ал цех бастығы мұны бопсалау деп бағалайды.
«БЕДЕЛІНІҢ ТҮСУІНЕН ҚОРҚАДЫ»
«ЕмбіМұнайГаз» өндірістік филиалы қарамағындағы Прорва кенішінің операторы мұнай дайындау және айдау цехының операторы Әлия Күзекенованың талабын аудандық және облыстық соттар қанағаттандырмай тастады.
Судья Д.Қонысбаева төрағалық еткен Жылыой аудандық соты «талапкердің шағымындағы мән-жайлар дәлелденбеді» деген шешім шығарған-ды. Аудандық соттан кейін талапкер жазған апелляциялық шағымды облыстық сот қанағаттандырмай тастады.
Бірақ Әлия Күзекенова алған бетінен қайтпайтынын айтады. Ол енді Жоғары Сотқа арыздануға дайындалып жатыр.
Талапкердің адвокаты Бауыржан Бейсенғалиев сот іcті әділетсіз, біржақты шешті деп санайды.
– Сотқа жауапкер Тұрлан Сәтиевтің қоқан-лоқы жасағанын естіген үш адам келіп, куәлік бергенімен, сот олардың сөзін есепке алмады. Тұрлан Сәтиевтің мінез-құлқына сиппаттама берген ұжымдағы өзге 16 адамның ұсынысы да ескерусіз қалды. Талапкердің қорқып әрі эмоциялық күйзеліске ұшырауы салдарынан денсаулығына нұқсан келгені жайлы дәрігер сараптамаларын арнайы маман шақырып
«Ембімұнайгаз» өндірістік филиалына қарасты Прорва кенішіндегі мұнай сорабы. Атырау облысы, 18 сәуір 2010 жыл.
тексеруден өткізу туралы жасаған өтінішіміз де қабылданбады, – дейді адвокат.Адвокат Бауыржан Бейсенғалиев талапкердің басты мақсаты – ақша өндіру емес, ұжым алдында кешірім сұрап, моральдық қанағаттануға қол жеткізу деп түсіндіреді.
– Алайда жауапкер Тұрлан Сәтиев жұмысшылар алдында беделінің түсіп қалатындығынан қорқып, өз айыбын мойындаудан бас тартып отыр, – дейді ол.
Бірнеше айға созылған бастық пен жұмысшының арасындағы теке-тірес барысындағы сот процестерінің біріне Тұрлан Сәтиевтің өкілі ретінде «Жылыоймұнайгаз» өндіру басқармасы кадр бөлімі бастығы қатысқан екен.
«БАСТЫҚ МЕНЕН КЕШІРІМ СҰРАСЫН»
Азаттық тілшісімен болған әңгімеде Әлия Күзекенова еңбекақы төлеудің қосымша шартына байланысты цех бастығынан қоқан-лоқы көргеніне шағым айтты.
– Сәуірдің 18-і күні болған жиналыстан кейін мұнай дайындау және өңдеу цехының бастығы Тұрлан Сәтиев маған сағат 21.30 шамасында телефон шалды. Ол маған: «Егер қосымша шартқа қол қоймасаң сен де ана жетпіс жігіт құсап қаңғып кетесің, ешкімге ермей тез қолыңды қой, маған енді тек он адамның қолы болса жетеді, қалғанымен өзім сөйлесемін» деп бұйырды. Күні бойы бірінен соң бірі болған жиналыстардан әбден мезі болып шаршағандықтан қан қысымым көтеріліп, басым айналып, құлап қалдым, – деді Әлия Күзекенова.
Ол цех бастығының үстінен Жылыой аудандық сотына берген арызында Қазақстан еңбек заңы мен басшы этикасын сақтамағаны үшін ұжым алдында өзінен Тұрлан Сәтиевтің кешірім сұрауын талап еткен.
– Менің кенеттен ауырып, жүйкем мен денсаулығымның бұзылуына себепкер болғаны үшін Тұрлан Сәтиевтен оның үш айлық жалақысы мөлшерінде қаражат өндіруді талап етіп отырмын, – дейді Әлия Күзекенова.
Оның айтуынша, компания тарапынан әрбір мұнайшы жылына 20 мың теңгенің (135 АҚШ доллары шамасында) медициналық сақтандыруын пайдаланады. Бұған қосымша тіс емдету үшін және 15 мың теңге (100 АҚШ долларынан сәл астам) бөлінеді екен. Бірақ, Атырауда кейде бір тісті емдетудің өзі кем дегенде 20 мың теңгеге түседі дейді кеніш операторы.
– Маған бір жылға бөлінген медициналық көмекті пайдаланып та қойдым. Оным екі пакет дәрі-дәрмек болды. Оның сыртындағы шприцтерге, басқа да қосалқы дәрілерге қалтамнан жұмсаған шығындарым қаншама. Енді отбасымнан біреу ауыра қалса болмаса жыл аяғына дейін денсаулығым тағы сыр берсе өз күшіме ғана сенуге тура келеді, – деп қынжылады Әлия Күзекенова.
МЕХНАТЫ КӨП ЖҰМЫС
36 жастағы Әлия Күзекенова төрт баланың анасы. Ол Прорва кеніші орналасқан Жылыой ауданы орталығы Құлсары қаласында тұрады. Үйдегі жалғыз кіріс көзі де осы Әлияның еңбегі. Ол өмір бойы кеніште мұнайшы болып еңбек еткен марқұм әкесінің ізін басқанын айтады. Кеніште 19 жылдан астам уақыт оператор болғанына қарамастан Әлия ІІІ разрядты да жуырда ғана алған екен.
– Бұдан бірнеше жыл бұрын қаражат тапшылығы салдарынан үш айлық баламның болғанына қарамастан жұмысқа шыққан едім. Маған жеті сағаттық жұмыс уақыты белгіленді. Алайда іс жүзіне келгенде цех бастығы «үйге жеткізіп тастайтын машина жоқ» дегенді
«Жылыоймұнайгаз» өндіру басқармасы мұнайшыларын таситын автокөлік. Атырау облысы, Прорва кеніші, 26 сәуір 2010 жыл.
сылтауратып 8 сағат, кейде апат болған күндері 12 сағатқа дейін жұмыс басында болуыма мәжбүрледі. Кеудемді сүт кернеп, ісіп, қызуым көтеріліп ауырғанымды ескерген де жоқ, – дейді Әлия Күзекенова.Прорва кенішіндегі жұмыс істейтін өзге жұмысшылар да өндірістегі жұмыс барысында кезігетін проблемалар жайлы Азаттық тілшісімен бөлісті.
– Ел арасында мұнайшылардың табысы көп деген түсінік бар. Бірақ түптеп келгенде қырық градус аяз бен аптап ыстықта жүріп қолымызға тиетіні 100-120 мың теңге. Ал кем дегенде он адамы бар бір үйлі жан осы табысқа қарап отыр, – деді оператор әйелдердің бірі Азаттық тілшісіне.
Өз аты-жөндерін атамауды өтінген олар жұмыстан айрылып қаламыз ба деген үреймен басшылықтың қорқытып-үркітуіне де еріксіз шыдап келе жатқандарын айтады.
– Цех бастығы: «Сендерді аттестациядан өткіземін, сол кезде күштеріңді сынаймыз» деп қорқытады бізді. Аттестация демекші, біздің алдымыз 20 жыл бойы жұмыс істеп келеміз, ал осы аралықта бөлімшеде бір де бір рет білім жетілдіру оқулары өткізілген емес. Әрине, біз көбіне қысы-жазы қара жұмыспен айналысамыз. Улы заттарға толы мұнайды сусыздандыру, тұзсыздандырудың барлығы біздің қолымыздан өтеді. Талай рет апат кездерінде майға белшемізден батып жұмыс жасадық. Осы уақытқа дейін білім жетілдіру курстарынан өтпеген соң теориялық жағынан кейбір сұрақтарға жауап бере алмауымыз да мүмкін ғой, – деп уайымдайды жұмысшылар.
ЦЕХ БАСТЫҒЫ ЖОҚҚА ШЫҒАРАДЫ
Азаттық тілшісі осы мәселеге байланысты мұнай дайындау және өңдеу цехының бастығы Тұрлан Сәтиевпен хабарласқан еді. Ол өзінің ешкімді қорқытпағанын айтып, жұмысшылардың сөзін жоққа шығарды.
– Бәріне қоңырау шалғаным рас. Бірақ олардың бәрі «қол қоямыз ғой, бірдей жалақы болса болды» деген, – дейді Тұрлан Сәтиев.
Өзін кінәсіз санайтын цех бастығы оператордың әрекетін бопсалау деп бағалайтынын айтты.
Атыраудағы Ембі мұнайшылары жалақы төлеу жүйесіне қарсылық білдіріп, 70% аймақтық және 1,8% салалық коэффициенттерді міндетті түрде төлеу туралы талаптарын кәсіпорын әкімшілігіне биылғы мамыр айында айтқан еді.
Бұл талаптары орындалмаған соң Ембі мұнайшылары шілде айында жұмысты тоқтатып, ереуілге де шыққан болатын. Көп кешікпей
Мұнайшылар белсендісі "Жылыоймұнайгаз" операторы Асылхан Мусин (сол жақта). Атырау, 2 маусым 2010 жыл.
бітімгершілікке келіп, өндірістегі жұмыс қайта жанданғанымен мұнайшылар жағдайды ашық айтқан белсенділердің қудалауға ұшырағанын айтқан-ды.Солардың бірі, мұнайшылардың сенімді өкілі Макс Боқаев пен Прорва кеніші операторы Асылхан Мусин әкімшілік жазаға тартылып, жеті күнге абақтыға қамалған еді. Мұнайшылар көтерілісінің ұйымдастырушысы саналған Асылхан Мусин жұмыстан шығып қалды.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру акционерлік қоғамы баспасөз қызметінің хабарлауынша, компания құрамындағы «Өзенмұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалдары 2010 жылдың бірінші жарты жылдығында 4316 мың тонна (яғни күніне 175 мың баррель) мұнай өндірген.
Бұл 2009 жылдың осындай кезеңіндегіден 107 мың тоннаға немесе 2%-ға кем. Бұған биылғы наурыздың 4-і мен 18-і аралығында «Өзенмұнайгаздағы» наразылық акциясы себеп болды деп мәлімдеді «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру баспасөз орталығы.