Беларус қоғамы көптеген жылдар бойы кейінгіге сабақ боларлық жайтқа куә болып отыр. Бұл елдің бұрынғы басшысы, ал бүгінде биліктің қырына ілінген Станислав Шушкевичтің өз зейнетақысының мөлшерін көбейту әрекетінен түк шықпай жүр. Заңсыздық жайлаған елде билеушінің де өз тағдырын ойлап, қорқуы – заңдылық.
БІР ЕУРОЛЫҚ ЗЕЙНЕТАҚЫ
Осы бір көңілге қаяу түсіретін, әсіресе Станислав Шушкевичтің өзіне ауыр тиетін жайт болса да, шын мәнінде, одан қашып құтылуға болмайтын заңды құбылысқа айналып отыр.
Жуырда ол айына бір еуродан аспайтын зейнетақысын көтеруді сұрап жоғарыға тағы да хат жазды. Станислав Шушкевич хатын тікелей президент Александр Лукашенконың атына бағыштамаған. Оған мұның алдында бірнеше рет Шушкевичтің зейнетақысын қайта қараудан тура осы Лукашенконың үзілді-кесілді бас тартуы себеп болған шығар.
Хат Беларустың премьер-министрі Сергей Сидорскийдің, өкілдер палатасының басшысы Владимир Андрейченконың, президент әкімшілігінің жетекшісі Владимир Макейдің және Жоғарғы шаруашылық сотының төрағасы Виктор Каменковтың атына жолданған.
Айқын негізде ашық жазылған хатты «Народная воля» газеті жариялады. Билікке баспасөз арқылы сөз айтуының өзі өтінішінің оң нәтиже беретініне Шушкевичтің сенбейтіндігін көрсетеді. Оның хаты хаттан көрі саяси насихат парақшасына көбірек ұқсайды.
Десек те, бұл Беларустағы ең сорлы адамның немесе қарапайым азаматының басында болып отырған жағдай емес. Шушкевичтің өзі де үндеухатының соңғы жағына өзінің барлық дерлік атақтарын тізіп шыққан. Бұл нағыз керемет атақтар мен лауазымдардың жиынтығы.
Ғылым докторы, профессор, Беларус Ұлттық академиясының корреспондент-мүшесі, БССР ғылымы мен техникасына еңбек сіңірген қайраткер, БССР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ССРО Министрлер Кеңесі сыйлығының иегері, ССРО халық депутаты (1989–1991), Беларус Жоғарғы Кеңесінің 12-інші және 13-інші шақырылымының депутаты, Беларус Жоғарғы Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары (1990-1991), Беларус Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы (1991–1994).
Бірақ ол елдің де, постсоветтік аймақтың да, бұдан да кеңірек алсақ, әлемнің де тарихында осы атақтарына бола емес, 1991 жылы Борис Ельцин және Леонид Кравчукпен бірге Беловежская Пуща жерінде Совет Одағын ыдыратқан соңғы үкімге қол қойған адам ретінде қалады.
1997 жылы оған 3200 беларустік рубль мөлшерінде зейнетақы тағайындаған адам – президент Александр Лукашенко болатын. Ол уақытта бұл тәп-тәуір ақша еді. Кейіннен оның зейнетақысы 2 доллар мөлшеріне дейін төмендеді, кезінде Шушкевич мұны айтып дабыл қаққан. Бүгінде оның зейнетақысы бір еуроға жетер-жетпес. Ал Беларустағы жалпы бір айлық зейнетақы мөлшері орта есеппен алғанда бүгін 150 доллар шамасында (480 мың 3200 беларус рублі).
АДАМ ҚЫЗЫҚПАС ӨМІР
Құдай біледі, бүгінде 75 жастағы Станислав Шушкевич ақшаға зәру емес. Ол талай жылдан бері Польшаның, Құрама Штаттардың және басқа да елдердің беделді университеттерінде дәріс оқиды.
Сол себепті оның мұнысы таза символикалық сипаттағы әрекет. Бұл символика балтық елдерін қоспағанда постсоветтік кеңістіктің көптеген елдерінің ортақ қасиетін айқын аңғартады.
Бұрынғы социализм әлемінде заң екінші орында қалып отыр, ал билік баяғыша мызғымас күш болып отыр. Жалғыз ғана заң бар, ол – билік.
Міне сол себептен де Станислав Шушкевичтің басындағы жағдайды алдын ала белгілі және болмауы мүмкін емес жағдай деп отырмыз. Биліктен кеткен адамның тағдыры көп мәселеде келесі қожайынның қолына көшеді. Сондай-ақ Шушкевич бүгінде постсоветтік кеңістікте билік жүргізіп отырғандар үшін өзіндік бір көрнекі мысал болып отыр.
Бұл жағдай өмір бойы басқару жүйесін құруға мұқтаждық барын сездіретін автократиялық режимді ақтауға қажет негіз тудырғандай екен. Бұл әсіресе Орталық Азияда айқын көрініс беруде.
Әлбетте, Ресейден бастағанда басқа да елдерде қолға бір тиген биліктің аса таяғынан айырылып қалмауға деген әрекеттенушілік толастамауда.
Қазақстан президентінің жыраққа кеткен бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев «Нұрсұлтан Назарбаев өзінің президенттік тақтан өлмейінше түспейтінін айтты» деп бекерден бекер жар салып жүрмеген болар, оның мұнысы қисынға келіп-ақ тұр. Десе дегендей, Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір бойы билікте отыруын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік жүйенің көптеген шараларынан түпкі мақсатты байқауға болады.
ӨМІРЛІК БИЛІК - ӨМІРЛІК ҮРЕЙ
Қазақстандық президент те, оның көрші елдердегі әріптестері де, Александр Лукашенконың өзі де – ешқайсысы өзін ойша да Станислав Шушкевичтің орынына қойып көре алмайтын болар.
Қойып көре алмайды да, қойып көргісі келмейді де. Біріншіден, олардың ешқайсысы кедей емес. Олар келесі билікке келетін адамға қаржылық тұрғыда тәуелді болмаудың қамын бірінші кезекте жасап тастаған. Жинаған қаражатының әлдеқайда сенімді жерде тұруы үшін олар жиған-тергендерін елден тысқары ұстайды. Әртүрлі нысанда, әртүрлі валютада ұстайды. Бірақ басты нәрсе бұл емес.
Ең бастысы – билікті келесі адамға тапсыру олардың ойында жоқ. Олардың өмір бойы билікте отыру әрекетін тоқтата алатын заң жоқ. Керісінше, барлық заңдар өмір бойына билікте отыруын қамтамасыз етуге ыңғайластырылып жатыр.
Есесіне өте бір күрделі мәселенің шешімі табылған. Аймақта билік үшін күрес мүлдем жоқтың қасы.
Бұл мәселе Ресейде анағұрлым сауаттырақ шешілген. Орталық Азияда бұл мәселе темірбетондық абсолютке дейін жеткізілген. Қоршаған көршілерден қысым көріп отырған Қырғызстан ғана кішкене басқашарақ. Бішкек басқалармен бірдей болғанша қысымшылық жалғаса бермек.
Алайда өмірлік биліктің жұқпалы дертінде тағы бір бацилла бар. Соның әсерінен осынау өмірлік билік астыртын бәсекелестердің үздіксіз нысанасына айналады. Олар билеушінің аяқты шалыс басуын үнемі аңдып отырады, өзі де қисайып бара жатқан адамды білмегенсіп итеріп қалатындар ондайда табыла кетеді. Оның үстіне олар билеушінің тірі күнінде тақты босатпайтынын түсініп, енді оның мүлдем жоқ болып кетуін армандауда.
Сол баяғы Рахат Әлиевтің айтқанындай президент Назарбаевтың өмірі үнемі мазасыз әрі күдікті күйде өтіп жатыр. Себепсізден себепсіз ондай жағдай орнай ма? Станислав Шушкевичтің тағдыры – авторитарлық билеушілердің әрбіріне арналған ескерту дабылы.
(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий Лондонда тұрады және жұмыс істейді. Аутордың бұл мақаладағы жеке көзқарасы мен ой-тұжырымы Азаттық радиосы редакциясының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.)