Қудаланған Қытай басшысы о дүниеден батыс демократиясының үлгісін қолдауға шақырды

Жүздеген мың шерушілер Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңына жиналды. 2 маусым 1989 жыл.

Өмірінің соңғы кезеңін қудалауда өткізген Қытай Компартиясының бұрынғы басшысы Чжао Цзыян қайтыс боларынан бес жыл бұрын естеліктерін таспаға ауызша жазып, оны Батысқа жасырын өткізіп жіберген. Ол «Мемлекет тұтқыны: Чжао Цзыянның құпия журналы» деген атпен биыл жарық көрді.
ҮЙҚАМАҚТА ӨТКЕН 15 ЖЫЛ

Чжао Цзыян 1989 жылы партияның басты бағытына қарсы шығып, Бейжіңдегі студенттер шеруіне қатысушыларды құрбандыққа шалудан беруден бас тартты. Осыдан кейін іле-шала Чжао Цзыян қоғамнан аласталып, оның есімін атауға тыйым салынды. Чжао Цзыян горбачевтік қайта құру ұрандарының ықпалыме реформаторлық қадамға барып, соның салдарынан өмірінің соңына дейін үйқамақта отырды деген пікір бар. Бірақ ол қайтыс болса да өзіне байланысты тыйымды бұзып-жарып, халыққа өзінің саяси мұрасын жеткізе білді.

Жалпы алғанда, посткоммунистік Еуропадағы және постсоветтік кеңістіктегі биліктің жоғары эшелоны батыс демократиясын түсінуге пісіп-жетілдік деп сендіргісі келетін бұрынғы партиялық басшылар мен функционерлерге толы. Олардың бұл мәлімдемелері, әсіресе, осы функционерлер саяси қызметін бұдан да ары жалғастыруға ұмтылатындықтан, үлкен күмән туғызады.

Қалай болғанда да, әлемдегі аса үлкен Компартияның басшысы «елдің дамуы үшін парламенттік демократия – ең жақсы жүйе» деп күнде мойындай бермейді. Және де бұл мойындау ол қайтыс болған соң жарияланған.

1987-1989 жылдары Қытай Компартиясының бас хатшысы болған Чжао Цзыян 1989 жылдың мамыр айынан 2005 жылғы қаңтарға дейін, яғни қайтыс болғанша үйқамақта отырғанда демократияның пайдалылығы туралы байламға келеді.

Үйқамақта отырған Чжао Цзыян, егер Бейжің дамушы елдердің қатарына қосылғысы келсе, онда дамудың демократиялық жолына Қытайдың әйтеуір бір түсетіндігіне сенімді болған. Өйткені, қоғамдық бақылау болмаған, заңның салтанаты мен соттың тәуелсіздігі орын алмаған жерде экономикалық өсудің болуы мүмкін емес.

Бұл институциялар сыбайлас жемқорлыққа бақылау жасау үшін қажет. Бұлардың жоқ болуы Қытайдың дамуы үшін ең басты кедергі болмақ. Чжао Цзыян осы тектес идеяларды құпия түрде таспаларға ауызша жазған мемуарларында келтіріп, оны өзіне келген адамдарға 2000 жылдары беріп жіберген. Шамамен осындай отызға жуық таспа жиналып, жүйеге келтірілген. Биыл оларды «Мемлекет тұтқыны: Чжао Цзыянның құпия журналы» деген атпен жарыққа шығарды.

ЧЖАО ЦЗЫЯН ЖӘНЕ ТЯНЬАНЬМЭНЬ

Чжао Цзыян Қытайда ресми түрде нон грат тұлғасы деп жарияланған. Бірақ, ел ішіндегі және шетелдердегі көптеген адамдар 1989 жылдың мамыр айында Бейжіңнің Тяньаньмэнь алаңындағы демократиялық бағыттағы шерулерден соң орнынан алынған бас хатшыны ұмыта қойған жоқ.

Студенттер шеруін басып-жаншыған соң Қытай әскери күші Тяньаньмэнь алаңына кіре берісті бөгеп тұр. Бейжің, 6 маусым 1989 жыл.
Ол шерушілерге қарсы жазалау шараларын қолдаудан бас тартты. Бұл жазалау шаралары кезінде жүздеген адам құрбан болған еді.

Чжао Цзыянның айтуынша, оның биліктен ығыстырылуына Қытайдың жоғарғы басшысы Дэн Сяопиннің құлағына сыбырлауға мүмкіндігі бар партияның ескі кадрларының тобы ықпал еткен.

Шерушілерді күшпен жазалау туралы шешім Компартияның ішкі ережелерін бұза отырып өткізілген құпия пленумда қабылданған. Өйткені, Чжао Цзыянның айтуынша, ол «студенттерді әскерилердің талауына берген соң бас хатшылықтан бас тартқан».

Ескі кадрлардан құралған партияның жоғарғы басшылары студенттерге қатысты мәселені келісім арқылы шешуге ұмтылған Чжао Цзыянның әрекеттеріне кедергі келтірген. Бұның орнына олар шеруді антипартиялық, антисоциалистік деп айыптап, оны күшпен басу туралы шешімге қол жеткізген.

ДЭН СЯОПИННІҢ ҚОЛДАУЫ МЕН ҚАҺАРЫ

Бұған дейін Чжао Цзыян өндірісте қызмет етіп, недәуір табысқа қол жеткізген еді. 1980 жылдары ол Дэн Сяопин 1978 жылы бастаған экономикалық реформалардың жақтаушысы болды.

Оған дейінгі Қытай Компартиясының бас хатшысы Ху Яобан реформаларды саяси элиталар арасында жүргізуге әрекеттенген соң Дэн Сяопин оны қызметінен ығыстырып, оның орнына, партиялық биліктің ең жоғарғы шыңына Чжао Цзыян келді.

Чжао Цзыян атақты партиялық отбасыдан да шықпаған, әлдебір құдіретті топқа да жатпайтын. Қазіргі қытай билігінде әдетте партиялық пирамиданың шыңына тек осындай жолдармен ғана көтеріліуге болады. Олардан айырмашылығы, Чжао Цзыян қызметте өзінің қабілеттілігі арқылы көтерілген. Осының арқасында жоғарғы билікте оған қамқорлық жасаушылар да болды.

1966-1976 жылдары жүрген пролетарлық Ұлы мәдени төңкеріс кезінде партиялық номенклатураның көптеген әйгілі өкілдері айдалып кеткен еді. 1971 жылы алыста айдауда жүрген Чжао Цзыянды ел көсемі Мао Цзедуннің өзі шығарып алды.

Кейінірек Дэн Сяопиннің тікелей қолдауының арқасында ол бас хатшылық қызметке сайланды. Ал, Дэн Сяопиннің қаһарына ілінген соң ол өмірінің соңына дейін үйқамақта отыруға мәжбүр болды.

Таспаға жазылған естеліктерінде Чжао Цзыян 1997 жылы қайтыс болған Дэн Сяопин әрдайым жүйенің тиімді жұмыс істеуіне ұмтылғанын, бірақ ешқашан жүйенің өзін реформалауға әрекет жасамағанын айтады.

Чжао Цзян 1989 жылы оның өзі де даму үшін бірпартиялы басқару мен коммунистік Конституция жеткілікті, Компартияның Орталық Комитеті тек басқару тәсілін ғана өзгертуі керек деген байламға келгендігін мойындады.

Партия «көптеген әлеуметтік топтар тарапынан саясатқа қатысу мәселесін шешіп, қазіргідей басшылар тобы емес, заң жоғары тұруы керек. Сонда ғана Конституцияда белгіленген көптеген адам құқықтары мәселесі іске асырылады. Бұған «үлкен сөз бостандығы да енеді, бірақ осылар бәрібір партияның басшылық және бағыттаушы рөлі арқылы» болуы керек.

ӨТПЕЛІ КЕЗЕҢНІҢ БІРТІНДЕП ӨТУІ ҮШІН

2000 жылы Чжао Цзыян батыстың парламенттік жүйесін қабылдауға даяр болды. Оның пікірінше, дамушы экономикалар үшін тек сол ғана лайық. Тек сол ғана қоғамдық пікірдің барлық сипаттары мен мен өзгерістерін өз бойына жинай алатындығын дәлелдеді. Бұған қоса дәл осы жүйе ғана барынша тұрақты және динамикалы болып отыр.

Чжао Цзыян егер Қытайда парламенттік демократияны ендіру сәтсіз болса, бүкіл дамушы елдердегі жағдайдың қайталанатындығын айтады: яғни, билік коммерцияланып, сатылуға бейім болады; сыбайлас жемқорлық кең етек жайып, байлар мен кедейлердің арасы одан ары алшақтай түседі.

Бірақ, өз естеліктерінде де Чжао Цзыян өтпелі кезеңнің біртіндеп өтуін жақтап, Компартияның басшылық рөлін біршама уақытқа созып, «жаңа саяси жүйенің барлығын бір мезгілде түгелімен көшіріп алуға болмайды» дейді.

Чжао Цзыян процесті екі бағытта – көп партиялы жүйе және партияның өз ішіндегі демократиялық процедуралар мен нормалардан бастауды ұсынады. Жалпы алғанда Қытай Коммунистік партиясының басында кімдер тұрды және қазір кімдер тұр? Партияның басында патриархтар тұр. Олардың барлығы инженерлік білім алған. Олардың ешқайсысы шетелде білім алған емес. Ал партия қатарында 73 миллионнан астам адам бар. Шамамен Франция мен Бельгияның тұрғындарын қоса алғанда осынша адам болса керек.

Әсіресе Шығыс Еуропа мен СССР-да реформалар басталған соң онда болған оқиғалармен салыстыра қарағанда осынадай ұзақ өтпелі кезеңнің боларына Чжао Цзыян қаншалықты сенді? Бұл процесс басталар тұсында-ақ дәл осы бірпартиялы жүйені тығырыққа алып келген жоқ па?

Чжао Цзыян қытайдың саяси эволюциясы үшін мүмкін болар модельдер ретінде Тайвань мен Оңтүстік Кореяны мысалға келтіреді.

ГИБРИД-МЕМЛЕКЕТ

Шынтуайтына келгенде, Қытайдың Коммунистік партиясы өте құдіретті, бір-бірімен жау кландар мен отбасылық топтардың қолында. Басты саяси мәселеде олардың арасында алшақтық жоқ. Елдегі саяси реформалар 1989 жылы-ақ тоқтаған болатын.

Және осының нәтижесінде кейбір шолушылар бұны «гибрид-мемлекеттің жаңа түрі» дейді. Басқалар әбден пісіп-жетілген фашистік құрылыс жайында айтады. Ал Қытай Компартиясы осы күнге дейін Дэн Сяопин ойлап тапқан «қытайлық кейіптегі социализм» деген сипаттаманы қолданады.

Осылардың барлығына қарамастан Чжао Цзыян өз отандастарын уақыттың тынымсыз өтіп бара жатқандығы жайында ескерткен. Ол 1911 жылғы Қытай революциясының атасы Сунь Ятсеннің сөздерін келтіреді:«Әлемдік тенденциялар өте үлкен және аса құдіретті. Оларға ілескендер – гүлденеді, ал қарсыласқандар – күйреп тынады».

Бұл сөздің мағынасы кеңінен танымал болған мына бір сөйлемге де келеді:«Кешіккендерді өмірдің өзі жазалайды». Бұл цитатаны, қателікпен, Чжао Цзыян Бейжіңде кездескен советтік Компартияның бас хатшысы Михаил Горбачевқа таңады.

(Пэтрик Муур «Азат Еуропа»/ «Азаттық» радиосының саяси талдаушысы болып жұмыс істеді. Қазір ол Германияда тұрады. Аталған мақалада Пэтрик Муур өзінің жеке көзқарасын білдірген. Ол Азаттық радиосы редакциясының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін.)