Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын тапсыру рәсімінің ең негізгі бөлігі 70 жылда бірінші рет кейінге қалуы мүмкін. Қытай үкіметі бұл шараның өткізілмеуін қалайды.
Бірқатар елдердің елшілері, оның ішінде Ресей, Қазақстан және Ирақ дипломаттары алдағы айда Ослода өтетін салтанатқа қатыспайтынын айтқан.
АВТОРИТАРЛЫҚ ӘДІС
Биыл Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының қытайлық диссидент Лю Сяобоға берілетіні жарияланған соң Қытай Ослодағы салтанатты болдырмау мақсатында қарқынды науқан бастады.
Бейжіңнің бұл әрекеті зая кетпегенге ұқсайды. Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығы алдағы айда Ослодағы рәсімде тапсырылмауы мүмкін. Себебі лауреаттың өзі түрмеде отыр. Ал Қытай үкіметі Лю Сяобоның отбасы мүшелерінің де Ослодағы салтанатқа қатысуына рұқсат бермеуі ықтимал.
Норвегиялық Нобель комитетінің ережелеріне сәйкес, Бейбітшілік бойынша Нобель медалі, дипломы және 1.4 миллион долларлық сыйлығын тек лауреаттың өзі немесе оның отбасы мүшелері ғана ала алады.
54 жастағы Лю Сяобо «мемлекеттің іргесін шайқамақ болды» деген айыппен 2009 жылы 11 жылға түрмеге жабылған болатын. Жазасын өтеп жатқан Лю қазір қамауда. Оның жұбайы үйқамақта отырса, туыстары полицияның жіті бақылауына ілінген деп хабарлайды бірқатар Батыс баспасөзі.
Норвегиялық Нобель комитетінің хатшысы Гэйр Лундестадтың мәлімдеуінше, Людің отбасы мүшесі болмаса да, Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын тапсыру шарасы бастапқы жоспарға сәйкес желтоқсанның 10ы Ослода өтеді.
Рәсім барысында Людің телефон арқылы жолдаған хаттары оқылады. Сонымен қатар салтанатта оның бұрынғы жұмыстарына сілтеме жасалуы мүмкін.
ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ИШАРА
Лундестадтың айтуынша, 36 елдің дипломаты Ослодағы рәсімге қатысатындарын растаған. Алайда Бейжің шетелдік үкіметтерді Ослодағы шараға бойкот жариялауға шақырған соң бірқатар мемлекеттер, оның ішінде Қазақстан, Ресей, Куба, Ирақ және Морокко дипломаттары салтанатқа қатысудан бас тартқан.
Азаттық радиосы Қазақстан елшісінің шешімін анықтау үшін Ослодағы Қазақстан елшілігімен хабарласты. Өзін комендантпын деп таныстырған адам дүйсенбі немесе сәрсенбі күндері хабарласуымызды сұрады.
«Қазір бұл сұрағыңызға жауап бере алмаймын. Мен комендантпын. Дипломатиялық персоналдың бәрі қарашаның 22-нен немесе 24-нен бастап, елшілікте болады. Сол кезде звондаңыз, олар жауап береді», - деді Ослодағы қазақ елшілігінің қызметкері.
Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі Нобель сыйлығын тапсыру рәсіміне қазақ дипломаттарының қатыспайтынын растады. Бірақ, Астана бұл шешімнің ешқандай саяси астары жоқ екенін ескертеді. Қазанның 19-ы сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров Қазақстанның Нобельсыйлығын тапсыру шарасына қатысудан ресми түрде бас тартпағанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, Ослодағы Ресей елшілігінің баспасөз хатшысы да Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын тапсыру рәсімі кезінде елшінің жұмысқа қатысты басқа себептерге байланысты Норвегияда болмайтынын айтты.
Ресейдегі адам құқықтарын қорғаушылар Мәскеудің шешімін сынап отыр. Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының тапсыру салтанатына соңғы рет 1936 жылы лауреат келмей қалған. Ол кезде сыйлық иегері неміс журналисі Карл Оссетзкидің нацистік Германиядан шығуына тыйым салынған болатын.