Ескерткіш жайында елдің айтары бар

Керей мен Жәнібек ескерткіші. 1 маусым 2010 жыл.

Қазақтың тұңғыш хандары Керей мен Әз Жәнібекке орнатылған ескерткіштің сәулеттік сұлбасына қатысты әрқилы пікірлер айтыла бастады. Көптің көңілін күпті еткен бір ғана сауал: Қазақ хандығының негізін қалап, аты аңызға айналған тұлғалар неліктен атқа қонбады екен? Мүсіншілердің осынау туындысын әркім әрқалай бағалап жатыр.

«КЕНЕСАРЫ АТҚА ҚОНЫП, КЕРЕЙ БОС ЕРДІҢ ҮСТІНДЕ ОТЫР»

– Ұлы хандардың бірінің ер-тұрманда отыруы, ал екіншісінің оның жанында ту ұстап тік тұруы қай жағынан алғанда да еш үйлесіп тұрған жоқ. Тағы бір түсінбейтінім – Керей хан бос ердің үстінде отыр. Неге таққа немесе сән-салтанаты келіскен сәйгүлікке отырғызылмаған. Бұл сәулеттік туындыға батырларға тән қайсарлық, өжеттік пен өр рух беретін еді, – дейді еңбек ардагері Боранбай Өтемісов.

Кездейсоқ Астанадағы ескерткіштің ашылу салтанатының үстінен түскен 68 жастағы ақсақал:

Қазақ ханы Кенесары Қасымұлына қойылған ескерткіш. Астана, қазан. 2009 жыл

– Ер қанаты – ат. Жаугершілік заманда найзаның ұшымен, білектің күшімен жаулардан жерін қасық қаны қалғанша қорғаған батырларымыздың сенімді серігі астындағы тұлпарлары болатын. Мәселен, Астанада соғылған Кенесары хан да атқа қонып, аттандап тұр. Алтай мен Атырау арасындағы кең байтақ қазақ жеріндегі даңқты хандардың ескерткішінің көбісі ауыздығымен алысқан тұлпарларымен мүсінделген, – дейді.

Осылайша, тарихтан мол хабары бар Боранбай Өтемісов, Жәнібек пен Керейдің қаражаяу қалғанына өкінішін білдірді.

«ЕСКЕРТКІШТЕН САЯСИ МӘСЕЛЕ ЖАСАДЫҚ»

Белгілі тарихшы Қойшығара Салғариннің айтуынша, ескерткішке бола тырнақ астынан кір іздеудің қажеті жоқ. Ер-тоқым – ұлтымыздың ұғымында қастерлі ат әбзелінің бірі.

– Жорық пен жолсапарда жүрген қазақ тоқымды астына төсеп, ал ердің өзін басына жастайтын, – дейді жазушы.

Сөзін сабақтай келе: «Ескерткіштен айтарлықтай мін көріп тұрғаным жоқ, оның үстіне хандарды атқа қондырмадық деп шу шығарудың қажеті шамалы. Онсыз да ескерткіштен саяси мәселе жасадық. Бұл меніңше, дұрыс емес», – деп сөзін түсіндіреді жазушы.

«ПРЕЗИДЕНТ МҰРАЖАЙЫН КӨЛЕГЕЙЛЕП ТАСТАЙТЫН ЕДІ»

Назарбаев мұражайы. Aстана, маусым. 2009 жыл.

Ескерткіш жобасын таңдау кезінде арнайы комиссияның мүшесі болған Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған хандардың атқа қонуына қарсы еместігін айтады.

– Бірақ, сәулет туындысына бөлінген орын оған сай емес. Егер хандарды атқа қондырсақ, Президент мұражайының ғимаратын көлегейлеп тастайтын еді, – дейді Қазақстан білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының директоры.

Ал Керей мен Жәнібек ханның мүсінін жасаған Ринат Әбенов тілшілермен тілдесуден әлі күнге ат-тонын ала қашады.