Қазақстанда интернет жүйесі жыл сайын дамып келе жатқанымен, қазақ қаламгерлері интернеттің мүмкіндігін толық пайдалана алмай келеді. Жазушылардың көбісі компьютердің өзін «үйренбеген дүниеміз» деп қабылдайды. Десе де Қытайдағы қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының еңбегі интернеттегі бәйгенің жеңімпазы атанды.
Ғаламторда қазақ жазушыларының шығармаларын бағалап, саралайтын, қазақ сайттары жұмыс істей бастады. Соның бірі қараша айында, www.arzu.kz сайты қазақ әдебиетіне қосқан үлесі үшін «Алтын қалам» сыйлығын Қытай түрмесінде ұзақ жылдар отырған қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлына беріп отыр.
Әдеби жүлдені ұйымдастырушылар өздерінің мақсаты - интернет кеңістігінде қазақ қаламгерлерінің еңбегі мен шығармаларын кеңінен таратып, көркем әдеби шығармаларды оқырмандарға насихаттау екенін айтады.
Сол сияқты, Қазақстанда жыл сайын өткізілетін AWARD.kz ұлттық интернет-жүлдесінің биылғы жеңімпаздары қатарында қазақ әдебиетіне арналған adebiet.kz порталы «Мемлекеттік тілдегі үздік сайт» деп танылды.
Осылайша жекелеген әдеби сайттар қазақ қаламгерлерінің шығармаларын интернет кеңістігі арқылы насихаттауға күш салып жатыр.
Қазақ жазушылары интернеттің қаламгер үшін пайдасы зор екенін жоққа шығармағанымен, орта буын қаламгерлер компьютердің өзін алынбас қамалдай көреді. Ал жас қаламгерлер болса, өздерінің жеке сайттарын ашып, интернеттегі алғашқы әдеби жүлдеге де ие болып жатыр.