Иран билігі оппозициямен күресте SМS-хабарларды тоқтатуға әрекеттенуде

Ирандық әйелдің қолындағы мобильдік телефонда Иранның ең жоғарғы дінбасы – аятолла Хаменеи мен Иран Ислам Республикасының негізін қалаған аятолла Хомейни бейнеленген. Теһрандағы оппозиция наразылығы. Желтоқсан, 2009 жыл.

Қарсылық шараларын өткізу үшін SМS-хабарлар мен электронды пошталарды белсенді пайдаланған оппозицияның әрекетін қылмыс деп бағалаған Иран полициясы бұл үшін қатаң жазалайтынын айтып қорқытуда.

SМS ҮШІН ЖАЗАЛАУ

Иран полициясының басшысы оппозиция жақтастарын SМS-хабарлар мен электронды поштаның көмегімен ұйымдастырылып жатқан үкіметке қарсы митингтердің арты жақсы болмайтындығы жайында ескертті. Бұл ескерту оппозицияның қарсылық шарасынан соң Иранда бұқаралық ақпарат құралдары қысымға алынып жатқан кезде жасалды.

Иран полициясының басшысы Исмаил Ахмади Могаддам үкіметке қарсы шерулер – қылмыс, ал оны ұйымдастырушылар ауыр
Теһрандағы үкіметке қарсы наразылық. 27 желтоқсан, 2009 жыл.
жазаланады деді. Ол, сонымен бірге, оппозиция жақтастарын әрбір SМS-хабарлама мен электронды пошта арнаулы қызметтердің бақылауында тұр деп ескертті. Осылайша Иран билігі елдегі жаңа толқуларды баспақ.

Соңғы кездері, әсіресе өткен жылдың маусым айындағы президент сайлауынан кейін елде бұрқ ете қалған қарсылық шаралары кезінде, ұялы телефондар мен электронды пошта Иран оппозициясының өз жақтастарымен хабарласатын негізгі тәсіліне айналғанын айта кету керек.

Оппозиция жақтастары шерулерді ұйымдастыру, сонымен бірге өзге де ақпараттар мен суреттерді тарату үшін SМS-хабарламалар мен электронды поштаны пайдаланды. Бұған қоса, бұл хабарлар шетелдік БАҚ-тар үшін маңызды ақпарат көзі болды. Ал оларға Ирандағы оппозицияның қарсылық шараларын таратуға тыйым салынған.

Алайда, полиция басшысы Исмаил Ахмади Могаддамның айтуынша, Иранның күштік органдарының бұл хабарламаны жіберушімен қоса оны алушыны да бақылауға алуға мүмкіндігі бар. Ол анонимді прокси-серверлер пайдаланушының кім екендігін анықтауға кедергі бола алмайды деп ескертті полиция басшысы.

МЫСЫҚ ПЕН ТЫШҚАН ОЙЫНЫ

«Азат Еуропа/Азаттық» радиосының технологиялар жөніндегі директоры Люк Спрингер Ирандағы «тиым салынған» ақпаратты таратуға байланысты туындаған жағдай оның есіне мысық пен тышқан ойынын салады дейді.

– Олардың проксилері мүлдем қорғансыз емес, бірақ оларға бақылауда болу және сүзгіден өту қаупі төніп тұр. Нәтижесінде не болады? Сіз мысық пен тышқан ойынындағыдай жағдайда қаласыз. Тышқан бір прокси-серверден екіншісіне қаша бастайды. Алайда, мұндай жағдайда мысық барған сайын ақылды болып, тышқан тығылған проксиді анықтап, оны жабады. Олар оны сүзгіден өткізе бастайды. Бұл үшін сіз қолдануға болатын желілік құралдар бар. Арнаулы қызметтер оларды бірінен соң бірін жапқанымен, адамдар бұл жүйені айналып өтудің жаңа тәсілдерін табуға тырысады, – дейді Люк Спрингер.

Иран полициясы басшысының ескертуі өткен жылғы желтоқсан айындағы оппозицияның қарсылық әрекетінен соң үкімет БАҚ-тарды
Теһрандағы үкіметке қарсы наразылық айтып шыққандардың толқуын басқан полиция оларға қарсы қару қолданды. 27 желтоқсан, 2009 жыл.
қысымға алып жатқан кезде жасалды. Сол жолғы полиция мен оппозицияның қақтығысы барысында, кем дегенде, сегіз адам мерт болған.

Қаңтардың екінші жартысында қоғамда үгіт жүргізу үшін жала мен өтірік таратты-мыс деген сылтаумен билік «Хеммат» консервативті газетін жапты. «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының Иран қызметі – «Фарда» радиосы хабарлағанындай, Иранның мәдениет және исламдық бағыт министрлігі егер басылым осылай қызмет етер болса, жұмыстарының тоқтатылатындығы жайында алты газетке ескерту жіберген.

Ескерту алған газеттердің ішіндегі ең маңыздысы – «Ислам Республикасы» газеті. Оппозицияның қазіргі жетекшісі Мир Хосейн Мусави оның алғашқы редакторы болған.

Өз кезегінде, мәдениет және ислам бағыты министрлігі, бұл газеттер хабар тарату барысында
Теһрандағы наразылыққа қолдау білдіру шарасы. Жасыл түс наразылық танытушыларға қолдауды, ал қызық түс – шерушілердің қаза болуына байланысты көңіл айтуды білдіреді. Париж, 29 желтоқсан 2010 жыл.
Ирандағы мұсылман діни басшылығының өкілі, ұлы аятолла Юсуф Саноийдің сөздерін бұрмалады деп мәлімдеді. Он жылдан астам уақыттан бері Юсуф Саноий ірі діни қайраткер болып табылады, ол ислам мәселесі бойынша пікірін жиі білдіріп отырады.

Алайда, өткен жылғы маусым айындағы сайлаудан соң оның «Жасылдар қозғалысын» қолдауы Кум қаласындағы діни мекемелер тарапынан сынға ұшырады. «Жасылдар қозғалысының» Иран халқының сайлау қорытындысына наразылығынан соң пайда болғанын айта кету керек. Бүгінде осы қозғалысқа біріккен оппозиция биліктің өзі санасатын қуатты күшке айналды деп есептейді сарапшылар.

ҰҚСАС САЯСАТ

Ливанда тұратын иран журналисі және теологы Мохаммад Джавад Акбареин «Фарда» радиосына құқық органдарының ескертуі туралы айтып берді.

«Бұл үкімет ешкіммен де келісімге келмейді. Бұл үкімет бір ғана шындыққа сенеді. Ал дәл осы абсолютті шындыққа қарсы шығатындар, жойылады», – дейді Акбареин.

Осы тұста саясат ғылымдарының докторы, лондондық Шығыс және Африка елдерін зерттеу мектебінің БАҚ-тар және кинематография
Иран билігі тосқауыл қойғандықтан бірқатар сайттар ол елде ашылмайды.
үшін зерттеу орталығының оқытушысы Масума Торфа Азаттық радиосының тілшісіне Иран және Қазақстан биліктерінің саясаттарында интернетті бақылауға алуға байланысты ұқсастықтың барын айтты.

Оның айтуынша, Иран билігі оппозицияның барлық веб-сайттарын қатаң бақылауға алып, оларға тосқауыл қояды және жауып тастайды. Сонымен бірге, арнаулы қызметтер жастарға жалған ақпарат беру үшін де веб-сайттарды пайдаланады. Алайда, осындай қиындықтарға қарамастан, Иран жастары өз веб-сайттарының аттарын өзгертіп, бұл жайында біріне бірі блогтар арқылы хабарлайды дейді Масума Торфа. Масума Торфаның айтуынша, дәл осыған ұқсас оқиғаны ол өткен жылы шілде айында Қазақстандағы сөз бостандығын зерттеген кезде де байқаған.

– Барлау барлық жекеменшік блогтарды да оқып, адамдардың тұрған орнын бақылап отырады. Арнаулы қызметтер әлеуметтік желілердегі, блогтардағы жеке әңгімелерді шығарып алып, бұл ақпаратты жастарға қарсы пайдаланады. Бірақ, ақпарат көздерін азайтқандары болмаса, олардың ешқайсысы жастарды тоқтата алмады. Жастардың көпшілігі өздерінің ұялы телефондарына мәтіндерді жазады, хабарларды, фотосуреттер мен фильмдерді кодтайды. Осылайша олар шерулерді бірнеше минуттардың ішінде ұйымдастыра алады. Қазақстандық блогшылар оларды арнаулы қызметтердің бақылап отыруы мүмкін екендігін біледі. Өйткені арнаулы қызметтер интернет-компаниялардан бұл жайындағы ақпараттарды талап етіп отырады. Қазақстан үкіметі сияқты Иран үкіметі де оппозициялық газеттерді, оның ішінде интернет-газеттерді жабады. Алайда, бұл газеттердің редакциялары басылымдарының атын өзгертіп, қайтадан шыға бастайды, – дейді Масума Торфа.