Қойма өртеніп кеткен, трактор жоқ, ал Мәсімовтің әкесі 13 жыл қатарынан ақталумен келеді

Зейнеткер Оразалы Сақаев Азаттықтың Алматыдағы бюросында. Шілде, 2009 жыл.

Оразалы Сақаев осыдан 13 жыл бұрын одан қоймаларды сатып алып, осы уақытқа дейін ақшасын төлемей келе жатқан Қажымқан Мәсімовке қатысты арызын жалғастыруда. Бұл айтыс-тартыс банкир Кәрім Мәсімовтің қызмет сатысымен жоғары өрлеуінен көп бұрын басталған-ды.
МӘСІМОВТІҢ ӘКЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Оразалы Сақаев осыдан 13 жыл бұрын тасы өрге домалаған кәсіпкер болатын. Бүгінде ол баспанасыз зейнеткер, жасы 68-де. Оның әйелі тіркеуде болмағандықтан, зейнетақысын ала алмай отыр. Азаттық радиосының тілшісіне ол өзін осылай таныстырды.

Оразалы Сақаевтың айтуынша, 1996 жылы «Қуаныш» кәсіпорнының басшысы болған ол «Мантра» компаниясына Алматы облысының Байсерке стансасындағы қоймаларды сатқан. Сол жылдары «Мантра» компаниясының президенті болашақ премьер-министрдің әкесі Қажымқан Мәсімов еді.

Оразалы Сақаевтың айтуынша, қойма үшін ол жылдың соңына дейін құрал-жабдықтары бар екі шағын трактор алуы тиіс болатын. Егер төлемді кешіктірсе, сатып алушы жылына 200 пайыз айып төлеуге уәде берді. Бұдан бөлек, келісімшартқа сәйкес, әлдебір «Харэ» атты компания Оразалы Сақаевқа 2000 долларды қосымша төлеуге уәде берген. Бұл келісімшарттың жасалғанына 13 жыл болды. Алайда осы бір бизнес-операция Мәсімовтің баласының қызметі өскен сайын дау-дамайлы жанжалдың негізгі тақырыбына айналды.

Оразалы Сақаев полицияға арызданған. Онда Қажымқан Мәсімовке қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол іс Сақаевтың ойынша кейін тоқтатылған.

Кәсіпкер осыдан тоғыз жыл бұрын, төлем мерзімінің өтіп кеткендігін есепке ала отырып, «Мантра» және «Харэ» компанияларынан 20 миллион 255 мың 760 теңгені өндіру туралы Алматы облысы Іле ауданының сотына талап арыз түсірген. Сот Оразалы Сақаевтың талабын қанағаттандырған. Бірақ, «Харэ» компаниясын жауапкерлер тізімінен шығарып, барлық міндеттемені «Мантра» компаниясына артқан.

Сол жылы Іле ауданының прокуроры қарсылық білдіргенімен, бірақ ол қанағаттандырылмаған.

Сот орындаушылары іске кірісер кезде «Мантра» компаниясы банкрот деп танылған. Бұдан соң Оразалы Сақаев қайтадан Іле аудандық сотына арызданған. Бұл жердегі ұзаққа созылған тексерулерден соң «Мантра» компаниясының мемлекеттік кәсіпорын екендігі
анықталады.

Осының негізінде сот орындаушылары Қаржы министрлігінен сот шешімін орындауды талап етті. Бірақ ол жақтан «Қаржы министрлігі сот шешімін «Мантра» акционерлік қоғамының өзі орындауы керек деп есептейді» деген жауап алады.

Біршама уақыттан соң Іле аудандық сотының Сақаевтың пайдасына ақша өндірілуі керек деген шешімі Алматы облыстық сотының қадағалаушы алқасында бұзылады. Сақаев бұл шешім бойынша қайта шағымданбақ болды, бірақ нәтиже жоқ.
Қазақстан премьерінің әкесімен соттасып жүрген зейнеткер Оразалы Сақаев құжаттарын көрсетіп тұр


САҚАЕВТЫ АЛАЯҚТЫҒЫ ҮШІН АЙЫПТАДЫ

2006 жылы Оразалы Сақаевқа қарсы «алаяқтық арқылы мемлекет қаржысын иемденбек болды» деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Бұл кезде Мәсімовтің баласы Кәрім Мәсімов Қазақстан үкіметін басқарып отырған. Ал оның әкесі Қажымқан Мәсімов қарсыласының алдында күннен күнге үлкен нысанаға айнала бастайды.

Оразалы Сақаевқа тағылған айыптың мәні мынада. Ол 2005 жылы Іле аудандық соты шешімінің бұзылуына қарамастан әуел бастағы атқару парағының дубликатын алып, оны Сот әкімшілерінің Іле территориялық комитетіне тапсырған.

Осы құжаттың негізінде сот орындаушылары Сақаевқа ақша төлеу жөнінде Қаржы министрлігіне инкассалық бұйрық жібереді. Сәл кейінірек Оразалы Сақаевқа қарсы қылмыстық іс тоқтатылды. Тергеуші «Сақаев мемлекеттің ақшасын иемденуді көздеген жоқ, сот шешімінің негізінде әрекет етті» деген байламға келді.

Зейнеткер Оразалы Сақаев Қажымқан Мәсімовке сенбейді және шындыққа халықаралық ұйымдар арқылы жеткісі келеді:

- Кәрім Мәсімовтың әкесі Қажымқан Мәсімовпен соттасуым бірінші жыл емес, сондықтан оның ұлы үкімет басқарып тұрғанда оны жеңудің мүмкін еместігін өз тәжірибемнен білемін. Мәсімов үкіметте отырғанда маған шындыққа жету қиындау. Сот өкілдері бұл істегі Мәсімовтің фамилиясын көрісімен бірден онымен соттаспауымды сұрайды. Сол себепті мен халықаралық сотқа шағымданғым келеді, - деді Азаттық радиосының тілшісімен болған әңгімесінде Оразалы Сақаев.

Бұл жерде бір кілтипан бар. Ресми Астана тиісті халықаралық келісімдерге қол қоймағандықтан, Қазақстан азаматтары әзірге халықаралық соттарға жүгіне алмайды.

ҚАЖЫМҚАН МӘСІМОВ: «МЕН ОНЫМЕН БӨЛЕК СӨЙЛЕСЕМІН»

Бүгінде Оразалы Сақаев Қажымқан Мәсімовтен өз ақшасын өндіре алмай, сотта да әділдікке жете алмай жүргенін айтады:

- Мен Қажымқан Мәсімов дұрыс істемей отыр деп есептеймін. Өйткені, осы арқылы ол өзінің ұлының атына кір келтіреді. Егер оның ұлы үкіметті басқарып отырса, онда ол өз жұмысын өте ұқыпты жүргізуі керек, - деп есептейді Оразалы Сақаев.

Өз кезегінде Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан Мәсімов өзінікін дұрыс деп, Оразалы Сақаевты бопсалауға барып отыр деп кінәлайды. Азаттық радиосына берген сұхбатында Қажымқан Мәсімов Оразалы Сақаевпен жеке кездесетінін айтты:

- Әңгіменің мәнісі мынада. Ол келісімшартты қытайлықтардың өкілі болып табылатын әлдебір Оразымбай деген кісімен жасаған. Бұл қытайдың тракторы болатын. Ол айла-шарғыға барды, біз оған сеніп, қойманы тексерместен келісімшартқа қол қойған едік. Сөйтсек, қойма өртеніп кеткен екен. Енді ол: «Қойма келісімге қол қойғаннан соң барып өртенді» дейді. Мен одан қабылдау актісін талап етіп отырмын. Тракторларды қабылдау актісін, қойманы қабылдау актісін, т.с.с. Ол ыңғайы келген кезде бұны еске алып, өтірік ақымақ болып отыр. Мен онымен бөлек сөйлесемін. Оған осылай деп айтыңыздар, - деді Қажымқан Мәсімов.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СОТТАР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА КӨМЕКТЕСЕ АЛМАЙДЫ

Алматы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина Азаттық радиосының тілшісімен әңгімеде Оразалы Сақаевқа өз құқын БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы арқылы қорғауға әрекеттену үшін кемінде бір жыл күтуі керектігін айтты.

- Страсбургте Адам құқықтары жөніндегі халықаралық сот бар. Оған ЕуроОдаққа кіретін немесе Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық конвенцияны ратификациялаған мемлекеттердің азаматтары шағымдана алады. Қазақстан бұндай елдердің қатарына жатпайды. Сондықтан, Страсбург сотының юрисдикциясы біздің елдің азаматтарына жүрмейді.

Ал БҰҰ институттарына келер болсақ, Нинель Фокинаның айтуынша онда Адам құқықтары жөніндегі комиссия бар. Қазақстан азаматтары оған болашақта шағымдана алар, бірақ әзірге ол мүмкін емес.

- Бұл сот емес, комиссия. Сондықтан, ол жерде өзге механизмдер жұмыс істейді. Бірақ біз әзірге азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі пактінің Факультативтік хаттамасын ратификациялау жөніндегі процедуралардың барлығын бітірген жоқпыз. Сол себепті әзірге біздің азаматтарымыз бұл комиссияның юрисдикциясына жатпайды. Барлық процедураларды бітіру үшін шамамен әлі бір жылдай күту керек, - дейді Алматы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина.

Осы жылдың көктемінде 130 адам премьер-министр Кәрім Мәсімовтің әкесінің үстінен шағымданып, оған қарсы шыққан болатын. Өз құқын қорғамақшы болған Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері Астанаға келіп, қарсылық акциясын өткізді. Қаржы полициясының бас кеңсесінің алдында олар дәл сол Қажымқан Мәсімов басқаратын «ХАС ЕР КЗ» құрылыс компаниясының басшылығына қатысты шара қолдануды талап еткен.

Олардың айтуларынша, Қажымқан Мәсімов шымкенттік кәсіпкерлерге цемент жіберу жөніндегі міндеттемесін орындамай, оларға 77 миллион теңге қарыз болып қалған.

Үлкен Мәсімовке қатысты осы бір алғаш жария болған ірі жанжалдан соң кәсіпкерлердің бірқатарына ақша төленіп, кейбіреулері оны әлі ала алмай жүр.