Беларус КГБ-сына қарсы бас көтерген бұрынғы жансыздың сыры

Арнайы қызметтерге жұмыс істегенін мойындаған Сергей Гаврилин «Неміс толқыны» радиосының редакциясында. Берлин, тамыз, 2009 жыл.

Беларус азаматы Сергей Гаврилин КГБ-ның тапсырмасы бойынша беларус оппозициясының артынан төрт жыл бойы өзінің тыңшылық жасағаны туралы баяндаған «Деректер күнделігін» интернет арқылы жария еткен. КГБ-нің көлеңкесі қазақ оппозициясын да төңіректеп жүр.

КГБ-ның ЛАС ІСТЕРІ


Елу беттен тұратын «Деректер күнделігінде» Сергей Гаврилиннің жансыздық қызметке қалай тартылғаны, қалай оппозицияға еніп, өз қаласы Гомелдегі оппозициялық қозғалыс туралы КГБ-ға ақпарат беріп тұрғаны жайлы егжей-тегжейлі жазылған. Сонымен қатар, Гаврилин өз жазбаларында жергілікті оппозиция жетекшілеріне қарсы ауыр айыптаулар айтып, олардың кейбір ісі жайында куәлік келтірген.

«Мен қателік жібердім. Мен күнәлімін, – деп жазады Сергей Гаврилин күнделіктің кіріспесінде. – Бұдан былай ешкімге өтірік айтқым келмейді. Шыншыл болғым келеді. Жұрттың маған сенгенін қалаймын».

Әрине, біреулер бұрынғы құпия қызметкерді КГБ-ның былықтарын әшкерелегені үшін мақтады. Енді біреулер бұл күнделікті КГБ-ның елдегі онсыз да жік-жікке бөлініп, бытыраған оппозицияның одан сайын беделін түсіруге әрекетті деп қабылдады. Беларустік органдар болса, аузына су құйып алғандай үнсіз отыр.

Сергей Гаврилин оппозицияда тамаша адамдарды жолықтырғанын жазады. Әйткенмен, ол беларус оппозициясының толығымен КГБ-ның бақылауында екенін айтады.

Бұған қоса Гаврилин жекелеген оппозициялық белсенділердің шетелдік гранттарды бас пайдасына жаратқанын айтып кінәлайды.

ПАТША ЗАМАНЫНАН КЕЛЕ ЖАТҚАН ӘДІСТЕР

Оппозицияны құпия қызмет өз бақылауында ұстайтыны постсоветтік кеңістікте ешкімге таң емес. Бұл нәрсе советтік кезеңнің алдында пайда болған. Постсоветтік кеңістіктегі үкіметке қарсы топтарға іштен әсер ету үшін немесе беделін түсіру үшін құпия агентураны пайдалану дәстүрі сонау патша заманынан келе жатқан әдіс.

Сталин патшалық күзеттің агенті болған деген аңыздар әлі күнге ұмыт болар емес, әуелі, оны дәлелдейтін құжаттар болған деген де сыбыс бар. Ол құжаттардың (әлдебір «Виссарионның папкалары» дегендер) табылуы Балицкий, Якир, Гамарник және Тухачевский секілді совет қайраткерлерінің 1930-ыншы жылдары өмірмен қош айтысуына себеп болған.

Патшалық әдістердің советтік дәуірде әбден тамыр бекіткені сондай, алып елдегі қоғамды құпия қызметкерлер, жансыздар, штаттық және штаттан тыс аңдушылар басып қалды.

1960-1970 жылдары да жансыздық кеңінен қолданыста болды. Ол заманда чекистер диссиденттер мен адам құқын қорғаушыларды қасындағы замандастарына аңдытып қоятын, олардың қызметі бөтен саналы адамның әрбір қадамын аңдып отыру болатын.

РАХАТТЫҢ АЙТҚАНДАРЫ ЖОҚҚА ШЫҒАРЫЛУДА

Бұл тақырып бүгінгі қазақстандық оқырман үшін де таныс. Әсіресе, оппозицияның үнемі заң орындарының, әсіресе КГБ-ның тікелей бақылауында болатыны тіпті де жаңалық емес.

Қазақстандық оппозицияны «қалтадағы оппозиция» деп жиі айтады. Бұл тұрғыда оппозицияның атына айтарлықтай өткір сын жолдаған Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы – батысты барып паналаған Рахат Әлиев болды.

Оның айтуынша, іс жүзінде елде ашық оппозицияда жүрген қозғалыстардың негізгі бөлігі қазақстандық
Жармахан Тұяқбай, Қазақстанның жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы. Алматы, 16 маусым 2009 жыл.
биліктің ұшар басынан бата алып, КГБ-ның бақылауында қызмет атқарып келеді. Оппозицияны қолдаудың қаржылық мәселелері де, Рахат Әлиевтің айтуынша, ел басшылығының құзырында.

Әлиев бірнеше рет «КГБ-ден жіберілген жансыздар» туралы өз долбарын көпшілікке ұсынды, мистикалық телефондық әңгімелердің аудиофайлдарын таратты, өзінің «Өкіл қайын ата» кітабында банкеттен түсірілген фотосуреттерді жарыққа шығарды.

Ол өз пікірі бойынша жалған оппозиционерлер деп санайтын адамдарды атады: Жармахан Тұяқбай және Болат Әбілов. Ал бұл мырзалар оны жоққа шығарды, сенімді түрде және ашық жоққа шығарды. Сірә, бұның анық-қанығы болашақта белгілі болатын шығар, ал, әзірге Қазақстаннан құпия жайттарды ашудың иісі де сезілмейді!

Биылғы жылы тамыз айында Болгарияда нда осы іспеттес бір жанжал шықты. Ол елде коммунистік заманда
«Азат» партиясының лидері Болат Әбілов.
мемлекеттік қауіпсіздік агенті болған алдыңғы қатарлы болгар журналистері мен радио- және телеарналардың қожайындарының тізімі жарияланды.

Грузиядағы және Украинадағы «барқыт революция», Қырғызстандағы кландық төңкеріс, өзбектің Әндіжанындағы жаппай толқу уағындағы әрекеттерден байқағанымыздай, бірқатар ТМД елдерінің құпия қызметтері барлық уақытта да билеуші режимді ауыстыру әрекетіне тосқауыл қоюға тырысады.

Дей тұрғанмен, Сергей Гаврилиннің жазбаша мойындаулары бірнеше апта бойына сол беларус оппозициясы өкілдерінің арасында өте қызу пікірталастың тақырыбына айналып отыр.

(Мақалада журналист Александр Народецкийдің жеке көзқарасы білдірілген, ол Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).