Қаратомар қорғаны зерттеуді күтіп тұр

«Тобыл ойшылы». Қостанай тарихи-өлкетану мұражайында тұрған мүсін. Қыркүйек, 2009 жыл.

Қостанай мемлекеттік университетінің археологиялық тобының жұмысы нәтижесінде Қазақстанның археологиялық картасында қола дәуірінің тағы бір ескерткіші – Қаратомар қорғаны пайда болды.
ҚОЛА ДӘУІРДІҢ ЖӘДІГЕРІ

Қостанай облысындағы Қаратомар су қоймасының суы шайып кете жаздаған қорғанның 4 мың жылдық тарихы бар. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті археологиялық зертханасының қызметкерлері бас болып тарихшы студенттер оқу тәжірибесі ретінде кіріскен жұмыс нәтижелі болды.

Енді оны түбегейлі зерттеу жобасы қарастырылуда. Қорғанның биіктігі - 3,5, диаметрі 34 метр. Зертхананың ғылыми қызметкері Ирина Шевнинаның сөзіне қарағанда, біздің дәуірімізге дейін 2000 жыл бұрын орнатылған қорғаннан жас баланы жерлеу орны табылған. Ал әрқайсысы 16 шаршы метрді алып жатқан төрт шұңқыр қорғанның астында жатқан көрінеді.

Қорғаннан көптеген ыдыс, қола бұйымдар, қару-жарақ, жебе ұштары табылыпты. Жер астында жатқан қайың және қарағай ағаштарының осы уақытқа дейін бүлінбей сақталғаны мамандарды қайран қалдырды. Аталмыш қорған Ресейдің Челябинск облысындағы әйгілі Арқайыммен жасты болып отыр.

«Қостанай облысының мәдени мұрасы» деп аталған 2007-2009 жылдарға арналған аймақтық бағдарлама үш жылдан бері жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама аясында көне ескерткіштерді сақтап қалу жолындағы жұмысқа қаржы бөлінген. Аталған бағдарламаны орындау үшін облыстық бюджеттен 6 миллион 537 мың теңге қаржы беріліпті.

Бірақ, қыруар жұмысқа бұл аздық етеді. Қостанай облысы аумағында орналасқан мұндай қазыналы орындар аз емес. Әулиекөл ауданындағы Бестамақ қойнауынан табылған Сынтасты-Арқайым дәуіріне жататын жауынгер бейіті, сол арада көмілген жылқы сүйегі, қола балта мен қыш құмыралар, қайтқан кісінің қолындағы қола пышақ кезінде археологтарды қатты қызықтырған болатын.

Қаржы тапшылығынан археологиялық аса құнды мекендер әлі күнге дейін мемлекет қорғауына алынбаған. Денисов ауданындағы тарихи орын – Первомай мекенін жергілікті тұрғындар бау-бақша өсіретін орынға айналдырған. Рудный қаласы маңайындағы Андронов мәдениетінің Сарыарқадағы эталоны болып есептелген Алексеев мекені де мәдени ескерткіштер тізіміне енгенімен қорғауға алынбаған, оның үстіне жағажайда орналасқаннан кейін көненің көздері күннен күнге шайылып, бағалы жәдігерлер жойылып бара жатыр.

«ТОБЫЛ ОЙШЫЛЫ» ҚАЙ ЕЛДІҢ МҮСІНІ?

Тобыл өзенінің оң жақ жағасынан табылған, «Тобыл ойшылы» есебінде белгілі болған аспанға телміріп отырған адам бейнесі мүсіні Қостанайдағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр.

Дәл осы мүсіннің айнытпай жасалған көшірмесін көрші Ресей ғалымдары Арқайымның символы есебінде насихаттап жүр. Бір ғажабы, олар бұл мүсіннің қайдан және қай жылы табылғанын да айтпайды, бірақ, Арқайым туралы буклеттер мен фотоальбомдарда, тағы басқа құжаттарда оны кеңінен пайдаланады.

Бір сөзбен айтқанда, қазақ жерінен табылған және қазақ елінде сақталған түпнұсқа көрші мемлекеттің бұйымы есебінде жан-жақты насихатталуда.

«Бұл туралы біз кезінде дабыл қағып, мәселе көтерген едік. Бірақ, жабулы қазан жабулы күйде қалды. Ресейлік ғалымдар «Тобыл ойшылы» деп мүсінді өз атымен атамайды, Тобыл жағасынан табылғанын да мойындамайды, оған «аспанға телміріп отырған адам» деген ат қойып алған және оны Арқайымнан табылған жәдігер деп есептейді», - дейді Қостанай облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы бастығы Римма Ғайсенова.