Қостанайда Пушкинге жаңадан ескерткіш орнатылды

Пушкин атындағы көшеде орыс ақыны Александр Пушкинге жаңадан орнатылған ескерткіш. Қостанай қаласы, 5 қыркүйек 2010 жыл.

Қостанай өңірінде орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің тағы бір ескерткіші орнатылды. Оны Ресейдің жазушылар одағы қалаға сыйға беріпті. Ақынға еңселі ескерткіш былтыр облыстағы Лисаков қаласында тұрғызылған-ды.

ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ ҚОЛДАН КЕЛМЕС

Қоладан құйылған жаңа ескерткіштің биіктігі екі метр, салмағы 260 келі. Ескерткіштің граниттен жасалған тұғырын орнатуды Қостанай қаласының әкімдігі өз мойнына алыпты.

Ресей жазушылар одағы басқармасының төрағасы Валерий Ганичев Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагинге жазған хатында ақын ескерткішін орнатуға қол ұшын беруді өтінген. Биыл наурыз айында жазылған хатта айтылған сол мәселе жарты жылдың ішінде шешіліп отыр.

Пушкин ескерткіші қала орталығына, Пушкин атындағы көшенің қалалық әкімдік ғимараты орналасқан тұсына орнатылып, енді тек ашылу сәтін күтіп тұр. Өткен аптада Қостанайда қатты жел тұрып, ескерткіштің жамылғысы сыпырылып қалған сәтте осы мақала авторы оны суретке түсіріп алған еді.

Ескерткіш орнатылған тұғырдың бір жақ бетіне «А.С.Пушкин» деп жазылған. Тұғырдың артқы жағына және бір бүйіріне ақынның «Я памятник воздвиг себе нерукотворный, К нему не зарастет народная тропа...» және «Нет, весь я не умру – душа в заветной лире, Мой прах переживет, и тления убежит...» деген жыр жолдары қашап жазылыпты.

Осы өлең жолдары қазақ тілінде «Ескерткіш тұрғыздым мен асқақ шынар, Шөп баспас ел соқпағын бастап шығар...» және «Өлмеймін, мәңгі тірі жаным менің, Іріп те шірімейді тәнім менің...» деп жазылыпты.

Бұған дейін қазақ тілді оқырманға кезінде ақын Ғали Орманов аударған: «Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес, Ел ізі оған салған суый білмес» деген өлең жолдары таныс еді. Ал мына ескерткіштегі жазба қай аудармашыныкі екенін біле алмадық.

Ескерткіш – ел тарихы. Қостанайда осы өңірде туып-өскен қазақтың біртуар тұлғаларынан Ахмет Байтұрсынов пен Бейімбет Майлинге ғана ескерткіш орнатылған. Былтыр қала орталығында Наполеон, Чарли Чаплин және Жанна д'Арктің мүсіндері қойылған болатын.

Бірақ, облыс әкімдігі бұл мәселені Қазақстан жазушылар одағымен, Қостанай облысындағы жазушылар одағының филиалымен, жергілікті қаламгерлермен ақылдаспастан жеке-дара шешкенін құп көрмейтіндер де жоқ емес.

Бұған дейін, Шоқан Уәлихановтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында, Қостанай қаласында оған ескерткіш орнату туралы облыс әкімі Сергей Кулагиннің арнайы шешімі аяқсыз қалған еді.


ҚОС ПІКІР

Жаңа ескерткіш жанында бізбен тілдескен қала тұрғыны, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арайлым Бексұлтанова ескерткіштің авторы, Мәскеудің белгілі мүсіншісі Николай Кузнецов екенін, оның Пушкинді бейнелеген мүсіндері бұған дейін Словенияда, Болгарияда және Сербияда орнатылғанын айтты.

– Пушкин күллі адамзатқа ортақ ақын, сондықтан Қостанайдағы ескерткіш көптік етпейді, – дейді Арайлым Бексұлтанова.

Алайда, бұндай пікірмен қала тұрғындарының барлығы бірдей келісіп отырған жоқ.

– Мен де Пушкинді жақсы көремін. Бірақ, белгілі бір жазушы немесе қайраткердің мүсіндерін қаптата бергеннен не ұтамыз? Олардың осы өлкемен тарихи байланысы да ескерілуі керек, – дейді Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Лидия Саркисян.


АҚЫНҒА ҚОЙЫЛҒАН ЕСКЕРТКІШТЕР


Қайраткерлердің есімдерін есте қалдыру туралы Қазақстан үкіметі бекіткен тұжырымдамада олардың есімдерін оқу орындары мен мекемелерге республика бойынша үштен артық беруге болмайды деп тайға таңба басқандай етіп анық жазылған.

Әйтсе де Александр Пушкинге қойылған ескерткіштерді Алматы, Астана, Қарағанды, Петропавл, Степногорск қалаларынан кезіктіруге болады. Орал қаласында ақынның бір емес, екі бірдей ескерткіші тұр екен.

Былтыр ғана Қостанай облысындағы Лисаков қаласында Александр Пушкинге қала орталығында еңселі ескерткіш орнатылды. Биіктігі 2 метр 20 сантиметр бұл ескерткішті «Арай» компаниясы қалаға сыйға тартты.

Бір сөзбен айтқанда, орыстың ұлы ақыны атаусыз қалған жоқ. Қостанай қаласындағы орталық көшелердің бірі оның есімін иеленген. Қалалық балалар кітапханасы да Пушкин атында. Осы кітапханада ақын мұражайы жұмыс істейді. Қамысты ауданындағы Жайылма қоңысында ақынның қола бюсті орнатылған.