Қырғызстанда мұсылман босқын қазақ әйелі із-түзсіз жоғалып кетті. Қырғыз еліне Атырау облысынан барған төрт отбасы Бішкектегі БҰҰ кеңсесінен өздеріне жәрдем көрсетуді сұрап жүрген-ді. Бірақ бұл жерде олар әлдекімдердің торуылына кезікті.
ҚОҚАН-ЛОҚЫДАН СОҢ ХАБАР-ОШАРСЫЗ КЕТТІ
Қырғызстанда 24 жастағы босқын қазақ әйелі Самал Қисметованың із-түзсіз жоғалып кеткендігі туралы Азаттық радиосына оның жұбайы Диянат Ердешев хабарлады. Бұл адам қазақстандық арнайы қызмет орындарының қудалауынан қашып, Батыс Қазақстаннан қырғыз еліне сауға іздеп барған бейресми мұсылмандар қауымы өкілдерінің бірі.
Отанында қысым көрген Атырау облысы Ганюшкино ауылының тұрғыны Диянат Ердешев пен оның отбасының тағдыры жайлы Азаттық радиосы бұған дейін хабарлаған еді. Олар елден қашып, өздеріне басқа жерден баспана тауып беруді сұрап БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Бас комиссары басқармасының Бішкектегі кеңсесіне жүгінді. Қырғызстанға бассауғалап барған төрт қазақ отбасының барлығы да азғана мұсылман қауымдастығының өкілдері, бұлар ресми тіркеудегі мешіттерге бармай, өздерін оқшау ұстайды.
Алайда, олар Қырғызстанға келген соң да қорқытып-үркітуден құтыла алмады. БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Бішкектегі кеңсесі бұлардың шағым-өтінішін қарауды ұзаққа созып жіберді. Диянат Ердешев өздерінің қыр соңынан қалмаған белгісіз біреулерден соңғы кездері қоқан-лоқы жазылған бірнеше SMS-хат алғанын айтады. Диянат Ердешевтің сөзінше, оның зайыбы тұрып жатқан үйінен шілденің 13-і күні таңертең Кант қаласындағы емханаға барып келуге шығып, содан қайтып оралмаған.
– Біз тұрған Атырау облысы Ганюшкино ауылында былтырғы тамыздың 29-ында менің әйелімді бейтаныс кісілер аямай ұрып-соғып кетті. Соның салдарынан оның құрсағына екі рет «кесарь» әдісімен операция жасалды. Біз Бішкекке келгенде әйелімнің құрсағы тігілген жерінен ашылып кетті де, оған үшінші рет операция жасады. Төртінші рет, ол ауыр зат көтеріп қойып, тігілген жері тағы да жарыла бастап, қан кеткен соң, операцияны лазерь сәулесімен жасады. Сондықтан да сол күні әйелім үйден ауруханаға барып келуге шыққан еді, – дейді Диянат Ердешев.
Оның айтуынша, зайыбы әуелі Бішкектегі емханалардың біріне барыпты, ондағылар әйелді республикалық ауруханаға жолдаған. Содан кейін дәрігерлер босқын жас әйелді Бішкектен елу шақырым жердегі Кант қаласының емханасына қаралуға жіберген.
Сол күні үйінде шиеттей балаларымен қалған күйеуі әйелімен сағат сайын мобиль телефоны арқылы сөйлесіп отырған. Бұлайша алаңдайтындай себеп те болған. Диянат Ердешевтің айтуынша, шілденің 8-і күні оған мынадай мазмұндағы SMS-хат келген: «Биз Сенин катынынды табамызда сындырамыз Кайдан келдин сонда жогол. Я это так не оставим, уроды мы такое не прощаем».
– Біз тұрып жатқан Люксембург деп аталатын жерден Кант қаласына бес минутта жетуге болады. Түскі сағат бір кезінде маған телефон шалған әйелім Кант қаласындағы емханаға таяп қалғанын, жол-жөнекей менің досым Қанат Өскенбаевтың әйелін жолықтырғанын айтты. Қанат та мен секілді Қазақстаннан барған босқын. Көшеде жолыққаннан кейін екі әйел әрқайсысы өз жөндерімен – мен әйелім емханаға, ал Қанаттың әйелі үйіне кеткен. 14 сағат 13 минутта әйелімнен өз кезегі жеткені туралы SMS-хат келді. Самал дәрігерден шығысымен бірден үйге қайтатынын жазған еді, – дейді Диянат Ердешев.
Бірақ күндізгі сағат үш кезінде Самал Қисметованың мобиль телефоны байланыс желісінен ажырап қалғанына күйеуі мазасыздана бастайды. Арада екі сағаттай уақыт өткенде тағаты таусылған Диянат Ердешев әйелін іздеп шығады.
– Оның мобиль телефоны түні бойы тоққа қосылып, қоректендірілген болатын. Сол себепті, ол телефонның отырып қалуы мүмкін емес
20 сағат 45 минутта маған «әйеліңнің зиратын да таба алмайсың» деп қазақша жазылған SMS-хат келді. Ендігі кезек бауырларың мен олардың балаларыныкі деп жазыпты.
ГОНЮШКИНОДАҒЫ ҰҚК ТЕРГЕУІ
Диянат Ердешев пен оның әйелі Самал Қисметова Атырау облысындағы Ганюшкино ауылында туып-өскен. Диянат Ердешевтің айтуынша, ол бейресми мұсылман қауымында болғандықтан 2007 жылдан бастап Атыраудағы арнаулы органы оны бақылауда ұстап, бірнеше рет тергеуге шақырған, Ердешев өзінің не істеп, не қойғандығы, тіпті тәулігіне қанша рет намазға жығылғаны туралы баяндап, жазбаша түсініктеме берген.
Сондай кезекті тергеу мен ескертуден соң, былтырғы жылғы тамыз айының 29-ы күні оның әйелі Самал Қисметованы белгісіз адамдар қатыгездікпен ұрып-соғып кетті. Бұл оқиғадан кейін жергілікті аурухана дәрігерлері әртүрлі сылтаулар айтып, Ердешевтің әйелін дәрігерлік тексеруден және оған сараптама жүргізуден бас тартқан. Атырау ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер бұл істі елеусіз қалдырды.
Бұған дейін Азаттық радиосына берген сұхбатында Диянат Ердешев әйеліне жасалған шабуыл үшін Атырау ҰҚК-ін айыптаған еді. Ол содан кейін өзіне арнайы қызмет тарапынан қысым жасау бұрынғыдан да күшейіп кеткендігін жеткізді.
Атырау ұлттық қауіпсіздік комитеті кеңсесіне телефон шалған Азаттық радиосының тілшісіне өзін таныстырмаған бір қызметкер мекеменің баспасөз-хатшысы Дархан Мұқышевтің демалыста болуы себепті, ешқандай сұраққа жауап бере алмайтындарын айтты.
Диянат Ердешев отбасын алып 2009 жылы қарашаның 23-і күні Қазақстанды тастап, көршілес Қырғызстанға бассауғалап кетуге мәжбүр болды.
ТҮНГІ ҚОНАҚ
Қырғыз заңы бойынша, Қырғызстаннан пана сұраған адам әуелі еңбек, жұмыспен қамту және көші-қон министрлігіне өтініш жазуы керек. Бірақ Қазақстаннан қашып барған отбасының әңгімесін тыңдаған соң бұл мекемедегі шенеуніктер босқындардың келтірген дәлелі сенім туғызбайды деп тапты. Биылғы жылғы ақпан айында Қырғызстан үкіметі Ердешевтер отбасына босқын мәртебесін беруден бас тартты.
Сол сияқты, Диянат Ердешев БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Бас комиссары басқармасының Бішкектегі кеңсесінен де үміт аз болып тұрғанын айтады. Халықаралық ұйым кеңсесі Ердешевтерді осы күнге дейін босқын мәртебесіне ие болғысы келетіндер ретінде де тіркеуге алмаған.
Бұған қоса, белгісіз бір адамдар қыр соңымызға түсіп алды, дейді Диянат Ердешев. Оның сөзіне қарағанда, Қырғызстанда болған сегіз айдың ішінде белгісіз біреулер қазақ босқындары тұрып жатқан үйге кіруге бірнеше рет әрекет жасаған.
Қырғызстан ішкі істер министрлігінің қызметкерлері наурыздың 10-ы күні біздің пәтерімізге тінту жүргізді, арада он күн өткенде олар есікті бұзып кірді, дейді Диянат Ердешев.
– Референдумге дейін, мен үйде жоқ болған кезде, біздің үйімізге беймәлім біреу келіп, әйеліме есік аш деп бұйырыпты. Өзінің кім екенін таныстырмай, әйелімнен мені сұрапты. Ол бір рет келгенде, әйелім менің үйде жоқ екенімді айтқан. Ол, маған сенің күйеуің керек емес, деп кетіпті. Ол екінші рет келгенде мен тағы да үйде болмаған едім. Ал үшінші рет шілденің 7-і күні, түнгі сағат 12-де келді. Ол маған: «Мен сенің көршіңмін, есік аш. Мен кілтімді досыма беріп қойып едім, сенің балконың арқылы өз пәтеріме кірейін» деді. Мен оған, егер сен көршім болсаң, онда менің балконым үйдің сол жақ беткейінде, ал сенікі – оң жағында екенін білуге тиіссің деп едім, ол үнсіз қалды, – деп еске алады Диянат Ердешев.
Оның айтуынша, қазір Қырғызстанда бір үйде Қазақстаннан барған үш отбасы тұрып жатыр. Олардың барлығы көрші елді паналау үшін барғандар.
– Біз, үш отбасы да, бір үйде тұрамыз. Үнемі үрей үстінде отырамыз, ер адамдар түн баласында басымызға балта жастанып жататын халге жеттік. Бірақ, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Бас комиссары басқармасы бізге бей-жай қарайды. Олар өздерінде қызметкерлер
Үнемі үрей үстінде отырамыз, ер адамдар түн баласында басымызға балта жастанып жататын халге жеттік. Бірақ, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Бас комиссары басқармасы бізге бей-жай қарайды.
Қазақ босқындары – Назар Жұбанышев, Қанат Өскенбаев, Диянат Ердешев пен Абзал Сейфуллаұлы шілденің 14-і күні Бішкектегі БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Бас комиссары басқармасынан босқын қазақ әйелі Самал Қисметованың жоғалып кетуіне байланысты өздеріне назар аударып, істерін қарауды тездетуді сұрады.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМ ҮНСІЗ ОТЫР
Қырғызстанда із-түзсіз жоғалып кеткен қазақ босқыны Самал Қисметоваға байланысты БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Бас комиссарының Бішкектегі басқармасынан қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмады. «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» Қырғыз редакциясының тілшісімен әңгімеде осы халықаралық ұйымның өкілдері босқындарға қатысты барлық ақпарат құпия болғандықтан ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарына деректер берілмейтіндігін жеткізді.
Атырау облысында азаматтар діни наным-көзқарасы үшін билік орындары тарапынан қысымға ұшырайтындығы туралы Азаттық радиосы бұған дейін бірнеше рет хабарлаған болатын. Осындай себептермен қудалауға түскендіктен, ондаған адам 2006 жылы бала-шағасымен Батыс Қазақстаннан Чехияға қашып барған, қазір олардың жалпы саны екі жүзден асады.
Бірақ Чехия билігі бұл босқындардың Қазақстанда жүйелі түрде қуғын-сүргінге салатындығына айғақ-дәлелдер жоқ деген желеумен оларға босқын мәртебесін бермей отыр. Сол себепті кейбір Батыс Қазақстаннан барған кейбір босқындар Чехиядан Еуропалық Одақтың өзге елдеріне заңсыз өтуге әрекет жасады.