Қырғыз билігі елдің оңтүстігіндегі қантөгіс Бакиевтер мен терроршылдардың ісі дейді

Босқын өзбек әйелі этникааралық қақтығыста қаза болған ұлының төлқұжатын көрсетіп тұр. Жалалабад, 21 маусым 2010 жыл.

Қырғыз мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік қызметі Ош пен Жалалабад облыстарында тұрғындар арасында көптеген кісі өліміне әкелген этникааралық қақтығыстардың себебі мен оларға тікелей қатысы бар күштерді анықтағанын хабарлады.

ЖАҢА ОДАҚТАСТАР

«Бұл сойқан «Өзбекстан ислам қозғалысы» мен «Ислам жиһады одағы» халықаралық террорлық ұйымдарының және оларға белсенді түрде қолдау білдірген Бакиевтердің отбасылық-кландық режимі мүшелерінің ісі» деп атап көрсетті Қырғыз арнаулы қызметі.

Мекеменің хабарламасында, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қазақстанда конституциялық құрылысты жойып, аталған елдердің аумағында ислам мемлекеті – халифат құруды, сонымен бірге болашақта Ресей мен Қытай аумағында өз ықпалын жүргізуді
Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы Кенешбек Дуйшебаев елдің оңтүстігіндегі қанды оқиғалардың себебі туралы мәлімдеме жасады. Бішкек, 24 маусым 2010 жыл
көздейтін «Өзбекстан ислам қозғалысы» мен «Ислам жиһады одағы» ұйымдары «Әл-Қаида» және «Тәлибан» қозғалысымен тікелей байланыс орнатқан делінген.

Соңғы жылдары Қырғызстанды өзіне ыңғайлы плацдарм жасап алғысы келген террорлық ұйымдар елдің оңтүстігіндегі этникааралық келіспеушілікті өз мақсатына пайдаланып қалмақ болды. Бұл пиғылдары қайткен күнде де билікті қайтарып алуға жанталасқан, сәуірде халық биліктен тайдырған клан мүшелерінің көкейіндегісімен ұштаса кетті деп жазады Қырғыз қауіпсіздік мекемесі.

Хабарламада екі ортақ мақсатты көздеген екі тараптың іс-қимылдары баяндалған.

2010 жылғы сәуірде Максим Бакиев Дубаи қаласында «Өзбекстан ислам қозғалысының» эмиссарларымен кездескен.

Мамырдың басында Ауғанстандағы Бадахшан аумағындағы Бахорак қаласында Талибан, «Өзбекстан ислам қозғалысы» мен «Біріккен тәжік оппозициясы» өкілдері бас қосады. Бұл жиынға Абулло молла мен Бакеиевтер отбасының екі мүшесі қатысқан.

Жиында «Өзбекстан ислам қозғалысының» күшімен Қырғызстандағы ахуалды бүлдіру жөнінде келісімге келген. Бакиевтер бұл
Қырғызстанның биліктен тайдырылған басшысы Құрманбек Бакиев баспасөз-мәслихатында. Минск, 23 маусым 2010 жыл.
мақсатқа 30 миллион АҚШ доллары көлемінде сыйақы төлеуге уәде берген.

Қырғыз ұлттық қауіпсіздік қызметінің жазуынша, Қырғызстанға қатысты нақты мақсаттар қойылған: мемлекеттің саяси, әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық негізін қаусату; этникааралық және дінаралық жанжалдарды қоздыру; қоғамда үрей туғызу.

КӘСІБИ БҮЛІКШІЛЕР ТОБЫ

Қырғыз мемлекеттік қауіпсіздік қызметі 2010 жылы мамыр айында «Ислам жиһады одағы» мүшелері Пәкістанда жасақтаған топты Тәжікстан арқылы Қырғызстанға астыртын өткізгенін айтады. Бұл топтағы 15 адамның бәрі өзбек ұлтының өкілдері, олардың арасында мина қойып жарылыс жасауға машықтанғандар мен арнайы дайындықтан өткен мергендер болған.

Топты ұлты өзбек, Қоқанның тумасы, «Ильхом» деген лақап атқа ие Өзбекстан Республикасының азаматы басқарады. Пәкістан – Ауғанстан – Тәжікстан арқылы Қырғызстанға өткен терроршылар тобына ұлты өзбек, «Ислам жиһады одағының» мүшесі, Тәшкент қаласының тумасы, «Абдулла» деген лақап атқа ие Өзбекстан Республикасының азаматы жолбасшы болып барған.

Топ мүшелеріне жалған құжаттар Қырғызстанда жасалаы. Қырғыз қауіпсіздік қызметінің айтуынша, оларды Жалалабад облысы
Құрманбек Бакиевтің ұлы - Максим Бакиев. 25 қараша 2009 жыл.
Сузақ ауданында тұратын Қырғызстан азаматы жасағаны анықталған.

Сонымен бірге, Қырғызстандағы қоғамдық-саяси ахуалды аласапыран жасау мақсатында «Ислам жиһады одағының» тағы екі тобы жіберілген деп атап көрсетеді қырғыз қауіпсіздік қызметі. Олар мемлекеттік мекемелер мен құқық органдарының нысандарына террорлық шабуылдар жасауды жоспарлайды.

Бүлікшілер Қырғызстанның оңтүстігіне «маусым оқиғасы» қарсаңында Ауғанстанның Бадахшанынан Тәжікстан арқылы жетеді. Хабарламада оларға сәуір айының соңында Тәжікстан арқылы 250 мың АҚШ доллары жіберілгені айтылған.

Қырғыз қауіпсіздік қызметі Ош және Жалалабад облыстарындағы этникааралық текетірес барысындағы қарулы қақтығыстарға мылтықтан дәлдеп атуға кәсіби деңгейде машықтанған және террорлық-диверсиялық дайындықтан өткен адамдар қатысқанын айтып отыр.

ТЕРРОРЛЫҚ ҰЙЫМДАР ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ҰМТЫЛАДЫ

Ұлттық қауіпсіздік қызметінің деректері бойынша, маусым айында Пәкістанның Оңтүстік Уәзірстан аймағында «Өзбекстан ислам қозғалысы» халықаралық террорлық ұйымының жетекшілері мен әскербасылары кеңес өткізген. Ондағы талқыланған негізгі мәселе – Қырғызстанның оңтүстігіндегі оқиғаларға байланысты «Өзбекстан ислам қозғалысының» Орталық Азиядағы бұдан кейінгі
Қанды қырғында қаза болған туысының киімін ұстап жылап отырған өзбек әйелі. Жалалабад, 16 маусым 2010 жыл.
іс-әрекеттері туралы болған.

Кездесуге қатысқандар дәл қазіргі уақытта Ош пен Жалалабад облыстарында бүкіл аймаққа ықпал орнату үшін қолайлы сәт туып тұр деген тұжырым жасаған. Жоспарланған іс-әрекеттері жүзеге асыру үшін «Өзбекстан ислам қозғалысы» жетекшілері қажетті ақша бөлген және бұған қосымша тағы қаржы беру мүмкіндігін атап өткен.

Қырғыз ұлттық қауіпсіздік қызметінің айтуынша, террорлық ұйымдармен күш біріктіріп отырған Бакиевтің жақтастары республика көлемінде жүйелі түрде қоғамдық-саяси дағдарыс туғызуды, Уақытша үкіметті абырой-беделден айырып, референдумды өткізбей тастауды және саяси аласапыранды пайдаланып, қайтадан билік тізгінін қолға алуды көксейді.

Терроршылдардың іс-әрекетіне қолдау білдіру үшін бакиевшілдер өз жақтастарына тиісті нұсқау береді. Мәселен, қайғылы оқиғалар кезінде қақтығыс аймағында Бакиевке жақын бұрынғы министрлер, шенеуніктер белсенді іс-қимыл танытқаны байқалған.

ҚАЙҒЫЛЫ ДЕРЕКТЕР

Қырғыз ұлттық қауіпсіздік қызметінің хабарламасында елдің оңтүстігінде болған қайғылы оқиғалар жайында нақты деректер келтіреді (маусымның 22-і күнгі мәліметтер бойынша):

214 адам қаза тауып; 133 кісінің мүрдесі медициналық мекемелерге түспей, тікелей мәйітханаға жеткізілген; дәрігердің жәрдеміне
Милиция бұл қарулардан этникалық қақтығыстар кезінде оқ атылған-атылмағанын тексеріп жатыр. Ош, 24 маусым 2010 жыл.
жүгінгендер – 2137 адам; ауруханаға жатқызылғандар – 992 адам; амбулаториялық ем алғандар – 1139 кісі.

Сойқаннан 453 жеке меншік үйлер мен коттедждер; 166 дүкен және сауда орындары; 6 базар; 6 әртүрлі мемлекеттік мекемелердің ғимараттары; 100 астам қоғамдық тамақтандыру нысандары, жеке кәсіпорындар мен өзге құрылыстар қирап-бүлінген.
.
Қырғызстанның оңтүстігінде болған жаппай тәртіпсіздіктер деректері бойынша 8 қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр; қозғалған қылмыстық істер бойынша күдікті ретінде 24 адам ұсталған; жаппай тәртіпсіздіктерге белсенді түрде қатысқан, ұйымдастырған 19 адам тұтқынға алынды; аталған қылмыстық істерді тергеу барысында 11 әскери гранат, 53 қолдан жасалған жарлығыш зат, 58 автомат, 1 ірі калибрлі танк пулеметі, 13 оқтұмсығымен 1 гранатомет, 3000 астам оқ тәркіленген.

61 адам кепілден босатылып (қырғыздар мен өзбектер); бүлінгендердің мүлкін тонап-талауға дайындалған 10 оқиғаның алды алынды деп хабарлайды Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік қызметі.