Қырғызстанға сұғына орналасқан өзбек анклавы Сох жеріндегі халықтың басым бөлігін тәжіктер құрайды. Сохты совет заманынан қалған адам түсінбейтін туындылардың бірі ретінде бейнелеуге болады.
«БАРАТЫН БАЗАРЫМЫЗ – ӨЗГЕ МЕМЛЕКЕТТЕ»
Камол Азизовтың күнделікті тіршілігі Ферғана алқабындағы ауыл тұрғындарынан аса бір ерекшелене қоймайды. Ол да басқалар секілді күн сайын таңертеңгілік жұмысқа барады, көрші базардан тауар алады, жақын маңда тұратын кәрі ата-анасының тапсырмасын орындайды.
Бірақ Камол Азизов осы кезде халықаралық шекараны бірнеше мәрте кесіп өтуге тиіс. Оның туған ауылы Чашма Қырғызстанның оңтүстік облысы Баткендегі өзбек анклавы Сохта орналасқан.
Яғни, ата-анасының үйі секілді Камол Азизов үшін ең жақын базар да бөгде елде - Қырғызстанда деген сөз, ал жұмысы Өзбекстанның жергілікті еңбек орталығында.
Азизовтың үйі Қырғызстан шекарасынан үш жүз метрге жуық қашықтықта тұр. Камол Азизовтың айтуынша, ол ауданда үйі Сох аумағында, ал үйінің верандасы Қырғызстан аумағында тұрған үйлер бар.
«Чашмада екіге жарылған отбасылар көп. Яғни, ата-анасы Қырғызстан азаматы ретінде тіркелген, ал баласы мен немересі – Сохтың тұрғыны (демек Өзбекстан азаматы), ал үйлерін тікенек сым бөліп тұр. Айнала толған қырғыздың шекаралық бекеттері қозғалысты қиындатады», – дейді Камол Азизов.
Сохтың басқа да тұрғындары сияқты Камол Азизов та төлқұжатын қалтасынан тастамауға әдеттенген.
– Қырғызстанның бақылау-өткізу бекеттерінде тоқтатып, тінту жасауы біз үшін үйреншікті құбылысқа айналып кеткен, - дейді Азизов.
СИЫР ЖАЯТЫН ЖЕР ЖОҚ
Жергілікті жайылымда мал жаюға байланысты жуырда ғана Сох тұрғындары мен қырғыз көршілерінің арасында туындаған шиеленіс онсыз да күрделі мәдени және саяси ахуалды одан сайын ауырлатып жіберді.
Қырғыздар мамыр айында Қырғызстан жайылымдарында Сох тұрғындарының мал жаюына тыйым салды. Бұл жағдай Сохтың көптеген отбасыларының күн көрісіне қиын тиді.
Жайылымға барар жол жабық. Сохтың халқы қой-ешкі, ірі қараны қорада ұстау ауыл адамдарына ауыр тиюде дейді.
Мәліметтер бойынша, Сохтың кейбір тұрғындары бұған қарсылық ретінде өзбек анклавынан өтіп бара жатқан көліктерге шабуыл жасаған. Мұндай әрекетке жауап ретінде қырғыз көршілер анклав пен Өзбекстан арасындағы негізгі аутомобильдік даңғыл жолды жауып тастап, қорғаныс орнатуын талап еткен.
Бұл аудандағы күрделеніп бара жатқан шиеленісті және анклавқа байланысты бұрыннан шешімін таппай келе жатқан басқа да даулы мәселелерді талқылау үшін екі тараптың лауазымды адамдары маусымның 1-і күні кездесіп, келісімге қол қойды.
Біз Сохтан шығып, Ферғананың облыстық орталығына немесе бізге ең жақын деген Риштан қаласына жеткенше жол-жөнекей кемінде бес қырғыз бекетінен өтуге тиіспіз.
Бұл екі ел арасындағы шиеленісті жеңілдету үшін Өзбекстан 1999 жылы Қырғызстанның оңтүстігіне өзбек содырлары енгеннен кейін Сохтағы әскери бөлімдерінен брондалған машиналарды әкете бастады.
Қырғыз жағы әзір Сох тұрғындарының жайылымға мал жаюына рұқсат бермегенімен, бұл аудандағы бірқатар бақылау-өткізу бекетін жабуға келісім берді.
Камол Азизов мұны жақсы жаңалыққа балайды.
– Біз Сохтан шығып, Ферғананың облыстық орталығына немесе бізге ең жақын деген Риштан қаласына жеткенше жол-жөнекей кемінде бес қырғыз бекетінен өтуге тиіспіз. Олар біздің төлқұжатымыз бен көлігімізді тексереді, кейде тиісті уақыттан көбірек бөгейді. Енді біреулері ақша талап етуге әдеттенген. Тіпті, өз ауылым Чамшада жүрсек те, базарға барғанымызда бақылау-өткізу бекетінен өтуге тиіспіз, өйткені базар Қырғызстан аумағында тұр. Сол бекеттегі қырғыз сарбазы бізді тексеріп, ақша талап етіп, әуреге салады, - дейді Азизов.
СОВЕТ ЗАМАНЫНАН ҚАЛҒАН МҰРА
Қырғызстанның ішінде жатқан 325 шаршы шақырым қыратты Сох өңірі өзбектің ірі анклавы болып табылады. Сох азаматтарының шамамен 65 мыңы – тәжіктер, бұл да аудандағы ахуалды қиындатады.
Жалпы, Ферғана алқабында сегіз анклав бар, оның төртеуі - Қырғызстандағы өзбек анклавы, ал біреуі - өзбек аумағындағы қырғыз ауылы Барак. Тәжікстанның қырғыз жерінде екі анклавы және Өзбекстан ішінде Савак деген бір ауылы бар.
Анклавтар онда тұратын халықтың негізгі тіліне қарай совет заманында жасалған. Алайда Сохтың жағдайы басқаша. Негізінен тәжіктер тұратын өңірдің қалайша өзбек қарамағына берілгенін ешкім түсіндіре алмайды.
Ферғана алқабындағы жұрттың көбі Сох анклавын советтік замандағы басшылар жасаған адам түсінбейтін туындылардың бірі деп ұғады.
ОҚШАУЛАНҒАН ТҰТҚЫНДАР
Сох анклавының 20 ауылында 26 мектеп, 4 колледж бар. Олардың бәрінде сабақ тәжік тілінде өтеді.
Жергілікті БАҚ, оның ішінде жаңалық тарататын және ойын-сауық телеарналары тәжік тілінде сөйлейді, «Садои Сох» («Сох үні») апталық газеті де тәжік тілінде шығады.
Анклавтың айрықша жағдайына байланысты жергілікті халыққа үш елдің де арасындағы кез келген саяси шиеленіс тікелей әсер етеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Қырғызстан мен Өзбекстан арасында шиеленіс пайда болса, Бішкекте немесе Әндіжанда дау туындап қалса, ол ел шекарасын жауып, бақылау мен тексерісті күшейтеді.
Толық есімін айтқысы келмей, өзін Болта деп таныстырған сохтық әйел өзбек шекарасының жабылуы анклав тұрғындарына қатты әсер ететінін айтады.
– Ондай жағдайда біздің Өзбекстанға кіруіміз қиындайды. Ойлап көріңіз, мәселен сіз қазаға баруыңыз керек немесе қатты ауырып, қалалық ауруханаға барғыңыз келді, бірақ сіз бұл елге ене алмайсыз, өйткені шекара жабық. Оның қашан ашылатынын да білмейсіз, - дейді Болта.
Сох тұрғындарына ең жақын әуежай немесе вокзал Ферғана қаласынан, облыс орталығынан шамамен 120 шақырымда орналасқан. Ең жақын өзбек қаласы Риштан - Сохтан 70 шақырымдық қашықтықта жатыр.
Сохты кез келген басқа қаламен байланыстыратын рейстік аутобус та жоқ, поезд да жоқ. Жеке меншік көліктер мен такси – жалғыз ғана көлік, ал оған міне беруге бәрінің бірдей қалтасы көтермейді.
БАЙЛАНЫС ҮІЗІЛІП, БАРЫС-КЕЛІС ТОҚТАДЫ
Өзбекстанның сәуір айында Бішкекте болған жаппай толқуларға байланысты Қырғызстанмен арадағы шекараны жауып тастауы Сох тұрғындары үшін жығылғанға жұдырық болды. Оның үстіне Сох Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы бұрыннан шешімін таппай келе жатқан саяси текетірестен жапа шегуде.
Ондаған жылдар бойына тәжік университеттері Сох мектептерінің түлектерінен дипломды мамандар даярлайтын негізгі орын болып келген.
Ташкент пен Душанбе арасының дұрыс болмауының кесірінен өзбектің білім саласындағы лауазымды адамдары тәжік дипломдарын мойындамайтын болды. Сол себепті бұдан былай Сох түлектері үшін өзбек университеттеріне түсуден басқа амал қалмады.
Душанбеден мәдени және білім саласындағы байланыс үзілгендіктен, тәжік астанасынан Сох кітапханаларына келіп түсетін тәжік тіліндегі әдебиеттер мен басылымдар легі тоқтады. Аудан кітапханаларына жаңа кітаптар түспейтін болды.
«Бірақ таяқтың екі ұшы бар ғой, – дейді Камол Азизов. – Сохтың бір артықшылығы – мұндағы тұрғындар түгелдей үш тілді де меңгерген. Олар ана тіліміз тәжік тіліне қоса ешқандай тіл үйрену курсына бармай-ақ өзбек және қырғыз тілдерінде сөйлей береді».
Сох анклавының халқы саясатта шаруаларының жоқтығын, бірақ саясат өздерінің өміріне қатты әсер ететінін айтады.