Дала жырлары

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақын Ғалым Жайлыбай елуге толды. Қарағандыда ақынның жыр кеші өтті.
Қаланың айғай-шуы әбден жалықтырып, дүниеден жұбаныш таба алмай, төрт қабырғаның ортасында жалғыздығыммен арпалысып, жаным тұншыққанда Арқаға кетіп қалғым келеді. Қайта-қайта жанымды ауырта беретін сағыныштың жарасын Арқаның жәзира төсінде соғатын самал желдің лебі ғана жазып, қайғымды тербеп, қан базардың мағынасыздығынан қамыққан көңіліме, жүрегімді аяусыз жаншыған жалғыздықтың дертіне жусанның жұпар иісі ғана шипа болып, көкірегімдегі шер-шемен болып қатып қалған мұздай мұңымды сайын даладағы көктемнің шуағы ғана ерітіп жібере алатындай көрінеді, маған. Найзасын намысқа қайрап, қылышын кекке суарған талай-талай батырларды да, жаны жібектей нәзік талай-талай ақындарды да дүниеге әкелген, шексіздігінен сағымның өзі адасқан дала табиғатында бәрімізді де аялай алатын дархан мінез бен баршамызды да бауырына басқысы келетін құпия кеңдік бар.
Неге екенін білмеймін, адамгершілікті ар тұтқан, өмірдің қара суығын жүрек сәулесімен жылытқысы келетін ақындардың өлеңдерімен сырласқанымда, сол сайын даланың бір жұтым таза ауасы бөлмеме кіріп кеткендей, тынысым кеңіп сала береді. Шер күйім болып шертілген сол өлеңдер қаңқылдаған қаздардың үнін, бозторғайдың шырылын, шілденің аптап ыстығын, сахараның ақбөкендерін бір сөзбен айтқанда дала табиғатының сұлу көрінісін көз алдыма елестетіп, дүние-жалғанға жан бітіріп, ынтызарлығымды қайта тірілткендей болады. Қобыздай күңіренген жаным жұбаныш тауып, адамгершілік мінездің әлі өлмегінін түсініп, бір сәтке болса да, өліраға тап келген арсыз тіршіліктің қайғы-қасіретін ұмытып кетемін.
Асылы, ұлы мәртебелі поэзияның алтын бастауы адамгершілік мінезде жататыны әлімсақтан әйгілі, бесенеден белгілі ақиқат. Осындайда орыс әдебиетінің тарихындағы бір оқиға еріксіз есіме оралады. Орыстың ұлы ақыны Пушкин бір мақаласында поэзия тарланы Жуковскийдің тас-талқанын шығарып сынап салыпты. Өйткені Жуковский бір өлеңінде «ісім үшін емес, жұрт менің сөзімді ғана бағаласын» деген сыңайдағы ойды айтып, ар-ұятының алдында ақталғысы келген екен. Ақынның мұндай ойымен келіспеген поэзия пайғамбары Пушкин ұстазының көңіліне қарамастан сын тезіне алып, «ақынның сөзі- оның ісінің нәтижесі» (Слова поэта-суть дела его) дегенді айтады. Өз мақаласында Пушкин ақын болу үшін ең алдымен адамның иманы таза болуы шарт екендігін дәлелдемекке тырысады.
Пушкиндікі –дұрыс. Расында да лас тірлікке тым әуес, пендешіліктің қызығына тоймайтын қомағай адам мың жерден ақылды, жүз жерден данышпан болып жаратылса да нұрлы дүние туғыза алмасы хақ. Өйткені поэзия –адамның рухани мешіті. Ол мешітке кіру үшін жүрегіңді таза ұстау шарт. Оған кіргісі келетін жұмыр басты пенденің бойында жалғандық пен жасандылыққа иненің жасуындай да орын болмауға тиіс. Міне, сондықтан да құдіретті поэзияның салмағы том-том болып шығып жатқан жыр жинақтарының санымен емес, «жүрегінің түбіне кір жасырмай» (Мұқағали) өткен ақындардың асыл қазынасымен өлшенеді.
Қазақтың талантты ақыны Ғалым Жайлыбайдың дала жырларын оқып шыққанымда өнерге шынайы берілген өлең табиғатын көргендей әсер алып, Сарыарқаның самал желі есіп қоя бергендей күйді басымнан кештім. Адамгершіліктің аялы алақанын сезінгендей болдым. Мінезі өз замандастарының ешқайсысына да ұқсамайтын ақын жырларын парақтағанымда ұзақ жыл бойы көрмей кеткен сырласымды қайта тапқандай қуандым.
Есіңді жый!
Жырларыңды жаз, Ғалым!
Қаңқылдатып қарашаның қаздарын.
Шабытыңнан шалғындағы шық еріп
Қара бауыр бұлттар көшсін үдеріп,
Ұлар ұшар Ұлытаудың биігі,
Сахараның жолды кессін киігі.
Түсінесің...
Естілгенде күй үні
Кісінесін қысырақтың үйірі.
Жыр-Тәңірдің қорғасын ой ауыры,
Ұлпа күннің еріп кетсін сауығы
Шырқарымның шыңға асылып шырайы,
Тұлпарымның көбіктенсін сауыры.
Арналарын ақ толқындар кергенде
Жыр іздеген шаттықтан да,
Шерден де.
Күн астынан Күнікейін іздеген,
Ақын деген ел боламыз біз деген.
Қандай ғажайып жыр! Арманның ақ сәулесіне шомылған ғажайып жырларды оқи бергің келеді, оқи бергің келеді. Бәлкім содан болар, келер күн бал мен уын ұсынғанда, жанарынан жас тамып, мұнар көктен мұң ішкен Ғалым Жайлыбайдың өлеңдері маған жанның емін жазатын саумал қымыздай әсер етті. Ақын жырларында сарқыраған өзеннің гүрілі, найзағай жарқылы, күркіреп жауған жаңбыр, аққулардың қаңқылы, ұлардың үні, тоғай сыбдыры секілді тіршіліктің бүкіл дыбысы табиғи қалпында сайрап тұр екен.
Шөлейттеу жердің шөбі едім,
Шөліркеп әлі келемін,
Ақ жаңбыр мінез өлеңім,
кезертпей еріндерімді
құйып бір өтсе деп едім.
Сүмбіле соңы –сары тамыз
Сары тамыз, тілден бал тамыз.
Сарғайған шығар алқаңыз,
сарғайтып мені сәуірде
Сағым боп кеткен қалқа қыз.
Ботадай жырым боздап жүр,
Боталы зарын қозғап жүр.
Мазала мені Мағжан-жыр,
айнамкөз армандарымдай
Арқаға жауған ақ жаңбыр...
Немесе:
Кеудем толы сағыныштың саз әні,
Кеудем толы ғашықтықтың ғазалы.
Тіршіліктің гүл шыбықтай әр күні-
Бал-дәуреннің тарқамаған базары
Жарық барда, сымбат қандай, сыр қандай,
Жасыл қырқа жаңа туған жырлардай..
Батар күннің қызыл жалқын сәулесі
Өрт өмірді өле сүй деп тұрғандай.
Ақынның жүрегінен ақтарылған ғазалдарды оқып шыққан соң, Ғалымның болмысының даланың мінезіндей сабырлы, әрі салмақты болып жаратылуының ең басты себебі оның табиғатқа тым етене жақын екендігінен емес пе екен деген ойға қаласың.
Әдетте біз ақынға – мінез керек деген сөзді жиі айтамыз. Дегенмен кейде біздің ақындық мінезді есерсоқтықпен, дарақылықпен шатастырып жататын кездеріміз де бар-ау! Жасанды мінезге бой алдырып, қазақтың табиғатына мүлде жараспайтын рөл ойнап, жұртты жиіркендіріп жүрген ақындарды көргенде өнердің құнын арзандатып жіберген замандастарың үшін еріксіз ұяласың. Алайда адамгершілік туралы ұғымы өте биік, қазақ поэзиясында айшықты бояуы бар санаулы таланттарымыздың бірі Ғалым Жайлыбай ондай арзандықтан бойын аулақ ұстайтын, мүлде ерекше, мүлде бөлек жаратылған талант. Қашан көрсем де өз өлеңдерінен гөрі өзге бір ақынның жүрегінен туған жауһар жырларға балаша қуанып, жатқа соғып жүретін Ғалымның бойында тасқа тұнған теңіздің тамшысындай бір әдемі мөлдір тазалық пен қазақтың бәрін бауырына басып аймалағысы келіп тұратын даланың мінезіндей дархандық бар.
Әдебиетіміздегі ақсақал, қара сақалдардың да, түбіт мұрты енді ғана тебіндей бастаған жастардың да Ғалымды көргісі келіп сағынып тұратын себебі де мүмкін сондықтан шығар. Поэзияда өз үні, өз дауысы бар Ғалым Жайлыбайдың ұйытқып-бұрқамай, тасып-төгілмей жырлайтын арналы ақындығы туралы жыр сүлейі Темірхан Медетбек әдемі сипаттама берген екен:
«Мен Ғалым жырларының табиғатын көкірегінде қордаланып қалған шер мен шеменді қопарып тастайтын адуын күшке емес, сол шер мен шеменді сипалап отырып сылып алатын сиқырлы күшке ие шертпе күйге теңер едім.
Шынында да, Ғалым Жайлыбай шығармалары –бүгінгі қазақ өлеңіндегі шертпе күй! Егіліп отырып ет-жүрегіңді елжіретіп, шым-шымдап сыр төгіп отырып сүйегіңді үгетін оның жырларындағы баппен қағылып, байыппен шертілетін әуенге құлақ қойсаңыз, олай демеске лажың қалмайды».
Әйтсе де Ғалымның жыр жинақтарын оқып шыққан соң, ботаның көзіндей жәудіреген ақын өлеңдерінің қуаныштан гөрі өксік-өкінішке, шаттықтан гөрі қайғы-қасіретке толы екенін аңғардым. Әрине, дәл осы тұста бәз біреулердің өмірдің бәрі өксік пен өкініштен, қайғы мен қасіреттен ғана тұра ма деп дауласуы да әбден мүмкін. Бірақ Құдайдың екі аяқты саналы мақұлығы мейірімділікті ұмытып, адами құндылықтар аяққа тапталып, ар дегеніміз ең арзан дүниеге айналған мына аласапыран заманда, соның бәрін көріп отырған ақын жаны қалайша шаттанбақ.
Ол аз болғандай туған өлкеңнің қақ төсіне протон құлап, адам түгіл аңға шейін уланған даладан ауып кетіп жатқан ғасырда ақын неменесіне жетісіп қуануға тиіс. Сол құлаған протондардың кесірінен туған далаңның табиғаты азып, топырағы бордай тозып бара жатса, ақын қалайша қапаланбайды, оның нәзік жүрегі күрсініп, қалайша қан жыламайды. Әділін айтсақ, Ғалым Жайлыбайдың «Сарыарқа. «Протон құлаған жыл» атты өлеңінде ақынның ғана емес, бүкіл қазақ баласының жүрегін жаншыған заман нәубаты жатқан жоқ па?Қобыздай күңіреніп, қайрауықтың ащы күйіндей ақиқатты айтып салған ақынның осы бір өлеңін оқығанда тұла-бойың түршігіп, сай-сүйегің сырқырап қоя береді:
.... Келгендей Арқаға құрдым,
Тажалға лағнет мейлі-
Жаңаарқа,
Қарқаралының
Базарда малы да өтпейді.
Кигенде алаңсыз кепті,
Қартым-ай,
ретін сынар:
«Гептильді залалсыз депті,
Өкімет білетін шығар..
Қайтейін, асығыс бәрі,
Жөн еді қашық ұшқаны.
Ресейдің құламаса екен
Зымыран тасығыштары».
Шындығында Ресейдің зымыран тасығыштары Арқаның төсіне емес, қазақтың жүрегіне құлағандай әсер қалдырады мына өлең. Қазақтың уланған даласын көрген ақынның жаны осыдан соң қалайша қаңсырамасын. Өлеңді оқып шыққан соң ақынның көкірегіндегі ащы өксікті жан-тәніңмен түсінгендей боласың. Ақынмен бірге сенің де ет-бауырың езіліп кетеді. Күні кеше ғана жәзира төсінде жібек жел еркелеген даланың самалы еспей, жусаны жұпар шашпай қалған бүгінгі бейнесін көру ақын үшін қандай қасірет, қандай орны толмас өкініш десеңізші.
Туған топырағыңның қан қақсап жатқанын көру және оған қарсы істейтін амалыңның қалмауын сезіну ақын үшін тірідей тозаққа түскенмен бірдей азап емес пе? «Арқам-ай, арқаға батты» дейді, Ғалым ақын. Батпағанда, қайтсін. Ғасырдың қауіпті өткелінде жүдеп-жадап шайқалып тұрған ауылын, «уды у қайтарады» деп арақты суша сіміріп, ішкілікке салынып кеткен құрдастарын көргенде ақын жүрегі қалайша егіліп жыламасын?
Ақын өзі өмір сүрген дәуірдің үнін жеткізетін ғасыр перзенті. Әрине, біздің қоғамда заманның қайғы-қасіретін көрсе де көрмегенсіп, естісе де естімегенсіп, билікке жағыну үшін «Көк байрағым желбіреп тұр» деп, өлермендікпен өлең жазатын «көздері соқыр, құлақтары таскерең» болып кеткен ақындар да аз емес. Ғалым ондай «ақындардың» санатынан емес. Керісінше ол өз ұлтының мұңына көбірек құлақ түріп, қазақтың көз жасын өлең-орамалымен сүртіп, жан жылуымен жұбатқысы келіп тұратын жыр перзенті. Сондықтан да ол елінің, жерінің тағдырына қамығып жыр жазады, ұлтының көкірегіндегі шер-шеменді тарқатқысы келіп жан сырын ақ параққа ақтарады. Жүректің сөзін сөйлеген ақпараққа төгілген ақынның сыры оқырманды бей-жай қалдырмай, тылсым табиғатпен бірге сіздің де жаныңыз тұншыққандай болады.
Әсіресе, аққулардың қырылып, ақбөкендердің ауып, қазақ даласының азып-тозып бара жатқаны ақындық мінезі табиғатқа етене жақын Ғалымның жанын мұздай тоңдырып, шоқтай күйдіреді. Осыдан соң теледидар хабарынан Ақтөбенің Алға ауданында мұнай қалдығы төгілген көлде аққулардың қырылып қалғандығын естіген ақынның қайғы жамылып, қобыздай күңіренген зарын шын түсінгендейсің:
... Аққулар-ай,
Ардам-ай,
Шер күйім боп шертілген.
Жалғаны көп
Жалған-ай
Өлмесімді өлтірген.
Өксісе өлең өлкесі,
Жыршылары жылай ма?
Айдын-көлдің еркесі
Тұншығады мұнайға.
Аққулар емес сол мұнай қалдығының астында қаймана қазақтың жаны тұншығып жатқандай тұла-бойыңыз түршігіп сала береді. Қандай қорқынышты, әрі қасіретті сурет. Табиғат-Ананы аялай алмағандығымыздан сұлулықтың символы, пәк махаббаттың жаршысы іспеттес, дүние-жалғанға көрік беріп тұрған аққулардың қырылып жатқанын көру, қазақы рухтың өліп бара жатқанын көргенмен бірдей қасірет-қайғы емес пе? Ал, сол зауалдың табиғаттың алапат күшімен емес, адамның қолымен жасалып жатқанын және оның келешекте де жалғаса беретінін сезінгенде жаның қалтырап, мұз құрсанбай ма.
Міне, осындай сұмдықты көріп, запыран құсып, зар қаққан ақын қурайдай сарнап, енесінен айырылған ботадай боздайды. Қалайша боздамасын? Мына заманның наласына ботадай боздағаннан басқа істей алатын ақында қандай құдірет, қандай қайран қалды? Айтыңызшы қандай?
Қайда қанат қақтыңдар,
Мұнар күннің мұңды әні.
Алғадағы аққулар-
Арсыздықтың құрбаны.
Қайғымды тербеген,
Бозда толқын,
Сен де ертең
Аққуы жоқ көл деген.
Ақыны жоқ елмен тең.
Ғалым Жайлыбайдың айтқан шындығымен келіспеске амалың кем. Олай емес деп дауласуға дәтің шыдамайды. Міне сондықтан да күні кеше ғана жәнаттың бағындай жайнаған «қоғалы көлдер, қом сулардың» (Доспамбет) бүгінгі тағдырына қапаланған ақын жырлары ерекше бір қайғыға, ерекше бір қасіретті мұңға боялған. Бойыңнан тарқамайтын сол мұңда жан жараңды аяусыз тырнайтын өксікпен қатар, өзегіңді өртейтін өкініш жатыр. Ақынның көзінен жас емес, қан болып сорғалаған зарлы өкініш. Ақын жүрегінің нәзік тамырларын аяусыз балталаған қайғылы өкініш. Ақынның жанын жегідей жеп, тауын шаққан қасіретті өкініш. Әсіресе бұл өкініш Ғалым Жайлыбайдың «Киікқашқан» атты жыр толғауында мейлінше зарлы шығып, боз даласы бота болып боздап, бозторғайы бүрісіп ән сала алмай қалған қазақ сахарасы көз алдыңа елестеп, кеудеңе бір өксік тіреледі.
Ақынның жыр-толғауындағы «Киікқашқан» - бүгінгі даланың символдық бейнесі. Табиғат сұлулығын сақтап қала алса ғана адамның жүрегіндегі имандылық оты өшпейді. Өйткені сары даладағы тақиядай төбелердің, жусанның, көкпек пен көделердің қадыр-қасиетін білетін және ондағы аң-құстарды аялай алатын адам ғана адамшылығын жоғалтпайды.
Өкінішке қарай сол сайын дала уланып, ақбөкендер басқа мекенге ауып жатыр. Сол ақбөкендермен бірге дала да табиғи сұлулығынан айырылып барады. Ақындық жүрек сезе-дүр. Халық даласын жоғалтса қазақы табиғатынан айырылады. Қазақы табиғатынан айырылса ділін, тілін, салт-дәстүрін, бәрін-бәрін жоғалтады. Қайтпек керек? Ақын байғұстың қалам алып, қапаланып жыр жазғаннан басқа қолынан не келеді?
Сарыдала жазық па екен,
Жайлау ма екен..
Көздері көкірегімнің байлаулы екен.
Ай аман аспанымда
Қас-қағымда
Арқаның ақбөкені қайда ауды екен...
Сал самал беттен сүйіп майда лебі:
Сайымнан сая іздеген сайғақ еді,
Аң-құстың арасында айманы еді
Өлкеңіз өзегінен қайғы өреді-
Ақыным, ақбөкенім қайда –деді..
Қараған,
Селеу,
Мия шағылдағы.
Сұраудан киіктерді жаңылмады.
Даланың дараланбай дабылды әні,
Құдайым бір қызықты тағы ұрлады-
Сарғайып сағыныштың сағымдары...
«Киікқашқанды» оқыған кезіңізде құлағыңызға зарлы күйдің үні естілгендей тұла-бойыңыз шымырлап қоя береді. Бейопа дүниенің арсыздығына налыған ақынның заманның зарын айтып, бабалардың бейітіне бәйіт оқыған тірлігін көргенде жалған тіршілікке лағнет айтқыңыз келеді. «Тағдырдың тасадағы тасы тисе, Бізден де қашады әлі киік жалған» дейді, Ғалым. Өзегіңді өкініш өртесе де ақынның аузымен айтылған ақиқатты мойындамасқа лажың жоқ. Тағдырдың тасадағы тасы бүгін Табиғат-Анаға тиді. Енді ол ертең адамға тиеді. Тіпті, тиіп те жатыр. Жанымыз лайланып, ондағы аққу сезімдеріміз өліп, Арқадан ауған ақбөкендер сияқты жыл өткен сайын адамгершілігімізден айырылып бара жатқанымыз сондықтан емес пе екен? Кім біліпті?
«Киікқашқан» азып-тозған дүниенің символдық бейнесі ғана емес, қазақы рухтың бүгінгі көрінісі. Бұл күні кеше ғана «Адамға табын Жер енді» деп астамсыған адамға жіберген Құдайдың зауалы. Осыны жан-тәнімен түсінген ақын ақылынан адасқан Адамның қателігі үшін, Табиғат-Анадан жалбарынып, кешірім сұрайды.
Кеше гөр,
Ақ таңдарым,
Күрең кешім,
Гүліңді солып қалған нұр емдесін.
Баланың жанарынан қан тамады.
Ананың анарынан у емгесін.
Қорқынышты шындық. Төбе шашыңызды тік тұрғызатын үрейлі шындық. Анасының анарынан у еміп, жанарынан қан тамған балалардың ертеңгі күні ұлтына жаны ашымайтын «соқыр, мылқау, таскерең» ұрпақ болып өсіп шықпайтынына кім кепіл? Міне, осыдан соң ақынның жыр-толғауындағы киіктердің адамша күрсініп, адамша жылағанын түсінгендей боласың. Байқап қарайықшы, табиғат алмасып, адам аңға, аң адамға айналып кеткен жоқ па өзі?
..Ашпаған еш пендеге бір сыр еді,
Сол сырды сарыдаланың білсін елі,
Ойласам жаным жиі түршігеді,
Киіктер адамдарша жылайды да –
Киіктер адамдарша күрсінеді.
Дегенмен жамандыққа бой алдыра бермейікші. Ұлы Абайдың айтатыны бар емес пе: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек –қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қыстың артынан көлі мол, жақсы жаз келмеуші ме еді»
Кім біледі? Мүмкін бүгінгі қазақтың тағдыры сол қары қалың қыс кезіне тап келіп тұрған шығар. Мүмкін күндердің-күнінде адам баласы айуанға айналып бара жатқанын түсініп, Табиғат-Анадан кешірім сұрап, сабасына түсер. Астамшылық жасамайық. Мүмкін келешекте ұлтты жарқын болашақ күтіп тұрған шығар. Ғалым ақын да өзінің бір өлеңінде бар сағынышын төгіп, құсқанатынан кейінгі жылықты аңсайтынын жазыпты. Сол жылылық қазақ даласына тезірек келсе екен. Тезірек!
Дүр дүние әр пендеге нақ сонар
Тауы-мұнар,
Аспаны –бұлт,
Бағы –ырыс.
Құсқанаты –Ар боп жауған ақша қар
Көктемдердің көзіндегі сағыныш..
Біздің сапар Сарыбелден басталған,
Мен де өлемін
Армандарым өлген күн.
Күздің түні алқаракөк аспаннан
Құсжолының ақ жолағын көргенмін.
Талайыма тылсымдарды кез қылдың
Ылди көрдім,
Жазық көрдім,
Өр көрдім.
Ақ боранды ақпанында мезгілдің
Ақ дүниеге Ақын болып келгенмін.
Ойларымның орда бұзар берені,
Тіршіліктің тоқсан тарам толғағы.
Көктемдерім көктеп қоя береді
Құсқанаты жауып өтсе болғаны.
P.S Ақынның өлеңдерін оқып шыққаннан соң өзімді даладан келген жолаушыдай сезіндім. Бірақ көңілімде бұрынғыдай аласұрған қуаныш емес, беймәлім бір алаң бар. Ол не алаң? Өзім де түсінбеймін. Ақын жырлары жүрегімдегі қайғымды тербеп, Арқадан ауған киіктер секілді далаға қарап жылай бергім келді, жылай бергім келді...