«Халықаралық рақымшылық» әлем елдерін құпия түрмелерді жоюға шақырады

Гуантанамо американдық әскери базасындағы таңғы намызын оқып жатқан бір топ тұтқындар. 28 қазан 2009 жыл

Жақында, БҰҰ аясында, құпия түрмелер тәжірибесін зерттеу аяқталды. Әлемнің әр аймағындағы ондаған елдер құпия түрмелерді кеңінен пайдаланатындықтан, бұл проблема жаһандық сипат алды.
СОТТАН ТЫС ЖАЗАЛАУЛАР

Кейбір елдерде де осындай әрекетке барып, барлау органдарымен жұмыс істеу немесе басқа елдердің тапсырысымен тұтқындарды тасымалдау барысында құпия түрмелерді ұстады.

БҰҰ – ның зерттеуі - құпия, бейресми абақтылардың адам құқын еселеп бұзу болып табылатынын және қандай жағдайда да ақтап алуға келмейтінін дәлелдейді.

Мұндай тәжірибе халықаралық құқыққорғау және гуманитарлық заңдармен мүлде үйлесім таба алмайды.

«Халықаралық рақымшылық» халықаралық құқыққорғау ұйымының халықаралық заңнама және саясат бөлімінің директоры Уидни Браун:«Құпия тұтқындаулар тек жай ғана заңға қайшы емес. Олар азаптау және соттан тыс жазалаулар тәрізді бірқатар заңсыз әрекеттерге жол ашады», - дейді.

«Халықаралық рақымшылық» ұйымы ұзақ жылдардан бері құпия түрмелер тәжірибесінің арқасында болған азаматтардың жоғалып кетуі, қорлау және азаптаудың көптеген түрінің қолданылуы, сотталмай өлтірілуі және қатал жолмен бас бостандығынан айырылуы секілді адам құқының бұзылуын қатты сынға алып келеді.

ЖАҺАНДЫҚ МӘСЕЛЕ

БҰҰ ның зерттеуі, негізінен 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін АҚШ-тың басшылық жасауымен басталған лаңкестікпен соғыс деп аталатын бағдарламаға қатысты болды.

«Халықаралық рақымшылық» құқыққорғау ұйымы, лаңкестікке қарсы науқан барысында орын алған заңсыздықтар үшін есеп беруін талап етіп, Құрама Штаттар үкіметіне қысым жасауда. Ұсталғандарды құпия тұтқында ұстау бағдарламасына қатысқан мемлекеттердің әрекеті де адам құқының бұзылуы тұрғысынан зерттелуі тиіс.

Осыған орай «Халықаралық рақымшылық» 2003 – 2005 жылдар аралығында Литва аумағында құпия түрмелер жұмыс істеді деген айыптауларға байланысты Литва бас прокурорына сот тексеруін бастау туралы талаппен қайрылды.

«Халықаралық рақымшылық» Пәкістандағы лаңкестікке қарсы операциялар барысында да адамдардың жоғалып кетулеріне байланысты болған бірнеше оқиғаларға алаңдаушылық білдіреді. Сауд Арабиясы мен Тунис мемлекеттерінде де құпия түрмелер мен беймәлім жазасын өтеу орындарының жұмыс істегені тіркелген.

Бірлескен тергеуді БҰҰ-ның Адам құқы жөніндегі кеңесінің бақылауымен арнайы төрт топ жүргізді. Олардың ішінде адам құқы жөніндегі арнайы баяндамашы, азаптау мәселелері жөніндегі зерттеуші, озбырлықпен тұтқындау мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашы және лаңкестікке қатысты күдікті деп табылған адамдардың мәжбүрлеп жоғалу жағдайын зерттеу тобы бар.

«Халықаралық рақымшылық» халықаралық құқыққорғау ұйымы жекелеген осы төрт топтың бірлескен тергеу туралы шешімін құптады. Бұл проблеманың географиялық ауқымдылығын қаперге алсақ, әлгі топтардың бірлесе жұмыс істеуі құпия түрмелерді пайдалану әрекетіне байланысты адам құқына қатысты мәселелерді барынша толығырақ қамтуға және жоғары деңгейде қоюға мүмкіндік берді.

Даярланған есеп, БҰҰ Адам құқы жөніндегі кеңесінің 8 наурызға белгіленген келесі сессиясында тыңдалады. Құжат 220-дан астам беттен тұрады. Онда 44 мемлекетте жасалған жан-жақты сұрау салу бар.

Бұдан бөлек, онда 30 адамның немесе олардың туыстарының және адвокаттардың куәліктері бар. Бұл - тұтқындалу кезінде көпшілігі азаптауға ұшыраған, құпия түрмеде ұсталған 30 құрбанның куәліктері.

ҚАРА ОРЫНДАР

Есеп ауторлары зерттеу барысында лаңкестікке қарсы күрес тұрғысында құпия түрмелерді пайдалану тарихына да шолу жасап кетеді. Өткен тарихтың тәжірибесіне сілтеме жасаған есеп ауторлары, нацистік режим мен советтік ГУЛАГ кезеңінен бастап мемлекеттер оппозицияны құпия абақтыларда өте жиі ұстап отырған деген байламға келеді.

Латын Америкасындағы диктаторлық режимдер де 1970-1980 жылдары мұндай тәжірибені кеңінен пайдаланған.

2001 жылдың 11 қыркүйегінде Нью-Йорк пен Вашингтонға жасалған лаңкестік шабуылдардан соң Джордж Буш лаңкестікке жаһандық соғыс жариялады. Осылайша, «Аль-Каидамен» ынтымақтасты деген күдіктілер әкелінетін Гуантанамодағы жартылай ресми ұстау орталығы пайда болды.

Бұдан бөлек, лаңкестікке қатысы бар деген күдіктілерді ұстайтын қара орындар өзге де көптеген елдерде ашылды. Ұсталғандар Гуантанамоға әкелінбес бұрын Эфиопиядағы, Джибуттидегі, Мысырдағы, Иорданиядағы, Мароккодағы, Пәкістан мен Сириядағы құпия орындарда ұсталған.

Лаңкестікке байланысты күдікпен тұтқындалғандарды Таиландтың, Польша мен Румынияның құпия түрмелерінде де ұстағандығы анықталды.

Бұның барлығы америкалық ОББ-ның (орталық барлау басқармасы) ғана тапсырысымен жасалды ма, әлде бұл елдер, одан бөлек Ұлыбритания мен Канада тарапынан болған шетін өтініштерді орындады ма, бұл жағы әзірге толық айқын емес.

Бұнымен қатар, тұтқындалған күдіктілерді Қытайдың, Ресейдің, Үндістан мен Иранның құпия түрмелерінде ұсталғандығы жайындағы оқиғалар тіркелген. БҰҰ есебі атап өткендей, бұл жағдайларда құпия түрмелерде оппозициялық қозғалыстардың өкілдері ұсталған.

Зерттеліп отырған проблемалар тұрғысынан келгенде, есеп ауторлары лаңкестікке байланысты күдіктілер сотсыз ұсталып отырған ОББ-ның барлық құпия нысандарын жою жөніндегі Америка президенті Барак Обама әкімшілігінің жоспарына байланысты үлгіні құптады.