Қазақстанда кемсітуге ұшырайтын босқындар алыс шетелге кету қамында

Қазақстанға көрші елдерден келген босқындардың жергілікті үкіметтің өздеріне қатысты ұстанған саясатына көңілдері толмайды. Жер ауғандардың басым бөлігі Қазақстанда қалу қауіпті деп есептейді және үшінші елге көшуді қалайды.

Қазақстандағы көрші мемлекеттерден келген босқындар мамырдың 17-і күні БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Алматыдағы кеңсесіне жиналды. Оларды мұнда халықаралық ұйым шақырған.

БОСҚЫНДАР СӨЙЛЕСУДЕН ҚОРҚАДЫ

Алматыдағы кеңсе ғимаратының алдына шамамен елуге жуық босқын жиналды. Олардың дені Өзбекстан азаматтары, бұған қоса Қытай ұйғырлары мен қырғыздар бар. Босқын мәртебесінен үміткерлердің арасында әйелдер мен балалар да болды. Күзет ғимарат ішіне оларды куәлік қағаздармен ғана кіргізді.

Босқындардың барлығы дерлік журналистермен сөйлесуге қымсынады, суретке және бейнекамераға түсуді қаламайды. Олар жеке бастарының қауіпсіздігі үшін өздері туралы мәліметтің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарап, өз елдеріндегі арнайы қызмет орындарының назарына ілігуден қорқады.


Босқындармен кездесуге журналистерді жібермеді. Халықаралық ұйымның БАҚ өкілдерімен байланыс жөніндегі аймақтық маманы Жанна Досова «бұл жиын - кеңсенің ішкі мәселесі» дегеннен басқа ешқандай мәлімет берген жоқ.

Босқындармен кездесу шамамен 3 сағатқа созылды. Кездесуде қандай мәселе көтерілгендігін жиыннан соң Азаттық радиосына аты-жөні баспасөзге шықпағандығын қалаған босқындар және қазақстандық адам құқығын қорғаушы Денис Жеваго баяндап берді.

«ДЕПАРТАМЕНТТЕ БІЗДІ «ТЕРРОРИСТ» ДЕП АТАДЫ»

Олардың айтуынша, кездесуде босқындар негізінен Қазақстанда босқындар туралы заңның қабылдануына байланысты өзгерістерден туындаған мәселелерді көтерген.

Бұл заң 2010 жылы 1 қаңтарда күшіне енді. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы сәуірде Қазақстан үкіметімен келісімге қол қойды. Жаңа құжаттарға сәйкес, ұйым босқын мәртебесін анықтауда бақылаушы болып қалады, босқын мәртебесін беруді Қазақстан үкіметі жүзеге асырады. Бұл жағдай елдегі босқын мәртебесін сұраушыларды алаңдатып отыр. Босқындармен кездесуге, халықаралық кеңсенің өкілдерімен бірге, Алматы қалалық көші-қон департаментінің басшысы Гүлсара Алтынбекова да қатысқан. Денис Жевагоның айтуынша, босқындар департамент жұмысына қатысты сын айтты.

Жеке басының қауіпсіздігі мақсатында, есімінің баспасөзде аталмауын қалаған босқын Алматыдағы көші-қон департаментіне тіркелуге барғанда, мекеме қызметкері оны «моджахед», «террорист» деп атады деп мәлімдеді.

Денис Жевагоның айтуынша, босқындар мемлекеттік мекемедегілердің өздеріне дөрекілік көрсететіндігін мәселе етіп көрсеткенде, департамент басшысы Гүлсара Алтынбекова алдағы уақытта мұндай қателіктерге жол берілмейді деп уәде берген.

БОСҚЫН РЕТІНДЕ ТІРКЕЛУ ЕРЕЖЕЛЕРІ

Бұған қоса халықаралық кеңседегілер босқындар өзі толғандаратын, бірақ айтудан қорқатын мәселелерін жазбаша түрде өткізуге болатындығын айтып өткен.

Кездесу барысында кеңсе өкілдері босқын мәртебесін беру тәртібін түсіндіріп өткен. Әуелі босқын мәртебесін алуды көздеген азамат БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасынан ілеспе хат алады. Одан соң көші-қон департаментіне өтініш хат, сурет және жеке куәлігінің көшірмесі тапсырады.

Босқын мәртебесін сұраушыда төлқұжат жоқ болса да мекеме оны тіркеуден бас тартпауы тиіс. Тіркеу барысында қандай да бір қиыншылықтар туындаған жағдайда, босқын БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасына және Адам құқығын қорғау жөніндегі қазақстандық бюроға шағымдана алады.

Тіркеуге қатысты тиісті құжаттар көші-қон комитетіне өткізілгеннен кейін ертесіне бұл мекеме азаматқа босқын мәртебесін сұраушының жеке куәлігін тапсырады. Бұл құжат бір айға жарайды. Көк түсті осы кітапшаны алып босқын көші-қон полициясына тіркелуге барады. Полицияда тіркелу мерзімі - үш ай.

БОСҚЫН МӘРТЕБЕСІН АНЫҚТАУ МАУСЫМДА БАСТАЛАДЫ

Әзірге Қазақстан көрші мемлекеттердің азаматтарына босқын мәртебесін берген жоқ. Республика аймақтарында бөлімшелер ашылады. Сол аймақтық бөлімшелердің негізінде босқын мәртебесін анықтау комиссиялары құрылады. Қазіргі таңда мұндай комиссия Алматы және Шымкент қалаларында ғана бар.
Ауған әйел балаларымен Пешавардағы БҰҰ-ның босқындар лагеріне жетті. 22 сәуір 2010 ж.

Босқын мәртебесін анықтау комиссиясы осы жылы маусым айында жұмыс істей бастайды деп жоспарланған.
Комиссия қарсаңында босқын көші-қон департаментінің бір өкілімен әңгімелеседі. Халықаралық кеңседегілер әңгіме барысында не үшін босқын мәртебесі керектігіне қатысты шындықты айтуға кеңес беріп отыр.

Ал, комиссия жұмысына бірнеше адам қатысады. Олардың ішінде БҰҰ-ның Жоғарғы комиссары басқармасының өкілі де болады. Босқын мәртебесін сұраушы комиссияның сұрақтарына жауап береді. Одан соң комиссия азаматқа босқын мәртебесін беру-бермеу туралы шешім шығарады.

Халықаралық кеңсе өкілдері комиссия босқын мәртебесін бермеу туралы шешім шығарған жағдайда, бұл азамат сотқа немесе жоғарғы инстанция – Астана қаласындағы көші-қон комитетіне шағым түсіре алады. Босқынға апелляциялық шағым дайындау үшін Адам құқығын қорғау жөніндегі қазақстандық бюроға жүгінуге болады.

БОСҚЫНДАР ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ

Өзінің аты-жөні баспасөзде аталуын қаламаған босқынның айтуынша, босқын мәртебесін сұрап келген азаматтардың көпшілігі осындай мәртебеге ие болған күннің өзінде Қазақстанда қалғысы келмейді. Олар үшін Қазақстан – үшінші бір елге шығудың жолы ғана. Босқындар бұл елдің өз қауіпсіздігі үшін сенімді мекен емес екенін алға тартады.

Халықаралық кеңсе өкілдерінің айтуынша, үшінші мемлекетке босқын мәртебесіне ие болған азаматтар ғана көшіріледі. Бірақ оның өзінде де көшіруге өтініш берген босқындардың бәрі осындай құқыққа ие болмауы мүмкін. Халықаралық кеңседегілер алыс шетелге босқындардың ішіндегі көшіруге аса мұқтаждары ғана ғана өте алатындығын айтып отыр.
Ауғандық босқын әйел баласымен Пешавардың түбінде. Пәкістан, 22 сәуір 2010 ж.

Босқындар қай елге көшкісі келетіндігін өзі таңдай алмайды, бірақ ұсыныстан бас тарта алады. Бұл жағдайда кеңсе оны көшіру туралы келесі бір өтінішті қарамайды. Бұған қоса босқынды көшіру туралы түпкілікті шешімді оны қабылдап алушы мемлекет шығарады.
БҰҰ-ның Жоғарғы комиссары басқармасының жұмысы тегін көрсетіледі.

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты көші-қон жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда республикада алыс шетелден 615 адам ресми босқын мәртебесімен тұрып жатыр. Олардың 99 пайызы – 611 адам Ауғанстаннан, 2 азамат Эфиопиядан, қалғандары Сомали мен Нигериядан келген.

Ал, БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының мәліметі бойынша, Қазақстанда көрші мемлекеттерден келген 250 мандатты босқын бар.