Владимир Путиннің Ресей автоөнеркәсібін қолдауға арналған пиар акциясы сәтсіз аяқталды. Су жаңа «Ладамен» жолға шыққан премьер сапары шын мәнінде қалай болғанын баяндайтын видеоролик интернетте жария болды. Бұл видеоны белорусь телеарнасы да қағып алып, көрсете қойды.
БЕДЕЛ КӨТЕРУ ШАРАЛАРЫ
Премьер-министр Владимир Путин биылғы жазды өзін әмбебап басшы ретінде танытуға арнады. Бірде ормандағы аюдың ізіне түссе, енді бірде теңіздің тулаған толқынында кит аулады.
Владимир Путин өзінің бесаспап-сайыпқыран екенін жақында тағы да аңғартты. Сап-сары «Лада-Калинаның» тізгінін ұстаған ол тамыз айында екі мың шақырымнан астам жол жүріп, кең-байтақ Сібірден өтті.
Осылайша бір жағынан Ресей автоөнеркәсібіне қолдау көрсетсе, екінші жағынан алдағы сайлау алдында беделін бір көтеріп алуды көздесе керек. Путин келесі сайлауда Ресей президенттігіне қайта оралуы мүмкін екені белгілі.
«Жолда қалдырмайтын, жанға жайлы сенімді көлік» деп Путин шағын «Лада-Калинаның» мақтауын асырып тастады. Сөйтіп орыстарды жапон автокөліктерінің орнына отандық «Лада-Калинаны» мінуге шақырды. «Өкінбейсіздер» деп қосып қойды.
БІР ЕМЕС, ҮШЕУ
Алайда, ұзақ жол тақтайдай тегіс бола қоймаған тәрізді. Интернетте бұл сапарға бір емес, үш «Лада-Калина» шыққанын көрсететін видео пайда болды. Үш көліктің түр-түсі бірдей. Видеокадрлардың бірінде осы көліктердің бірін эвакуаторға қалай салып әкеткені де төбе көрсетті.
Тамыздың 30-ы күні интернеттегі «Ютуб» видеопорталына шыққан әлгі видео жалпақ жұртқа лезде тарады. Бір күнде оны үш жүзден астам адам қарап шықты.
«Үшіншісі келе жатыр! - деп күледі Владимир Путиннің автосапарын бақылап отырғандардың бірі. - Сынып қалды, алып кетті...»
Бұл роликтің авторы Семен Шифрин «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосына айтқан сөзінде: «Ресей премьер-министрі жөнінде бөтен ойым жоқ. Бірақ Путиннің «Ладамен» жасаған сапары күлкілі болып шықты», - дейді.
«Путин үш «Лада-Калинамен» шығады деп ойламаппыз. Үшеуін қатар көргенде күлмей тұра алмадық. Егер олар бұл көлікті насихаттағысы келсе неге үшеуін бірдей алып жүреді? Путин ересек адам ғой, бір жері бұзыла қалса өзі де жөндейді. Мұны тіпті кезекті пиарға айналдыруына болатын еді», - дейді Семен Шифрин.
КЕЗЕКТІ НАСИХАТ
Алайда бұл видео Владимир Путиннің «Лада-Калинамен» жалғыз өзі Сібірден өткенін көрсеткен ресейлік ресми телеарналардың хабарларына мүлде керісінше болып тұр.
«Ютуб» видеопорталындағы видеодан әлгі үш көліктен өзге Путиннің айналасында басқа да көптеген қызмет көліктері жүргенін көруге болады. Семен Шифрин жүзге дейін санағанын, одан әрі саннан жаңылғанын айтады.
Ресей үкіметі «Лада» мен «АвтоВАЗ» кәсіпорынын сақтап қалу үшін осы уақытқа дейін мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы жұмсап үлгерді.
Видеоны көрген көптеген адам мұны «Ладаның» шатқаяқтап тұрған имиджін көтеруге арналған, мол қаржыны ысырап еткен кезекті үгіт-насихат дейді.
БЕЛОРУСЬ ТЕЛЕАРНАЛАРЫ ҚАРЫМТА ҚАЙТАРДЫ
Ресей телеарналары Путиннің автосапары туралы шындықты қанша жерден құпия ұстағысы келгенімен Белорусь ақпарат құралдары президент Александр Лукашенконы қаралаған ресейлік фильмдерден қарымта қайтарудың қолайлы сәтін құр жібермеді.
Белорустің ұлттық ОНТ телеарнасы тамыздың 31-і күні Владимир Путиннің жұртты күлкіге қарқ қылған автосапарын әжуаға айналдырған сюжет көрсетіп, онсыз да ширығып тұрған Мәскеу мен Минскінің ара қатынасын одан сайын ушықтырды.
«Ресейде жасалған машиналар интернетте аяусыз сынға ұшырап жатыр. Тіпті, арнайы тапсырыспен Путин үшін жасалған «Лада-Калинаның» өзі 350 шақырымға жарамай, сынып қалды. Путин бұзылған көлікті тастап, дәл сондай басқа көлікке ауысып мінді» делінеді белорусь телеарнасындағы сюжетте.
Өткен жылы Ресей премьер-министрі өзі сатып алған «Лада-Нива» көлігін жер-көкке сыйғызбай мақтаған еді. Сапа жағынан осал «Лада» маркасын Владимир Путиннің насихаттап тұрғаны бір бұл емес.
Владимир Путин биылғы қаңтар айында өз көлігінде Германияда арнайы жасалған қозғалтқыш тұрғанын айтпаса, «Ниваны» насихаттаған еңбегі, бәлкім, зая кетпес те еді.