Халық қаһарманына айналған Қайрат Рысқұлбековтың өлімінің сыры ашылмады

Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Қайрат Рысқұлбековтың зиратының басындағы ескерткіш. Семей, желтоқсан, 2009 жыл.

Желтоқсан оқиғасына қатысқан Қайрат Рысқұлбековтың есімімен байланысты орындар Семейде санаулы ғана. Алматыда сотталған соң Семей түрмесіне әкелінген Қайрат осында қаза болды. Семейде оның атында мектеп пен мұражай бар.
ТҮРМЕДЕГІ ҚАЗА ЖАЙЛЫ ЖОРАМАЛ

1986 жылғы желтоқсан оқиғасы қазір тарих қойнауына енді, оған қатысқандар тәуелсіз Қазақстанның шежіресіне алғашқы болып қолтаңбаларын қалдырды. Ату жазасына кесіліп, артынан үкімі 20 жыл бойы түрмеде отыруға өзгертілген, бірақ Семей түрмесінде бар болғаны 21 жасында қаза болған Қайрат Рысқұлбековтың өлімі Желтоқсан оқиғасына байланысты ең үлкен құпиялардың бірі болып қалды.

Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін сот Қайратты ату жазасына кесуге үкім шығарған соң ол Семей түрмесіне жеткізілген.
Солдан оңға қарай: Е.Көпесбаев, Т.Тәшенов, Қ.Рысқұлбеков және К.Күзембаев өздеріне шығарылған сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 16 маусым 1987 жыл. Советтік ҚазТАГ тілшісі Юрий Беккер түсірген сурет.
Қайраттың түрмеде қалайша қаза болғаны туралы әлі күнге шейін ешкім түсіндіріп айтып бере алмайды. Кейбіреулер ол өз-өзіне қол салған десе, енді біреулер ол тапсырыс бойынша өлтірілген дегенді айтады. Советтік Қазақстан билігі Қайрат Рысқұлбеков өзін-өзі өлтірді деп хабар таратты. Ондай хабарға кейбір саясаткерлер күні бүгінге дейін күмәнмен қарайды, бірақ бұл оқиғаға жаңадан тергеу жүргізу туралы талап қойған емес.

Батыс қауымдастығының қысымынан соң Советтер одағының басшысы Михаил Горбачев Желтоқсан оқиғасына қатысқан Қайрат Рысқұлбековке шығарылған ату жазасын 20 жыл түрме жазасымен ауыстырғаны мәлім. Совет тергеушілерінің болжамы бойынша, Қайрат үшін 20 жыл түрмеде отыру деген ату жазасымен пара-пар боп көрініп, ол өзімен камералас кәнігі қылмыскердің жейдесіне асылып өлген. Бірақ кейін Қайраттың заттарының арасынан оның таза жейдесі табылған. Бұл туралы көптеген зерттеулерде жеткілікті суреттелген.

Семейдегі Қайрат Рысқұлбеков атындағы мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Қайнигүл Ерахметова, Азаттық тілшісіне берген сұхбатында, оқушы балаларға Қайраттың қазасы туралы сабақта қалай түсіндірілетіндігін айтып берді:

– Біз балаларға Қайрат Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күресіп, ел үшін опат болды деп оқытамыз. Ол кезде елдегі билеуші жүйемен күресу өте қиын болғандығын, Қайрат бастаған студенттер басын тәуекелге байлап халқы үшін күресуден тайынбады, өз мақсаттарынан бас тартқан жоқ. Біз оны түрмеде қаза тапты деп санаймыз, – дейді Қайнигүл Ерахметова.

ҚАЙРАТ РЫСҚҰЛБЕКОВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП

Семейдегі мектеп жанынан Қайрат Рысқұлбеков атындағы мұражайдың ашылғанына үш жыл болды. Содан бері мұнда жиналған заттар да көп емес. Негізінен онда Қайраттың түрмеден анасына жазған хаттары мен Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы мектепте оқыған кезіндегі дәптерлері бар. Қайнигүл Ерахметова бұл мұражайдың қашан ашылғаны және мектепке Қайраттың есімінің қалай берілгендігі туралы әңгімелеп берді.

– Ол Жамбыл облысында мектепті тәмамдап, онан соң Алматыдағы құрылыс техникумына оқуға түскен. Әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін оны тұтқындап осында, Семейге әкелді. Ал түрмеде қаза болғаннан кейін оны осында жерледі, оның зираты біздің мектептен онша алыс емес, – дейді Қайнигүл Ерахметова.

Содан бері мұғалімдер мен оқушылар Қайраттың зиратын өз қамқорлығына алып, оның маңайын таза ұстап, гүл шоқтарын қоюды дәстүрге айналдырған.

– Уақыт өте келе оның анасымен және бауырларымен байланыс орнаттық. Онан кейін, біздің өтінішіміз бойынша, 2003 жылы мектепке Қайрат Рысқұлбековтың есімін беру туралы үкімет қаулысы шықты. Оның есімі мектепке ресми түрде 2006 жылы берілді. Сол жылы мектепте оның мұражайын ашу туралы идея пайда болды, – дейді Қайнигүл Ерахметова.

Кейінірек Семей қаласының билік орындары Қайрат Рысқұлбековтың ескерткішін орнатты.

ҚАЙРАТТЫҢ МҰРАЖАЙЫ

Мектеп директоры орынбасарының айтуынша, мұражай ашу туралы идеяға мұғалімдер ғана емес, Қайрат Рысқұлбековтың туысқандары да қолдау білдірген. Олар мұражайға Қайраттың хаттары мен кейбір жеке заттарын сыйлаған. Қайрат оқыған мектептің директоры да мұражайға экспонаттар берген.

– Қайраттың әкесі өмірден озған, ал анасы әлі тірі. Ол кісі бізге Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығында, 2006 жылы Қайраттың
Қайнигүл Ерахметова, Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Қайрат Рысқұлбековтың атындағы мектеп директорының орынбасары, мектеп мұражайындағы Қайраттың галстугін көрсетіп тұр. Семей, желтоқсан, 2009 жыл.
бауыры Алтаймен бірге келіп кетті. Мұражайға Қайраттың оқушы кезінде таққан пионер галстугін әкеліп берді. Сондай-ақ, Қайрат оқыған мектептің директоры да келіп, біздің мұражайға оның дәптерлерін сыйға тартты, – дейді Семей қаласындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Мұражайымыз шағын, «бірақ ол маңызы үлкен адамға арналған», дейді Қайнигүл Ерахметова. Жоба бойынша, мұражайда Қайраттың мүсінін орнату да жоспарланғанымен әзірге оны іске асыруға қаржының жоқтығы қолбайлау болып отыр екен.

Қайрат Рысқұлбеков атындағы мектептің дирекциясы жыл сайын желтоқсан айында концерттер ұйымдастырады. Ондағы көптеген қойылымдардың кейіпкері – балғын Қайрат. Бұл күндері сондай-ақ волейболдан Қайрат Рысқұлбеков атындағы ауыспалы кубок жарысы өтеді.

Онан соң мектептегі «Жас Қайрат» тобының қатарына оқушы балаларды қабылдау рәсімі өткізіледі. Бұл топтың ұраны ретінде Қайрат Рысқұлбековтың сотта сөйлеген: «Мен қазақпын, менің арым таза, менің мақсатым – еркін Қазақстан» деген сөздері алынған. Зерттеушілер ол сотта дәл осылай айтқан дейді.

Осылайша, қазасының шынайы себептеріне қатысты жекелеген күмәнді сауалдарға нақты жауап табылмаған Қайрат Рысқұлбековтың бейнесі бүгінде қаһарман тұлғаға айналып отыр.