Атом көлі маңындағы ауыз сусыз отырған Саржал ауылы тозып барады

Семей ядролық полигонына іргелес жатқан Саржал ауылы. Тамыз, 2009 жыл.

Совет Одағы кезіндегі бейбіт атом деп аталатын жобаның соңында Атом көлі қалды. Атом көлі маңындағы Саржал ауылының тұрғындары оларда, өзгесін айтпағанда, таза ауыз судың да жоқтығын айтады.


ҚАЛЫПТАҒЫ МӨЛШЕРДЕН 50 ЕСЕ ЖОҒАРЫ


Советтік энциклопедияны ашып қарасаңыз, ғалымдар ядролық жарылыстардың жоспарын құрғанда олардың мақсаттарының бірі - елдің құрғақшылық жайлаған өңірлерінде тұратын адамдар үшін ауыл шаруашылығына пайдаланатын суаттар жасау болғандығын оқисыз. Толып жатқан ядролық жарылыстардан соң Семей жерінде терең шұңқырлар, қираған тау мен Атом көлі қалды.

Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының деректеріне қарағанда, 1965 жылдың 15 қаңтарында қуаттылығы 140 килотонна жерасты жарылысы жасалған. Соның нәтижесінде тереңдігі 100 метрден асатын, диаметрі 400 метрлік шұңқыр пайда болған. Бұл жарылыстың қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 9 есе артық болатын. Жарылыс Шаған және Ащысу өзендерінің түйісер жерінде жасалғандықтан, сол 1965 жылдың көктемінде тасыған су шұңқырды толтырып, Атом көлі пайда болды.

Полигон жайындағы советтік фильмдерден мынаны білуге болады: жаңадан жасалған су қоймасының әр жерінен, әр кездері радиоактивтілігін тексеру үшін су алынып отырған; тексеру нәтижесі көрсеткеніндей, ядролық жарылыс арқылы жасалған суаттың суы адам үшін еш зиянсыз болып шыққан; ол егін мен мал суаруға толығымен жарайды екен.

Алайда, Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының директоры Сергей Лукашенконың айтуынша, аталған институт біраз
Семей ядролық сынақ полигонында жасалған жарылыстардан кейін пайда болған атом көлі. Шығыс Қазақстан облысы, тамыз, 2009 жыл.
жылдардан бері зерттеулер жүргізіп, радиациямен ластанған жерлерді анықтаған. Дәл осындай ластанған жерлердің бірі - Атом көлінің аумағы.

Институттың 2008 жылғы ғылыми-көпшілік басылымында жарияланған, Семей полигоны нысандарын зерттеу материалдарында жазылғанындай, 2006 жылы полигондағы сулы орталарды зерттеу барысында Шаған өзенінің ядролық жарылыстардың радиоактивтілік өнімдерімен барынша ластанғаны анықталды.

Сонымен бірге, Шаған өзенінің суындағы тритийдің ең көп мөлшері Атом көлінен 4,7 шақырым жерде анықталған. Ол ауыз судағы қалыптағы мөлшерден 50 есе көп; сол орыннан ұзаған сайын ластану деңгейі төмендей береді.

СӘНІ МЕН СИҚЫ КЕТКЕН САРЖАЛ АУЫЛЫ

Атом көлінің маңында Саржал ауылы орналасқан. Онда тұратын жүздеген адам жоқшылықта өмір кешіп жатыр. Өзгесін айтпағанда, мұнда таза ауыз су да жоқ.

Саржал ауылының тұрғыны Шәміл Омарханов. Тамыз, 2009 жыл.
Саржал ауылының тұрғыны Шәміл Омарханов Азаттық тілшілеріне былай деді:

– Теледидарды қосып қалсаң үнемі ана жақта, мына жақта ауыз су құбырлары тартылып жатыр дейді. Ал полигонда тұратын бізде ешкімнің шаруасы жоқ. Біз су ішіп жатырмыз ба, әлде у ішіп жатырмыз ба?

Саржал ауылының тұрғындары өлі көл жерасты суларын да ластап жатыр деп есептейді. Ауыл тұрғыны Айкен Әкімбековтің айтуынша, жел Атом көлі жақтан тұрғанда ауа дем ала алмайтындай сасып кетеді. Ал көлдің суы ішуге жарамайды:

– Бұл жердің суын ішуге, тіпті ауасын жұтуға болмайды дейді. Атом көлі жағынан келген сасық ауадан басымыз айналады. Бізді бұл жерден көшіреміз десе келісер едік. Қалған өмірімізді таза ауа жұтып, балаларымыздың ортасында қуанышпен өткізгіміз келеді.

Атом көлінің пайда болғанына 40 жыл өтсе де оның суын мал ішпейді, жағасына құс атаулы жоламайды. Саржал ауылының тұрғындары олардың көптеген сырқаттарының, жүрек ауруларының, гипертонияның, дүниеге кемтар балалардың келуін Атом көлі жақтан желмен келетін радиоактивті заттардан деп есептейді. Бұл адамдардың айтуларына қарағанда, бұрынғы советтік полигон маңында тұратын тұрғындарға қазақ үкіметі ешқандай көмек көрсетпей отыр.

АТОМ КӨЛІНІҢ БАЛЫҒЫ

Көптеген семейліктер Атом көлінен ауланып, сатуға әкелінген балықты әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Ол кездері балықпен бірге қалаға радиацияның келетіндігі жайында ешкім ойланған емес.

Семей тұрғыны Лидия Андреева Азаттық радиосына мына бір оқиғаны айтып берді:

– Мен бір ер адамды білетінмін, ол қазір марқұм болып кеткен. Ол ядролық жарылыстар болған кезде Семейде тұрып, кейін өз еркімен Чернобыльге жұмыс істеуге кетті. Міне сол адам «мен 100 жылдық радиациямды алып қойғанмын, енді маған ешнәрсе қорқынышты емес, ал ағзамды реттеп отыру үшін радиациясы бар балықты таңғы асқа жеймін» деп әзілдейтін. Өкінішке қарай, ол тері рагынан қайтыс болды.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, далада Атом көлі пайда болған соң көп адамдар ол жерден балық аулап қана қоймай, суына да шомылды, малын суарды. Тәжірибе алаңы сияқты Атом көлі де ешқашан күзетілген емес, әлі күнге дейін күзетілмейді.

Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының директоры Сергей Лукашенко полигонның адамдардың денсаулығына зияндылығын жоққа шығарады:

– Қазақстан Республикасының тұрғындарына полигонның ешқандай зияны жоқ. Мұнда келіп, аралап көруге болады, бұдан сізге ешнәрсе болмайды. Иә, полигон күзетілмейді, бұл үшін бізде қаржы жоқ. Менің тағы бір айтайын дегенім, қауіпті немесе қауіпсіз радиация болмайды. Мәселенің барлығы сіз осы нысандарға қатысты өзіңізді қаншалықты қауіпті немесе қауіпсіз ұстадыңыз, осыған байланысты, – деген пікірде Сергей Лукашенко.

КҮЗЕТ ҮШІН АҚША ЖОҚ

Ғалымдардың пікірінше, бүгінде адам денсаулығына зиянды нысандарда арнайы ескерту белгілері тұр, кейбір нысандар қоршалған. Бірақ, ауыл тұрғындары ондай ескерту белгілеріне пысқырмайды да. Полигон олар үшін табыстың негізгі көзі: жерге көмілген кабельдер
Саржал ауылы, тамыз, 2009 жыл.
қазылып алынып, содан соң олар металл сынығы ретінде арзымайтын ақшаға өткізіледі.

СССР атом саласының ардагері Жанболат Ғылманов Азаттық радиосына берген сұхбатында былай деді:

– Кабельді қазып алып жатқандар осы арқылы жерге сіңіп кеткен қауіпті радионуклидтерді қайтадан жер бетіне шығаратындықтарын білмейді. Біз осы нысандарды күзетке алу жөнінде Қазақстан үкіметіне әлденеше мәрте ұсыныс жасадық. Бірақ, айналып келіп барлығы қаржыға тіреледі.

«ДЕГЕЛЕҢИКУМ» ДЕГЕН ЖАҢА ӨСІМДІК ПАЙДА БОЛДЫ

Дегелең және Саржал ауылдары тұрғындарының айтуынша, жер астында ядролық жарылыстар болған маңда бұрын ғылымға белгісіз болып келген жаңа өсімдіктің табылғанына екі жылдай болып қалыпты.

Бұл шөп (кейін оның улы еместігі белгілі болды) – өсімдіктің жаңа түрі. Тұрғындардың айтуынша, оны жақында ғана тапқан. Енді ол Қазақстан флорасының тізбесіне енеді. Ал әзірге оны өсіп шыққан өңірдің атауына байланысты «дегелеңикум» деп атап жүр.

«Дегелең» алаңы орта және шағын қуаттағы жарылыстар жасау үшін қолданылды. Көп жылдарға созылған зерттеу, бақылау жұмыстарының нәтижесі көрсеткеніндей, радионуклидтер ядролық жарылыстар болған жерден су арқылы осы күнге дейін таралуда.

Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының деректеріне қарағанда, өсімдіктердің мутацияға ұшырауы әлі де жалғасуда. Әсіресе, «Дегелең» тәжірибе алаңы ғалымдардың назарын аударуда. Аймақтың әртүрлі жануарлар және өсімдіктер әлемін зерттеу арқылы бұл өңірдің табиғаты жайында жаңа деректер пайда болады дейді қазақстандық ғалымдар.