«Ақ орамалдылар» қызметінен алынған Шабдарбаевқа ара түсті

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан президентінің резиденциясы алдында наразылық акциясын өткізіп тұрған әйелдер. Астана, 8 желтоқсан 2009 жыл.

ҰҚК-нің төрағалығынан Амангелді Шабдарбаевтың алынғанына разы болмаған бір топ адам оны қолдап Астанада пикет өткізді. Олар үндеу арнап, төрелікке жүгінген президент Назарбаев бұл кезде Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің құзіретін кеңейту қажеттігін айтып жатқан еді.
ШАБДАРБАЕВТЫ ҚОРҒАУШЫЛАР

Желтоқсанның 8-і күні 5 адамнан құралған шағын топ Ақорданың алдындағы алаңда пикет өткізді. Астананың аязды күні олар бұнда Амангелді Шабдарбаевты ҰҚК-нің төрағасы қызметінен алмауды сұрап президент Назарбаевқа өтініштерін айту үшін келіпті. Президент өткен кеште Шабдарбаевты өзіне кеңесші етіп тағайындаған болатын.

Президент оның ҰҚК төрағасы қызметінен отставкаға кету туралы өтінішін қабылдағаны туралы хабарланды. Шабдарбаев қызметінен ҰҚК мен өзге заң-құқық мекемелері арасындағы едәуір уақыттан бері жалғасып келе жатқан тартыс-тайталастан соң кетті.

Ақорданың алдында наразылық акциясын өткізуге жиналғандар мен журналистер. Астана, 8 желтоқсан 2009 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаевпен совет заманынан таныс Амангелді Шабдарбаев оның бұрыннан келе жатқан жақтастарының бірі. Әдетте, мұндай дабыралы отставкадан соң президенттің төңірегінде шоғырланған ішкі күштер жаңа тәртіппен қайта жасақталатын.

Сейсенбі күні Ақорданың алдына шыққандар Астанадағы журналистер қауымына жақсы таныс, ел арасында «ақ орамалдылар» атанып кеткен әйелдердің шағын тобы болатын. Олар бұнда өздерінің байырғы жетекшісі Валерий Карпусевичпен бірге келіпті.

Бұлар 2001 жылдан бастап Астанада өткізген әртүрлі акцияларымен танылғандар еді. Қазақстанның әр түкпірінен жиналған бұл әйелдер өз ниеттерінің ақ екендігінің нышаны ретінде бастарына ақ орамал байлап жүруді дәстүрге айналдырған. Бұған дейін олар өздерінің бір ұйымға бірігулеріне заң-құқық орындарының дәрменсіздігі түрткі болғандығын айтқан-ды.

Сол себепті де, қазір енді сондай дір құрылымның - ҰҚК-нің бұрынғы төрағасын қорғап шыққан олардың акциясы сырт көзге қораштау көрінді. Әйтсе де, бұл топ Шабдарбаевтың қызметтен алынуына терең қынжылыс білдіріп тұрды.

– Амангелді Смағұлұлы – билік қуғындаған және жәбірленген әйелдерге қорған болған осы жүйенің басындағы жалғыз адам. Ол әрқашан жәрдем танытатын, тек сол ғана қарапайым жұртты түсіне, ұғына алатын, – деді Валерий Карпусевич Азаттық радиосына.

«Ақ орамалдылардың» жетекшісінің айтуынша, Шабдарбаев президенттің Күзет қызметін басқарған кезден оларға жәрдем танытқан екен. Жәрдем дегенде, әңгіме барысында айқын болғандай, ол «ақ орамалдылардың» шағым-мұңдарын жеткізу үшін оларды әртүрлі мекеме, ұйымдардың өкілдерімен жолықтыруға септігін тигізіпті. Және ондай жәрдемды үнемі басқа біреулер арқылы жасаған Шабдарбаев оларбен кездесіп көрмеген екен. Әйткенмен бір жолы оған жолығудың сәті түсті, деп еске алады Валерий Карпусевич.

– Бұл оқиға өткен жылы біз оған жолықпақ болып барғанымызда, ҰҚК-нің қақпасының алдында болды. Ол бізбен бар болғаны 8 минут қана сөйлесті. Бірақ, оның бізге жәрдем жасауға деген ұмтылысын түсіну үшін соның өзі жеткілікті еді. Оны іс-қимылдан ғана байқауға болады, ал сөзбен жеткізу өте қиын, – дейді Шабдарбаевқа қолдау білдіру акциясын ұйымдастырушы.

ШАБДАРБАЕВТЫҢ ӘДІС-ТӘСІЛІ

Карпусевичтің айтуынша, кей кездері Шабдарбаев, заң-құқық органдарының жоғары лауазымды тұлғалары «ақ орамалдыларды» қабылдаудан тартынған жағдайда, «олай болса бұларды президентке жолықтырам» деген сөзімен әлгілерді назар бұруға мәжбүр етіпті.

Әйткенмен, шынтуайтына келгенде, күш құрылымдары жауыр болған сөздерді айтып, болмаса жәрдем беретіндері туралы құрғақ уәдеге
Құқық қорғаушы Валерий Карпусевич Ақорданың алдындағы наразылық акциясын өткізу кезінде. Астана, 8 желтоқсан 2009 жыл.
тойдырып шығарып салатын, дейді Валерий Карпусевич. Бірақ соның өзінде «осындай ықпал-жәрдемі» үшін Шабдарбаевқа алғысымыз шексіз дейді адам құқығын қорғаушы.

Ал «Шабдарбаев енді президентке кеңесші қызметінде бұрынғысынан да жақындай түсті емес пе, неге оның жаңа қызметке тағайындалуына разы емессіздер?» деген Азаттық тілшісінің сауалына Валерий Карпусевич: «бұл қызмет ештеңені шеше алмайды» деп жауап берді.

Ол сөзіне өзінің адам құқығын қорғау іс-тәжірибесінен нақты мысал келтірді. Бір кездері президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болып отырған Нартай Дүтбаевқа өтініш айтпақ болған «Ақ орамалдылар» барлық хаттар мемлекет басшысының кеңсесінде жойылған дегенді айтады.

Амангелді Шабдарбаевқа қолдау танытып және президенттен оны бұрынғы қызметіне қайта тағайындауды сұраған акция өткізушілер қолдарында «Коррупция сіздің айналаңызда!» деген жазу ұстап шықты.

«Ақ орамалдылар» тағы бір үндеуінде президент Назарбаевты маңайындағы қолы арам шенеуніктерден құтылуға шақырды.

Ал енді олардың жеке өз мәселелері – ұлдары мен күйеулерін қылмыстық қудалауды тоқтату, билік заңсыз тартып алған жер телімдерін өздерін қайтару секілді істер, олардың өз мойындауларынша, әлі «баяғы сол жартас» қалпында. Олар әлгіндей істер, тіпті ҰҚК-нің бұрынғы төрағасының жасаған «әкелік» қамқорлығына да қарамастан бәз-баяғысынша шешімін таба алмай отырғанын айтады.

«ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ БІР ОШАҒЫ – ПРОКУРАТУРА»

Пикетшілер Қазақстанда заңды қадағалайтын бас мекемені – прокуратураны сынға алды. Солардың бірі, өзін Шымкенттен келдім деп таныстырған Дина Кемелбекова есімді әйел, сыбайласқан жемқорлықтың түп-төркіні прокуратурада жатыр дейді.

– Жемқорлық елбасының төңірегінде жүр. Олар президентті «Балық басынан шіриді» деген сөзге алып келіп отыр. Прокурорлардың
Ақорданың алдында наразылық акциясын өткізуге шыққан әйелдерді полиция көлікке отырғызып жатыр. Астана, 8 желтоқсан 2009 жыл.
жасап отырған заңсыздықтарына тексеру болуын сұранып келіп отырмыз, – дейді Дина Кемелбекова.

Валерий Карпусевич бұл жолы Ақордаға қарай өздері бірталай адам болып шыққандығын айтады. Бірақ мұнда жеткені тек бесеуі ғана.

– Жол бойында бізді полиция қызметкерлері ұстап, адамдарымыздың жолын бөгеді. Біздің талабымыз – қазір бақылау органдарын түбегейлі өзгертпесек, әрбір прокурорды тексермесек, мұндай бассыздықтар жалғаса береді. Әсіресе, Бас прокуратура президенттің көзін байлап тастаған, дұрыс ақпарат бермей отыр, дейді Валерий Карпусевич.

Алайда, олардың наразылық шарасы ұзаққа бармады. Ақорда алдындағы алаңға жедел жеткен жиырма шақты полиция жасағы пикетшілерді әп-сәтте көлікке тиеп алып кетті.

НАЗАРБАЕВ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНЕ ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕДІ

Желтоқсанның 8-күні «ақ орамалдылар» Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Амангелді Шабдарбаевтың қызметінен алынғанына наразылық білдіріп Ақорданың сыртында пикет өткізіп жатқанда, президент Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңестің отырысын жүргізіп жатты.

Үш сағатқа жуық созылған кеңестің отырысы жабық есік жағдайында өтті. Оған тіпті президенттің жеке фототілшісі мен видеооператоры да жіберілмеді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және оның күзет қызметінің бастығы Амангелді Шабдарбаев. Астана, 2000 жыл.
Тек отырыстың басында президент Қауіпсіздік кеңесінің жұмысын жүйелеу жөнінде, соңғы кезде формалды ұсақ тақырыптармен айналысып кеткендігі жөнінде қаттырақ мәселе көтерді.

– Қауіпсіздік кеңесі 1991 жылы менің жарлығыммен құрылған. Содан бері біраз жұмыс істедік деп айтуға болады. Осы жылдарда кеңестің пайдалы жұмыстары аз емес. Дегенмен, істелген шаруалардың әлсіз кезеңдері бар, – деді Қазақстан президенті.

Кеңес отырысы аяқталған соң, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжин жеке өзі келіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді.

Марат Тәжиннің сөзіне қарағанда, Қауіпсіздік кеңестің жанынан ақпараттық және талдау бөлімі ашылмақ екен.

Қауіпсіздік кеңесі ұлттық қауіпсіздік мәселесімен байланысты президентің басты саяси органы болып табылады. Сондықтан президент
Марат Тәжин, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы. Астана, 8 желтоқсан 2009 жыл.
Қауіпсіздік кеңесінің, соның ішінде оның аппаратының қызметін жетілдіруге және нығайтуға байланысты тапсырмалар берді. Қауіпсіздік кеңесінің жанынан жаңадан ақпараттық және талдамалық бөлімдер құрылады, сондай-ақ мекемеаралық комиссия жұмысы басқаша қайта жасақталатын болады, – деді Марат Тәжин.

Сонымен бірге Марат Тәжиннің айтқанынан, президенттің ұлттық қауіпсіздік саласындағы үйлестірушілік және болжамдық қызметтермен байланысты мәселелерді Қауіпсіздік кеңесіне шоғырландыру үшін барлық тиісті мемлекеттік органдарға өте айқын және нақты тапсырмалар бергендігі белгілі болды.

Бұдан өзге мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Марат Тәжинге бір айдың ішінде Қазақстанның дағдарыстан кейінгі дамуының стратегиялық жоспарын дайындауды тапсырыпты.

САРАПШЫНЫҢ ПІКІРІ

Қауіпсіздік кеңесін түбегейлі өзгерту керек деген Қазақстан президентінің міндеттемесінен кейін, Қауіпсіздік кеңесінің саяси ықпалы күшейеді деген болжам айтады Ұлттық зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов.

– Ақпараттық талдау бөлімінің ашылуы, бұл – Марат Тәжинің бұрыннан келе жатқан жұмыс әдісі. Бұл дұрыс шешім. Кез келген саяси шешім қабылдар кезде, жан-жақты талдау жасап, сараптамадан өткізу, ол қазіргі заман талабына сай жұмыс, – дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.

Алайда, Бөріхан Нұрмұхамедов соңғы кезде Қазақстанда заң-құқық құрылымдары төңірегіндегі өрбіген жанжалды әкімшілік реформаның дұрыс жүргізілмей отырғандығымен байланыстырады.

– Қазір құқық қорғау орындары мен арнайы қызмет арасында түрлі жанжалдар болып кетті ғой. Оның себебі, естеріңізде болса, 2008 жылдың басында президент жолдауында «қазіргі заманда құқық қорғау органдарының ішінде әкімшілік реформа жасалуы қажет» деп айтқан болатын. Сол әлі сөз жүзінде қалып келеді. Бұл салада ешқандай реформа жасалынған жоқ, – дейді Ұлттық зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов.