Шымкентте қазан айының ортасында жұпаргүл гүлдеді

Шымкентте күзгі мезгілде жұпаргүл гүлдеді. 20 қазан 2010 жыл.

Оңтүстік өңірде тұрғындар биылғы күз айында табиғаттың тосын құбылысына куә болды. Бұтақтар бүршік жарып, жұпаргүл, жеміс ағаштары гүлдеп жатыр. Мамандардың айтуынша, биылғыдай күзде күннің ысуы соңғы рет 1936 жылы тіркелген екен.

БЕЙМЕЗГІЛ ГҮЛ ЖАРУ

Шымкент қаласының тұрғыны Любовь Диордицаның ауласындағы жұпаргүл гүлдеп тұр. Әдетте өсімдіктің бұл түрі жылына бір рет, мамыр айында ғана гүлдейді. Ал биыл күз мезгілінің ортасында байқалған табиғат құбылысы көпшілікті таң қалдырғанымен, Любовь Диордица бұл үрдісті жақсы ырымға балап отырған жоқ. Ол өсімдіктің мезгілсіз гүлдеуі «қыстың қатты болуының жаршысы» дегенді айтады.

– Соңғы рет жұпаргүл осыдан үш жыл бұрын күзде де гүлдеп еді. Сол жылы қыс қатты болғаны әлі есімде. Әрине, бір жағынан биылғы
Шымкент қаласының тұрғыны Любовь Диордица. Шымкент, 20 қазан, 2010 жыл
күздің жылылығы қуантады. Гүлдеп тұрған ағашты көршілер жақсылыққа жорып, менен сұрап, кесіп әкетіп те жатыр. Бәрі жақсы болғай, – дейді Любовь Диордица.

Оның көршісі Света Пактың ауласында екі апта бойы алма мен алмұрт гүлдеп тұр. Әжей күз айында жеміс ағашының гүлдегенін жақсылықтың нышаны деп біледі.

– Не де болса жақсылыққа балау керек. Ағаштарым көктемде де бұлай гүлдемеп еді. Биыл екі апта жайқалып, көз қуантты. Әрине, жеміс бермейтіні белгілі. Гүлдері тез түсіп қалды. Енді көктемді күтеміз, – дейді Света Пак.

Көпжылдық ағаштардың қара күзде бүршік жарып, гүл ашуы тосын құбылыс дейді ғалымдар.

Жеміс ағаштарының биологиялық сағатынан ауытқып, мезгілсіз бүршік жаруы күн райына байланысты екендігін айтқан мамандар табиғаттың оқыс мінезінің кері әсері де болады деп ескертеді.

– Күннің жылы болуынан бүршік жарып, гүлдеген ағаштар алдағы көктемгі ресурсын қазір беріп қояды. Сосын көктемде жеміс ағаштарының берер өнімі 2-3 есеге дейін азаяры сөзсіз. Мұның кесірін көктемде көреміз, – дейді дендролог маман, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әбутәліп Құламетов.


КҮЗГІ АПТАП

Күз мезгілінде ағаштар гүлдеуінің себебін Оңтүстік Қазақстан гидрометеорология орталығының мамандары биылғы қазан айында ауа-райы әдеттегіден тыс жылы болғанымен түсіндіреді.

Бұл айда Шымкент +30 градусқа дейін ыстық болған. Күз айындағы мұндай жоғары температура соңғы рет 1936 жылы тіркелген екен.

– Облыс аумағындағы орта есеппен алғандағы қазан айындағы ауа температурасы +10, +15 градусты көрсетті. Айтарлықтай жауын-шашын да болған жоқ. Жылы күндер созылып кеткендей. Жалпы, Шымкенттің ауа-райы жылы да жұмсақ екені белгілі, алайда
Беймезгіл гүл жарған жұпаргүл. 20 қазан 2010 жыл.
жылдағымен салыстырғанда биыл 3 градусқа дейін ауытқушылық бар. Ағаштардың гүлдеуіне де осы себеп болса керек, – дейді Оңтүстік Қазақстан гидрометеорология орталығының синоптигі Ольга Виконникова.

Ауа-айын болжаушылар осыдан үш жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында қыс қатты болып, 45 күнге созылғанын айтады. Ол кезде ауа температурасы 35-40 градусқа дейін төмендеп, қақаған қыс халықты біраз әбігерге салған.

Мамандардың айтуынша, ондай қыс оңтүстік өңірінде соңғы рет 1963 жылы тіркелген екен. Ал өткен жылғы қыс мезгіліндегі ауа райы көктеммен бірдей болған.

Синоптиктер оңтүстік өңірдегі ауа райы алдағы айдың ортасына дейін жылы болады деп болжап отыр. Ал қарашаның ортасында күн күрт суып, қар жаууы ықтимал деп ескертеді.