ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТІП КЕЛГЕН МУЗЫКАНТ
БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун осы қызметке зағип әншіні тағайындауға қатысты бұйрыққа 3 желтоқсанда – Халықаралық мүгедектер күні қол қойды.
Тағайындауды қабылдай отыра, Уандер барша мемлекет басшыларын мүгедек жандардың өмірін жеңілдетуге қадам жасауға шақырды. Сондай-ақ, өзінің де осы мақсатта аянбай еңбек етіп, қолынан келгенінше мүгедек жандардың мәселесіне назар аудартуға тырысатындығын да айтты.
– Бүгін ерекше күн, себебі мен осынау құрметті атаққа ие боламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Бұл менің өмірімнің соңына дейін жасағым келетін басқа да жақсы бастамаларға шабыттандырады. Жаңа мыңжылдықта да адамдардың мүгедектігіне байланысты әлі де кемсітушіліктер болып жатқандығы мені қатты қынжылтады, – деді әнші.
БҰҰ-ның дерегіне қарағанда, әлем тұрғындарының 10 пайызы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Ал егер оған оларды бағып-қағатын адамдарды қосқанда, мүмкіндігі шектеулі жандар проблемасына қатысы бар адамдардың саны 800 миллионға жетеді.
Жаңа мыңжылдықта да адамдардың мүгедектігіне байланысты әлі де кемсітушіліктер болып жатқандығы мені қатты қынжылтады
...
БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Уандерді бейбітшілік елшісі етіп тағайындау туралы мәлімдей отырып, туғанынан қос жанары көрмейтін музыканттың қайырымдылық пен адам құқына айрықша көңіл бөлетіндігін атап өтті.
– Мен Стив Уандердің жарымжан жандардың құқы мен бұл өмірдің жақсаруына әрдайым үн қосып келе жатқандығына таңданамын. Стив Уандер мүмкіндігінің шектеулі екендігіне қарамастан көп нәрсеге қол жеткізуге болатындығын дәлелдеу арқылы барша әлем жастарына үлгі бола алды, – дейді Пан Ги Мун.
БҰҰ хабарлағандай, Уандердің елші болып таңдалуы оның музыкант ретіндегі көрнекті қайырымдылық қызметі мен бірқатар мемлекеттік әлеуметтік ұйымдармен етене жұмыс істеуімен байланысты.
1980 жылдары Уандер АҚШ-та Мартин Лютер Кингтің туған күнін ұлттық мереке ету қозғалысының белсендісі болды. Сондай-ақ, Оңтүстік Африкадағы апартеид режимі мен Эфиопиядағы ашаршылыққа қарсы жүргізілген науқанға атсалысқан.
Уандер сонымен бірге, мүгедектер мен СПИД дертіне шалдыққандарға, қатерлі ісік пен басқа да аса қауіпті ауруларға душар болғандарға көмек көрсету шараларының ұйымдастырушысы болған. Баспанасыздар, СПИД және тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыптары оның әндерінің арқауы.
БАРАК ОБАМАНЫҢ СҮЙІКТІ ӘНШІСІ
Ең танымал әрі ықпалды афро-американдық музыкант 1970-ші жылдары көптеген азаматтардың құқын қорғаумен айналысқан болатын. Ол Барак Обаманың президенттік сайлауалды науқанының ең белсенді қолдаушысы болған. Өз кезегінде президент Обамадан «Rolling Stone» басылымы оның ең үлкен музыкалық ықпалы туралы сұрағанда ол Стив Уандердің есімін атаған еді.
Әнші Уандер 25 рет «Гремми» сыйлығына лайық деп танылды. Ол гастрольдік сапарға көп шығады, концерттерден түскен қаржының жартысын қайырымдылық қорларына беріп отырады.
Уандердің Signed, Sealed, Delivered атты әндері Барак Обаманың сайлауалды науқанында жиі орындалған шығармалар.
БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун бұл ән ғаламдық климаттың өзгеруіне қатысты дүйсенбіде Копенгагенде өтетін конференция қонақтары алдында айтылса деген тілегін де білдіріп қалды, жаңа тағайындалған бейбітшілік елшісі Уандер конференцияда әнді орындап беруге уәде етті.
МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА ЖЕҢІЛДІКТЕР ҮШІН
БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтеріндегі баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген Стив Уандер, өзінің зағип жандардың өмірін жеңілдететін (арнайы телефондар, ақпаратты оқуда жеңіл құрылғылар мен түстерді айыра алатын электронды құрылғылар, т.б.) озық технологиялардың жеткілікті болуына барынша ат салысатындығын айтты.
– Ғарышқа ұшу қаншалықты оңай болса, дәл сол секілді аталған технологиялар да қолжетімді болуы қажет, – деді Стив Уандер.
БҰҰ жанындағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Сюзан Райс Стив Уандердің мүгедектерді еңбекпен қамтамасыз ету туралы президенттік комиссияның мүшесі екендігін айтады. Оның айтуынша, мүгедектерді шеттету – әділетсіздік қана емес, ол экономикалық дамуды әлсіретіп, демократияны тұсап, қоғамды жегідей жейді.
Райс, сондай-ақ, АҚШ-та мүгедектерге өзгелермен бірдей мүмкіндікті қамтамасыз ететін заңның бар екендігін айтты. Биыл Америка БҰҰ-ның мүгедектер құқына қатысты Конвенциясына қол қойды, Райс АҚШ Сенаты бұл құжатты мақұлдайды деген сенімде.
Бүгінде мүгедектер құқы туралы Конвенцияға 75 мемлекет қол қойған. Конвенция – мүгедектердің құқын қорғайтын, оларға қатысты шектеулерге жол бермейтін, денсаулық сақтау мен білім алуына құқық беретін, еркінен тыс жұмысқа жегу мен бостандығына қол сұғудан
Мүгедектерді шеттету – әділетсіздік қана емес, ол экономикалық дамуды әлсіретіп, демократияны тұсап, қоғамды жегідей жейді.
– Мен әлемнің 90 пайызы жарымжан жандарды құрайтын 10 пайызды түсінбейді деп айта алмаймын. Мен бұған сенгім де келмейді. Сондықтан жалғыз нәрсе – мүмкіндігі шектеулі 10 пайызға жағдай жасау мен мүмкіндіктерге жол ашуда қол ұшын беруіміз қажет, – деді өз кезегінде әнші Стив Уандер.
Стив Уандер Голливуд әртісі Майкл Дуглас, Нобель сыйлығының лауреаты, еуропалық жазушы Эли Визеля енген бейбітшілік елшілері тізімінде 11-ші болып тұр.
Бұл тізімде Иорданияның ханшайымы Хайя аль-Хасан бен Талал, танымал израилдық және аргентиналық дирижер Даниэль Баренбойм, бразилиялық белгілі жазушы Паоло Коэло, жапондық скрипкашы Мидори Гото сияқты бейбітшілік елшілері бар.
ОРТА АЗИЯНЫҢ АЛҒАШҚЫ ІЗГІ НИЕТ ЕЛШІСІ ҚАЗАҚСТАННАН
Жақында қазақстандық әнші Батырхан Шүкенов БҰҰ-ның балалар қорындағы Қазақстанның алғашқы ерікті ізгі ниет елшісі атанған еді.
Әлемде 200-ге жуық ерікті ізгі ниет елшісі бар ЮНИСЕФ ұйымы дүниежүзінің 150-ден астам мемлекетінде балаларға көмектесумен айналысады. ЮНИСЕФ өкілдерінің Батырхан Шүкеновпен тиісті келісімшартқа қол қоюы 20 қарашадағы Халықаралық балалар күнімен орайластырылған болатын.
Батырхан Шүкенов тек Қазақстан емес, Орта Азия елдеріндегі алғашқы ерікті ізгі ниет елшісі болып табылады. Әнші балалардың білім саласының жетілдірілуі жолында көп шаралар атқарғысы келетінін айтты.