Пара алды деген айыппен Жақсыбек Күлекеевтің аяқ астынан тұтқындалғанына да бір жыл болды. Өткен жылдың қарашасында Күлекеев үш жылға бас бостандығынан айрылды. Бір жыл өткен соң Күлекеевтің адвокаты да, әйелі де оның қай жерде отырғанын айтқылары келмейді.
ЖАҚСЫБЕК КҮЛЕКЕЕВТІҢ СОТЫ АШЫҚ ТҮРДЕ ӨТТІ
«Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеевтің тұтқындалуы өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты ең шулы іс болды. Бүгінгі топ-менеджерлерге қатысты істерге қарағанда Жақсыбек Күлекеевтің соты ашық өтті және қоғам қажетті ақпаратты түрлі бұқаралық ақпарат құралдарынан алу мүмкіндігіне ие болды.
Процестің қалай өткенін бүкіл ел қадағалап отырды деуге болады. Бұл оқиғаға қатысты қоғам пікірі екіге жарылды: біреулер, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды», мұндай жоғары қызметте отырып ұрламау мүмкін емес деп Күлекеевті кінәласа, екіншілері бұрынғы мемлекеттік шенеуніктің өте тәрбиелі адам екендігін айтып жатты.
Ақырында, Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты өткен жылдың 13-ші қарашасында бұл атышулы іске нүкте қойды. Жақсыбек Күлекеев «қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін» үш жылға бас бостандығынан айрылды. Бірақ, оған тағылған басты айып – «100 мың доллар пара алды» деген оқиға – бойынша Күлекеев ақталды.
Биылғы жылдың қаңтар айында Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының апелляциялық сатысы Жақсыбек Күлекеевтің ісі бойынша Сарыарқа аудандық сотының үкімін өзгеріссіз қалдырып, оның қорғаушыларының апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады.
Бұл шешімнен соң Жақсыбек Күлекеевтің адвокаты Сәлімжан Мусин қалалық соттың қадағалау сатысына шағымданатынын, сонымен бірге қаржы полициясының жауапқа тартылуын талап ететіндігін мәлімдеді.
КҮЛЕКЕЕВТІҢ ЗАЙЫБЫ ЕРІМЕ ЗИЯНЫМ ТИІП КЕТЕДІ МЕ ДЕП ҚОРҚАДЫ
Наурыздың 31-і күні адвокат Сәлімжан Мусин Азаттық радиосына аталған істің барысы жайында айтудан бас тартты. Ол тек мынаны айтты:
– Мен сіздерге бұл іс жайында, мен қорғаған адамның жай-күйі туралы ешнәрсе айтқым келмейді. Бүгін, өкінішке қарай, оның өміріндегі ең ауыр күн, сол себепті менің ештеңе айтқым келмейді. Айтатын бір ақ нәрсе: оның ісінде әзірге ешқандай өзгеріс жоқ.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының сотталған бұрынғы басшысының зайыбы Гүлнар Есмұрзина да ерінің қазір қай жерде екендігі туралы айтқысы келмеді.
– Ол қазір Астанадағы бір мекемеде, «ЕЦ» деп атала ма, сондай. Айтатыным біреу-ақ: оның ісінде ешқандай өзгеріс жоқ. Қалай болғанда да, әзірге менде біз берген апелляцияға қатысты жаңа ақпарат жоқ. Мен басқа ешнәрсе айта алмаймын. Артық айтып оған зияным тиіп кете ме деп қорқамын. Мен адвокатпен кеңесуім керек. Сіздер одан да адвокатқа хабарласыңыздар, сол көбірек біледі, – деді Жақсыбек Күлекеевтің зайыбы Азаттық радиосына.
Жақсыбек Күлекеевтің ісі бойынша сот процесі жүріп жатқанда да, айыптау үкімі оқылған соң да көптеген сарапшылар «Күлекеевтің ісі» қолдан жасалған деп мәлімдеді. Сонымен бірге, сол кездері Сарыбай Қалмырзаев басқаратын қаржы полициясы қызметкерлерінің кәсіби шеберліктерінің жоқтығын да атап көрсетті. Қалмырзаевтың өзін біреудің тапсырысын орындап отыр деп айыптады.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ НОУ-ХАУ – ЖАЙЛЫ ТҮРМЕЛЕР
Жақсыбек Күлекеевтің ісі біткен соң бір айдан кейін Сарыбай Қалмырзаев Қазақстан президенті іс басқармасының басшысы болып тағайындалды. Оның орнына орынбасары Қайрат Қожамжаров келді.
Тағайындала салысымен Қожамжаров Ақордада Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды. Президент қаржы полициясы басшысына «атағына, қызметіне қарамастан сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы болғандардың барлығын жазалауға» тапсырма берді.
Бұл кездесу қаржы полициясы қызметкерлерінің екінші тынысын ашып, оларға даңғыл жол салып берді. Алдымен қаржы полициясы ежелден тісін басып жүрген адамы – Әлжан Брәлиевтан бастады. Оған дейін Брәлиев «Болашақ» бағдарламасына қатысты өзін сыбайлас жемқорлық ісі бойынша жауапқа тартпақшы болған қаржы полициясының айыптауларынан ақталып шыққан еді. Ал енді тұтқындалған кезде Брәлиев қоршаған ортаны қорғау вице-министрі қызметінде отырған.
Аз ғана уақыттан соң оның әріптесі Зейнолла Сәрсембаев ұсталды, сәл кейінірек бұрынғы министр Нұрлан Ысқақов тұтқынға алынды. Олардың барлығы қызмет бабын асыра пайдаланғаны және сыбайлас жемқорлық үшін, атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу кезінде заңсыз тендер өткізген деп айыпталған.
Қаржы полициясы департаменттер, комитеттер, қалалық мекемелер деңгейінде де бұрынғы шенеуніктерге қатысты недәуір қылмыстық істер қозғады. Мемлекеттің миллиондаған қаржысын жымқырғаны үшін олардың қандай жаза алатынын әлі уақыт көрсетеді.
Әзірге бұл жылдың атышулы жемқорлық істерінің қатарында «Қазақтелекомның», «Қазмұнайгаздың» бұрынғы басшысы Серік Бүркітбаевтың соты болып отыр. Ақмола гарнизонының жабық әскери соты оны алты жылға жалпы режимдегі колонияға бас бостандығынан айырды. Бүркітбаевпен бірге, сол іс бойынша, онымен бір командада жұмыс істеген тағы сегіз шенеунік сотқа тартылды.
Серік Бүркітбаевтың жазасын қай колонияда өтеп жатқаны туралы ресми ақпарат жоқ. Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақияновтардың істерінде сотталғандардың Құсмұрындағы колонияда болғандығы, содан соң Ақмола, Қостанай облыстарына ауыстырылғаны халыққа хабарланған еді.
Президент Назарбаевтың қарсыластарының айтуынша, бүгінде Қазақстанда бұрынғы жоғары дәрежелі шенеуніктерді қамау үшін арнайы кішкене түрмелер салынған. Олар белгіленген мерзімдерін кәнігі ұры-қарылармен бірге отырмай, жайлы жағдай жасалған деп айтылатын әлгіндей түрмелерде өтеп шығады. Ресми ашық ақпараттың болмауы осындай түрлі қауесеттердің шығуына себеп болуда.