«Ең ықпалды әйел – біздің үйдегі жеңгелерің...»

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті қызы Дариға Назарбаевамен амандасып жатыр. 5 желтоқсан 2005 жыл

Азаттық вебсайтында «Қазақстандағы ең ықпалды бес әйел кім?» деген тақырыпта форум өткен еді. Бұл сауалға әркім әрқилы тұрғыда жауап беріпті. Біреуі салмақты себеп іздесе, енді бірі «Мен үшін ең ықпалды әйел – біздің үйдегі жеңгелерің» деп, сөзді қалжыңға бұрыпты. Бірақ, сонда да, әу дегенде аты еске түсетін біраз әйелдің кім екені белгілі болған сияқты.

Оқырмандардың бірі Қазақстандағы аса ықпалды 5 әйел осылар деп, Дариға, Сара, Әлия, Динара, Майра деген есімдерді түгендепті. Толық ныспыларын айтпағанына қарап, бәрінің Назарбаев деген бір әулеттен екенін басқа жұрт та білер деп ойлаған сияқты.

1, 2, 3, 4, 5... БӘРІ ДЕ – НАЗАРБАЕВА!

Дариға Назарбаева расында да партия жетекшісі болған, депутат атанған, медиа-топты басқарған адам. Кезінде Қазақстандағы бағы жанған әлеуетті компаниялардың біразы соған тиесілі еді. Бірақ Рахат Әлиевтің басына бұлт үйірілгелі бері Дариға да көп көзіне сирек шалынатын болды (әрине, анда-санда ән айтып, ария шырқайтынын ұмытып отырған жоқпыз). Рахат пен Дариғаның ажырасуына президент Назарбаевтың еш қатысы болмағанын да, қылмыстық іспен танысқан соң Дариғаның ерінен өз еркімен бас тартқанын да білдік «Нурсултан. Большая игра президента» деген фильмді көрген соң.
Дариға Назарбаева Еуразиялық Медиа-Форумда өнер көрсетіп тұр. Алматы, 19 сәуір 2007 жыл

Кейінгі кездері Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиев екеуінің «Нұрбанк» акционерлері қатарынан шығып қалғанын, директорлар кеңесі құрамынан аласталғанын, банктегі (екеуінің үлесін қосқанда) 56,67 пайыздық акцияларынан қағылғаны мәлім. Осының бәрін біліп отырған оқырман Дариғаның Қазақстандағы ықпалды әйелдердің бірі екеніне әлі де сенеді. Ол да мүмкін...

Ал президент Назарбаевтың ортаншы қызы Динараның елдегі энергетикалық ресурстарға аса ықпалды (оған қоса Қазақстандағы... һәм жер шарындағы аса бай адамдардың бірі) Тимур Құлыбаевтың әйелі екенін, ал кенже қызы Әлия Назарбаеваның тасы өрге домалап бара жатқан бизнесвумен екенін де біледі оқырмандарымыз.

Президенттің жұбайы Сара Назарбаева әу баста жұртқа Порфирий Ивановтың ілімін насихаттау арқылы қатты танылған болатын. «Бөбек» деген білім және сауықтыру қорының президенті де С.Назарбаева екені мәлім. Осы Сара ханымның дем беруімен биыл қыркүйектің 1-інен бастап Қазақстан мектептеріне «Өзін-өзі тану» деген жаңа пән енгізілді. Оны қолдаушылардың айтуларынша, бұл пән «балаларға ар ілімін үйретеді».

Бұрындары телеэкранға жиі шығатын Сара Назарбаева кейінгі кездері көрінбей кетіп, жұртты зарықтырған еді. 2010 жылғы шілденің 5-і күні Астанадағы Ханшатырды ашқанда (Астананың іргесі қаланғанының 12 жылдығында... Нұрсұлтан Назарбаевтың 70-ке жетуін атап өткен кезде) президент Назарбаевтың жанында жүргенін көріп, «уһ» дестік.
Ерлі-зайыпты Назарбаевтар дауыс беру учаскесінде. Астана, 4 желтоқсан 2005 жыл

Ал Майра Назарбаева (немесе Құрманғалиева) – Қазақстан президентінің інісі, ірі бизнесмен Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі. Майраның аты жұрт құлағына қатты сіңісті болғаны – 2008 жылы көктемде түркиялық архитектор Таксин Аккашпен тәжікелескен кезі. Ол әңгіменің түйіні: 51 пайыз акциясы қазақстандық белгілі тұлғалардың бірінің әйеліне тиесілі, 49 пайызы түріктердің еншісіндегі «BN Pegasus» деген құрылыс компаниясы болыпты. Сол компания Алматының тау жағындағы Горный Гигант ауылындағы «Zhanna Health Care Center» кешенінде қонақ үй, аурухана мен екі бизнес-орталық салыпты. Құрылыстың жалпы құны $60 млн болған екен. Әу баста уәде берген қазақстандық ханым жұмыс біткен соң ақысын төлемей, доқ көрсетіпті. Байтал түгіл бас қайғы болған Таксин Аккаш мырза Түркияның елшілігіне барып тығылған еді.

Одан кейін Алматы ауыр машина жасау зауытына (АЗТМ) таласып, Эдгар Салдузи деген бизнесменмен соттасқан Майраның жеңіліп қалғанын да білеміз. 2010 жылдың басында қаржы полициясы Майра Құрманғалиеваға осы зауыттың акцияларына байланысты алаяқтық жасады деген дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған.

2010 жылғы ақпанның 6-ы күні Майраны Алматы әуежайынан күтіп алған қаржы полициясы қызметкерлері оның қолына тергеуге рұқсат берген қағазды ұстатып, Алматыдағы департаментіне ертіп келіпті. Бірақ Майра Саудабайқызы жол соғып тастағанын айтып, «тергеуді дүйсенбіге қалдырайық» депті. «Жалғыз келмеймін, адвокатымды ерте келемін» депті. Дүйсенбі күні Майраны күте-күте шаршаған қаржы полициясы оны қанша іздесе де таба алмай, сан соқты да қалды. Міне, әлі іздеп жатырмыз... Соған қарағанда, Қазақстандағы ықпалды әйелдердің бірі Майра екеніне сенбеске лаж жоқ.

«ТЫНДЫРҒАН ЖҰМЫСЫ ЖОҚ БОЛСА ДА, БИЛІКТЕ ӘЛІ ЖҮР...»

«Ықпалды әйелдердің бірі ретінде Айткүл Самақованы айтар едім... Істеп тындырған жұмысы жоқ болса да, билікте әлі жүр» депті бір оқырман. 2007 жылдың күзінен бері Парламент мәжілісі депутаты болып отырған А.Самақованың «билікте әлі жүргенінен» бұрын, билікке қашан келгенін білмек болдық. 1980 жылы Қазақстан компартиясы Алматы қаласы Фрунзе аудандық комитетінің хатшысы болған Айткүл ханым одан бергі 30 жылда талай сенаторлық, төрағалық, министрлік тақты көріпті.

Қазір депутаттығына қоса «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес төрайымы деген міндеті бар Айткүл Самақованың отырыстарда отбасы, бала-шаға туралы деректерді жаңылмай айтып беретініне қарап, «Елдегі демографиялық жағдайды жақсарту үшін ең алдымен өмірдің сапасын арттыруға жағдай жасалынуы тиіс» деген терең сөзін естіп, өз жұмысын «тындырып жүрген» адам шығар деп ойладық.
Гүлжан Қарағұсова, Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты. Astana, 13 қазан 2010 жыл

Қазақстандағы ықпалды әйелдердің бірі ретінде мәжіліс депутаты, қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Гүлжан Қарағұсованың да аты аталды. Қаржы демекші, 2009 жылдың басында елдегі АҚШ долларының бағамы артып, жұрт артық-ауыс ақшасын қай валютамен сақтарын білмей сасқан кезде айтқан Қарағұсова ханымның ақылы әлі естен кеткен жоқ. «Қазір ақшаны бірден үш валютамен – теңге, АҚШ доллары және евро күйінде сақтау керек» деген еді қаржы және бюджет комитетіне бас-көз болып отырған депутат ханым.

«ЕРТЕ, ЕРТЕ, ЕРТЕДЕ...»

Оқырмандардың бірі Қазақстандағы ең ықпалды бес әйел ретінде Томирис, Домалақ ана, Қарашаш, Әлия, Мәншүктердің атын айтыпты.

Бұдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген сақ патшайымы Томиристің қазіргі заманға қандай ықпалы бар екенін ол оқырман тарқатып айтпаған. Сірә, еліне жорық жасаған парсы патшасы Кирдің басын кесіп алып, қан құйылған торсыққа батырып: «Мә, іздегенің қан еді ғой – тойғаныңша іш енді!» дегені әсер етсе керек.

Ал Домалақ ана (Нұрилә) деген адам VI-VII ғасырларда өмір сүрді делінеді. Ел аузындағы аңызға, бұрыннан келе жатқан шежіреге жүгінсек, Домалақ ана – Қазақстанның оңтүстік өңірінің біраз бөлігін алып жатқан рулардың арғы атасы Бәйдібек батырдың үшінші әйелі. Албан, Суан, Дулаттың анасы. Аса мейірімді, көреген адам болғандықтан ұрпақтары оның атын атамай, «Домалақ ана», «Домалақ ене» деп атап кетіпті деседі.
Көрнекі сурет

Осы пікірді жазған адамның елге ықпал етер әйел затын бұрынғыдан, есте жоқ ескі заманнан іздегеніне қарап, Қарашашты да сол заманның адамы болар деп ойладық. Ел білетін бір Қарашаш (Қарашаш ана) жайлы: «...шын есімі Айша бибі. Сайрамдық атақты Мұса шейхтың қызы болған... Ұлы ғұлама Қожа Ахметтің анасы. Өз дәуірінің көзі ашық, әдепті, білімді әйелдерінің бірі болған» деп жазады Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. Ол кісінің басына тұрғызылған Қарашаш Ана күмбезі (ХІІІ-ХІV ғасырларда салынған) Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында тұр.

Ал аңызда айтылатын тағы бір Қарашаш – Жиренше шешеннің қосағы. Тапқырлығының арқасында ерін талай қиындықтан құтқарып алған, Жиреншеге өштескен ханның көп қулығын әшкере еткен ақылды әйел деп айтылады.

Әлия мен Мәншүк – Совет Одағының батырлары, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Совет армиясы қатарында фашистік Германияға қарсы күрескен, қазақ ұлтынан шыққан жауынгер қыздар екенін бәріміз білеміз.

Осы тарихи тұлғалардың дәл бүгінгі күнге қандай әсері бар – оқырманымыз ол жағын таратып сөз қылмапты. Біздің түсінгеніміз – қазақтың тарихына ықпал етті дегенді айтқысы келген сияқты. Сірә, бұл заманнан күдерін үзіп, өткен күнге қызығып, «Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң, Толғанып қарауым сол баяғыға» (Мағжан) деп отырған оқырман болар.