Мұсылмандар қостамаса да АҚШ-тың әлемдегі беделі артып келеді

АҚШ президенті Барак Обама мен мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон Мысырдағы Хасан Сұлтан мешітінде. 4 маусым 2009 жыл.

Құрама Штаттар әлемде бұрынғысынша кең қолдауға ие болып отыр, бірақ Обама әкімшілігінің сыртқы саясаты мұсылман әлемі тарапынан сынға ұшырады. Бұл туралы «Global Attitudes Project» жүргізген зерттеуде баяндалды.

АМЕРИКАНЫ СЫНАУШЫЛАР ҚАТАРЫ КӨБЕЙДІ

Осыдан тура бір жыл бұрын, 2009 жылы маусымда, АҚШ президенті Барак Обама Египет астанасында арасы алшақтап бара жатқан Батыс пен мұсылман әлемін жақындастыру мақсатында сөз сөйледі.

Каирдегі сол баяндамадан кейінгі уақытта АҚШ-тың мұсылман қауымдастығындағы беделі артпағандығы байқалып отыр. Жақында «Global Attitudes Project» басылымы бүкіл әлемдегі қоғамдық пікірді зерттеумен айланысатын американдық Pew Research Center орталығының жұмысын жариялады. Зерттеуге 22 мемлекеттің шамамен 25 мыңға жуық тұрғыны қатысты.

Орталықтың президенті Эндрю Кохут (Andrew Kohut) Вашингтонда зерттеудің нәтижелерін жариялады:
Интернеттегі Facebook сайтына қойылған тосқауылды алып тастауға қарсы екендерін айтып шыққан исламшыл белсенділер АҚШ президенті Барак Обаманы бейнелеген қуыршақты өртеп жатыр. Пәкістан, 26 мамыр 2010 жыл.


«Соңғы бір жылда мұсылман қауымдастығында президент Обамаға қарсы сыни пікірдің, АҚШ-қа деген теріс көзқарастың өсе түскендігі байқалады. Мысалы, Түркия мен Пәкістанда респонденттердің 17 пайызы ғана АҚШ-қа қатысты оң көзқарас білдірген».

Египетте де АҚШ-ты қолдаушылар осыдан бес жылғы деңгейге – 17 пайызға дейін төмендеген. Құрама Штаттардың мұсылман әлеміндегі жақын одақтастарының бірі саналатын Түркияда соңғы бір жылда Обаманы қолдау деңгейі 10 сатыға төмендеген. (Бұл елде сауалнама БҰҰ-ның АҚШ бастамасымен Иранға қарсы санкциялар жариялауы қарсаңында жүргізілген болатын. Түркия санкцияларға қарсы шыққан еді.)

Мұсылман халықтары ішінде Индонезия тұрғындары АҚШ-қа деген жылы қабақ танытқан. Обама бала кезінде осы елде бірнеше жыл тұрғаны белгілі.

Зерттеу мұндай үрдістің себептерін анықтауды мақсат тұтпаған, бірақ мұсылман елдері АҚШ-тың терроризмен күрес саясатын қолдамайтындығын, бұған қоса Ауғанстаннан әскердің шығарылуын жақтайтындығын анық көрсеткен.

Мұсылман әлемі әлі де болса Ауғанстандағы соғысты айыптап отыр. Сауалнама жүргізілген 21 елдің 15-і Құрама Штаттар біржақты саясат ұстануын жалғастырып келеді деп есептейтіндігін білдірген. Зерттеу жүргізілген елдердің бірқатары Обаманың Ауғанстан, Ирак және Иранға қатысты мәлімдемесін қолдамайды, кейбірі ғана оны аз мөлшерде мақұлдайтындығы анықталып отыр.

Соған қарамастан, бұл жағдайлар Обаманың әлемдегі аса жоғары рейтингіне елеулі ықпал ете алмайды.

Германияда сауалнамаға қатысқандардың 90 пайызы Обамаға сенім білдірсе, бұл корсеткіш Жапонияда – 76 пайыз, Нигерияда 84 пайыз болды.

РЕСЕЙЛІКТЕР ОБАМАҒА ОҢ ҚАРАЙДЫ

Зерттеу нәтижелері Обаманы қолдау көрсеткіші оның Отанына қарағанда, АҚШ-тан тыс мемлекеттерде жоғары екендігін көрсетті. Шетелде респонденттердің шамамен 44 пайызы АҚШ президентін жақтаған.

«Президент Обама әлемнің көптеген елдерінде әйгілі тұлға болып отыр, бірақ оның қызметінің рейтингі АҚШ-та біршама төмендеген
АҚШ президенті Барак Обама (сол жақта) мен Ресей президенті Дмитрий Медведев «Патша зеңбірегі» жанында. Кремль, Мәскеу, 7 шілде 2009 жыл.
– бұл уақытта американдық өмір сүру салты әлем елдерінде одан сайын әйгілі бола бастады. 2010 жылы АҚШ-қа қатысты оң көзқарас, Буш (ред.: Джордж Буш) басқару кезеңіне қарағанда, жоғары болып отыр», – дейді Эндрю Кохут.

Мұндай үрдісті Ресейден де байқауға болады. Бұл елде АҚШ-ты қолдау көрсеткіші 13 сатыға жоғарылап, 57 пайызға дейін жеткен.

Сауалнамаға қатысқан 10 ресейліктің жетеуі АҚШ-тың терроризмге қарсы күрес жөніндегі саясатын қолдаған, бұл 2009 жылғы көрсеткішке қарағанда жоғары болып отыр.

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы, «Global Attitudes Project» орталығының тең төрайымы Мадлен Олбрайт Обама әкімшілігінің Ресеймен қарым-қатынасын жақсарту мен қолдаушылар санының арттырудағы талпыныстарын атап көрсетті.

Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынастың жақсаруы ядролық қаруға бақылау орнатудың жаңа келісімінің дүниеге келуі мен Ресейдің БҰҰ-ның Иранға қастысты жаңа санкцияларына қолдау көрсетуіне түрткі болды.
Иран президенті Махмұд Ахмединежад ұлттық ядролық өнеркәсібі өнімінің үлгісін жұртшылыққа таныстырып тұр. Теһран, 9 сәуір 2010 жыл.


ИРАННЫҢ ЯДРОЛЫҚ САЯСАТЫНА КӨЗҚАРАС

«Жалпы американдықтар үшін қолдау көрсеткіші басқалардың өздерін жақсы көргені үшін ғана емес, сонымен бірге жаһандану заманында жүргізіліп жатқан саясаттың жүзеге асыу мен оның өздері үшін пайда әкелуі үшін де маңызды болып отыр», – дейді Мадлен Олбрайт.

Зерттеу сауалдарына жауап берген ресейліктердің шамамен 70 пайызы Иранға қарсы қатаң экономикалық санкцияларды қолдайтындығын білдірген.

«Көптеген елдерде тұрғындардың басым бөлігі, соның ішінде мұсылмандар, Иранның ядролық саясатын қарсы екендіктерін білдірді», – дейді Кохут.

Зерттеуге қатысқан елдердің ішінде Пәкістанда ғана респондентердің көбі – 58 пайызы – Иранның ядролық қару жасауын қолдаған. Бұған қоса, Ливанда сауалнамаға қатысқан шииттердің 91 пайызы Теһранның ядролық бағдарламасына қолдау білдірген.