Мерекеде мамырдың күні маужырап, ардагерлерге шуақ - нұрын төгіп тұрды

Қазақстан жұртшылығы екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталуының 64 жылдық мерекесін атап өтті Алматы, 9 мамыр, 2009 жыл

Қазақстан адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста халқының 10 пайызынан айрылған болатын. Жеңіс күні Алматы жұртшылығы жыл өткен сайын қатарлары сиреп бара жатқан соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетті.

9 мамыр – Жеңіс күні Алматыдағы 28 панфиловшылар паркінде ине шаншар орын болған жоқ. Мәңгілік алауға гүл қою рәсіміне қатысуға келген ел-жұрт таңертеңнен бастап-ақ монументтің алдында ұзын-сонар кезекке тұрды. Қалампыр гүлдерімен кеуделеріне «Георгий лентасын» таққан қарапайым халықты былай қойғанда, омырауы медальға толы ардагерлердің үлкен тобы қатысқан салтанатты шараның ресми бөлігінің өзі бір сағаттан астам уақытқа созылды.

Мәңгілік алау қойылған ұзындығы елу метрлік тас тақта, сондай-ақ сұрапыл соғыстың шешуші шайқастары өткен қаһарман қалаларға орнатылған тастардың үсті де гүлге көмкерілді. Ел-жұрт ардагерлерге де гүл сыйлап, жеңіс мерекесімен құттықтап, солармен бірге естелік үшін суреттерге түсіп жатты. Осындай ерекше құрметке бөленіп жатқандардың арасында соғыс ардагері Жәпек Молдабаев та болды.

Соғыс ардагері Жәпек Молдабаев Жеңіс күні немере, шөберелерімен бірге. Алматы, 9 мамыр, 2009 жыл.


«Бүгінгі мерекеге халық көп жиналды. Елімізді осындай тыныштықтан, бейбітшіліктен айырмасын. Алла қолдаса, біз де әрдайым ойын-думандардың арасынан табылармыз», - дейді ақсақал.

Биыл тоқсанның төріне шыққан ардагер 1941 жылы, фашистік армия совет шекарасын бұзып кірген уақытта, қиыр шығыста әскери борышын өтеп жүр екен. Соғыс басталған соң мұндағы әскери бөлім Манчжурияға ауыстырылған. Ал 1942 жылы Жәпек Молдабеков солтүстік-батыс майданына көшіріліп, пулеметші ретінде соғысқа араласыпты.

«Сол жылы Волхов өзені бойында кескілескен ұрыс күні-түні жүріп жатты. Қаншама солдат шығын болды. Сол майданда мен ауыр жараландым», - деді Жәпек Молдабеков.

Жеңіс мейрамы күні Алматыдағы паркте, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен, тек қана соғыс кезеңінің әндері орындалды. Бірқатар ардагерлер әуенге қосылып әндетіп те жатты. Көңілі көтеріңкі күйде жүрген ардагер полковник Василий Жовтый Азаттық радиосына былай деді:

Соғыс ардагері Василий Жовтый. Алматы, 9 мамыр, 2009 жыл.


«Бұл дегенің жеңіс мерекесі. Біздің жеңісіміз. Совет халықтарының және оның қарулы күштерінің жеңісі».

Ұшқыш-истребитель Жовтый 3-ші Беларусь майданында, әйгілі «Нормандия-Неман» эскадрильясының сапында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Қазір 88 жаста.

«I was born in 1921 year. Әскери қуатымнан әзірге айрыла қойғаным жоқ. Тіпті, дәрігерлерден тығылып, ұшып алатыным бар», - дейді Алматы орталық аэроклубы штабының төрағасы Василий Леонтъевичтің өзі.

Дегенмен ел-жұрт жыл өткен сайын ардагерлер саны азайып бара жатқандығын үлкен өкінішпен білдіріп жатты. Өткен ғасырдағы ең сұрапыл соғыстың тағы бір куәгері Анатолий Володин майданда қан кешкендердің басты мақсаты Отанды қорғау болғандығын, сол көздегеніне олардың жеткендігін еске салып отыр.

«Біз мәңгілік емеспіз. Жұрт секілді дүниеге келдік, жұрт секілді кетеміз. Бір ғана өкініш бар: майданда қаза болғандар сол кезде бұл соғыс біткеннен кейін адамдар енді қан төгудің керек еместігін түсінеді деп сенген еді. Бұл ойды маған соғыста ауыр жараланып өмірі үзіліп бара жатқан бір солдат айтқан болатын», - деп еске алды ардагер Володин.

1941-1945 жылдар аралығында Қазақстаннан 1 миллион 700 мыңнан астам адам майданға аттанды. Соның жартысынан астамы, яғни халықтың шамамен 10 пайызы соғыстан қайтып оралған жоқ дейді тарихшылар.

Соғыс жылдары республикада 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы, соның ішінде 2 ұлттық атқыштар бригадасы майданға жөнелтілді. Бұдан бөлек, Қазақстанда 50-ге жуық полк пен батальондар жасақталған.

500 қазақстандық Совет Одағының батыры атағына ие болды. Солардың арасында төрт адам – Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганский - екі мәрте Совет Одағының батыры атанды.