Мұхтар Жәкішевтің әйелі Жәмила қызы Әйгерімнің әуежайда 3 сағат ұсталғанын айтады. Жәмиланың сөзіне қарағанда, «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшыларының әйелдеріне де айқай-шу көтермеу туралы ескерту жасалған.
«МАҒАН ҮНДЕМЕУГЕ КЕҢЕС БЕРДІ»
Сейсенбі күні Жәмила Жәкішева оған және «Казатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы топ-менеджерлерінің әйелдеріне ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеушілерінің айқай-шу көтермеуге кеңес бергенін мәлімдеді.
Атап айтқанда, 4 маусымда күйеуімен кездесе алмағаннан кейін оған өзін Мұхтар Жәкішевтің адвокатымын деп таныстырған Игорь Спиридонов деген біреу хабарласқан:
«Ол маған күйеуімнің аман-есен екенін айтып, үндемеуге кеңес берді», - дейді Жәмила Жәкішева.
Сондай-ақ ол, бұдан бұрын өзін таныстырмаған ҰҚК тергеушісінің одан жауап алмақ ойы бар екенін білдіргенін айтып берді:
«Мен оған келмеуге және күйеуіме қарсы куәлік бермеуге құқымның барын айттым. Оған ол қатқыл түрде «жұма күні келіңіз, сонда сөйлесейік» деді. Жұма күні барған куәгелердің көбісінің қайтып оралмағанын сіздер жақсы білесіздер. Мен мұны БАҚ-та айғай-шу шығармау үшін, өзіме көрсетілген қысым ретінде қабылдаймын».
Өткен аптада «Казатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы топ-менеджерлерінің әйелдеріне Астананың шетінде орналасқан ҰҚК-нің тергеу абақтысының қасында пикет өткізуге тура келген. Ресми түрде бұрынғы топ-менеджерлер ҰҚК-нің құпия пәтерлерінде ұсталып отыр. Наталья Парфенова, Марийка Цоцория және Тамара Пирматова 4 маусымда күйеулерімен кездесе алды.
Кейін Азаттық радиосына «Казатомпром» ұлттық компаниясының вице-президентінің әйелі Наталья Парфенова, ұзақ күтуге тура келген бұл кездесудің тергеушілердің қырағы бақылауымен өткенін айтып берген еді.
«Вице-президентердің әйелдерінің айтуына қарағанда, оларға балаларының бар екенін және бұл мәселе төңірегінде БАҚ арқылы дабыл көтерсе, олардың күйеулеріне ауыр болатынын ескерткен. Бұл оларға қатқыл түрде ескертілмегенімен, бәрі де мұның не үшін айтылғанын түсінді», - деді Жәмила Жәкішева сейсенбі күні.
Сондай-ақ ол күйеуі тұтқындалардың алдында, оның қызы Әйгерімнің Алматы аэропортында белгісіз себептермен 3 сағат бойы ұсталғанын айтып берді.
«Ол демаласында Алматыға келген болатын. Ештеңені түсіндірмей оның төлқұжатын алып қойды және үш сағат бойы әуежайда ұстады. Осы оқиғадан кейін күйеуім түсініктеме беруін сұрап арызданғанымен, бізге ешкім жауап берген жоқ» дейді Жәмила Жәкішева.
«ЕГЕР ІС ҚҰПИЯ БОЛСА, ОНДA ҰҚК ТЕРГЕУДІҢ БҮГЕ-ШІГЕСІН НЕГЕ ЖАРИЯ ЕТТІ?»
Мұхтар Жәкішевке оның әйелін ғана емес, сонымен бірге оның адвокаттары Данияр Қанафин мен Нұрлан Бейсекеевті, сондай-ақ қоғамдық қорғаушы Асылхан Дүйсембинді жолықтырмай отыр.
Данияр Қанафин тіпті өзін бұл іске қатыстырмау туралы алдын ала тергеу органдарының шешіміне наразылық танытып, шағымданбақшы болыпты.
«Маған бұл істі Бас прокуратура қадағалайды деп хабарлады. Кеше мен жауапты тұлғамен телефон арқылы сөйлестім. Маған әуелі құпия құжаттармен жұмыс істеуге рұқсат алуым керектігі айтылды. Әңгімеден ұққаным, менің шағымымды қанағаттандырудан бас тартты, алайда менің атыма ресми жауап келген жоқ», - деп хабарлады адвокат.
Ол әлгіндей рұқсат алудың машақаты көп жұмыс екендігін атап айтты.
«Сайып келгенде, құпия құжаттармен жұмыс істеуге рұқсаты жоқтығын сылтау етіп, адвокаттарды қылмыстық іске қатыстырмай шектеу Қазақстанның кез-келген азаматының өзін қорғауға деген құқығын бұзады. Азаматтың өз қорғаушысын таңдап алуға деген универсалды құқығына шектеу салуға ешқандай негіз болмауы тиіс. Бұл бүкіл істі жүргізудің заңдылығын күмәнді етеді», - деп есептейді Данияр Қанафин.
Жәкішевтің екінші адвокаты Нұрлан Бейсекеевтің мемлекеттік құпияға жатқызылған құжаттармен жұмыс істеуге рұқсаты бар. Бірақ ол да әлі күнге дейін өзінің қорғауындағы адамның үстінен қозғалған қылмыстық іспен таныса алмапты.
«Мамырдың 27-інен бастап осы уақытқа дейін маған осы іске қатыса алатынымды я болмаса қатыстырмайтындарын әлі айтпай келеді», - деді Нұрлан Бейсекеев. Сонымен бірге ол іске қатысуға берілген өтінішін қарау мерзімі аяқталып қойғанын атап өтті.
Нұрлан Бейсекеев (сол жақта) және Данияр Қанафин, Мұхтар Жәкішевтің адвокаттары. Алматы, 9 маусым 2009 ж.
Атом өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподағының өтініші бойынша Жәкішевтің қоғамдық қорғаушысы міндетін алған «Қазатомпром» компаниясының заң департаменті директорының орынбасары Асылхан Дүйсембин де бұл іске қатыстырылмай отыр. Ол да қандай да бір ресми жауап алмағанын айтады.Адвокаттар жағдайдың екіұшты күйде екендігін атап айтады: қылмыстық іс материалдарының құпиялылығын желеу еткен ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеудің барысы туралы деректерді бұқаралық ақпарат құралдарына таратуда.
«Егер ондай мәліметтерді жария етуге болатын болса, онда Жәкішевтің мүддесін қорғауға тырысқан адвокаттарға неге тосқауыл жасалады?» - деген сауал қояды Нұрлан Бейсекеев.
«Егер парламент депутаттары қазірдің өзінде кімнің қылмыскер екендігін айтып, заңгер емес екендеріне қарамастан, істің дұрыс немесе бұрыс жүргізіліп жатқандығы туралы пікірілерін білдіріп жатқанда, құпиялылық туралы қандай әңгіме айтуға болады? Данияр Қалетаев [президенттік «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары] партияның бұл істі қарап танысып шыққандығын айтты. «Хабар» телеарнасы арқылы «Криминальный уран» атты фильм көрсетіліп, онда адамдарды қылмыскер деп айыптап, кінәлі деп атады. Кінәсіздік презумпциясы туралы принцип бұзылды», - деп мәлімдеді Асылхан Дүйсембин.
Айтпақшы, «Қазатомпром» компаниясының заң департаменті директорының орынбасарының айтуынша, компанияның жаңа президенті Владимир Школьник алдағы уақытта жұмыс штаты мен еңбекақының қысқартылатындығы туралы қызметкерлерді ескертіпті.
Мамыр айының соңында «Қазатомпром» компаниясының президенті қызметінен босатылысымен Мұхтар Жәкішевті ҰҚК-нің тергеушілері дереу тұтқындаған еді. Оған коррупцияға қатысты айып тағылды. Жәкішевтің жақтаушылары ол шетел асып кеткен бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовты Ақордамен жасырын келіссөздер өткізуге көндіре алмағаны үшін жазаға ұшырады деп санайды. Мұхтар Жәкішевтен кейін іле-шала тұтқындалған оның орынбасарлары ресми түрде куәгерлер санатында. Бірақ, оларға туған-туыстары және баспасөз өкілдерімен кездесуге шектеу қойылып, атышулы «куәгерлерді қорғау» бағдарламасы бойынша оларды құпия пәтерлерде ұстап отыр.
СОТ ҮКІМІ ШЫҚПАЙ-АҚ, МҰХТАР ЖӘКІШЕВТІҢ ҚЫЛМЫСКЕР ЕКЕНІ БҮКІЛ ЕЛГЕ ХАБАРЛАНДЫ
«Қазатомпром» ұлттық компаниясының басшысы тұтқындала салысымен, тым тез түсірілген, 40 минутқа созылатын «Криминальный уран» деп аталатын бұл жаңа туындыда Мұхтар Жәкішевке тағылып отырған қылмыстар туралы көрсетіледі. Фильмді көрген оның әйелі Жәмила төбесінен жай түскендей әсер алғанын жасыра алмады:
«Менің күйеуімді олар батпаққа батырғысы келетіндей сезім туады. Ол мұндай қаралауға лайық емес. Олар оның «жаман, жаман, және жаман» екенін айтады! Жұрттың бәрін осы ойға сендірткілері келеді».
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис бұл көрсетілген фильм туралы өз ойын Азаттық радиосына былай білдірді:
«Мұндай әрекеттер Қажыгелдин, Жақиянов, Әблязовтарға қатысты да қолданылған. Осы арқылы билік бұл процестің саяси астары бар екенін байқатып алды».
- Қажет болған жағдайда осы тәсілді қолдана отырып, «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Қазына», «ҚазЭнерго», секілді басқа компанияларды да тексеріп көруге болады, бірақ неге олар оны жасамайды, - дейді құқық қорғаушы.
Евгений Жовтис «Казатомпромның» бұрынғы басшысына қарсы берген куәгерлердің сөзіне күман келтіріп отыр. Ол тергеу барысында психотроптық заттар қолданылуы мүмкін деп есептейді. Ал, «Хабар» телеарнасынан көрсетілген фильм Евгений Жовтиске Түркіменстанды болған жағдайды есіне салыпты:
«Мен мұндай кадрларды Түркіменстанда көргенмін. Төңкеріс әрекеті жасала жаздады деп айтылып жүрген оқиғадан кейін, осы істің ұйымдастырушылары - Шахмурадов пен оның бауырлары олардың орталық каналдарынан көрсетілген. Жеңілдетіп айтқанда, ұсқындарына қарап-ақ, оларға қысым көрсетілгені аңғарылатын».
Евгений Жовтис мұндай жағдайда сот процесінің әділетті өтетіне күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, әшкерелеуші фильм, тергеу туралы ҰҚК-нің мерзімді есептері қоғамның пікірімен ойнау болып табылады.
«Казатомпромның» топ-менеджерлерінің туған-туысқандары, адвокаттары мен қызметкерлеріне бұл телеарнадан сөйлеуге мүмкіншілік берілмейтіні түсінікті емес пе», - дейді құқық қорғаушы.
Ал, «Криминальный уран» фильмі көрсетілерден бір күн бұрын, 4-ші маусымда, Жәмила Жәкішева күйеуінің жағдайын білу үшін Астанадағы уақытша тергеу абақтысына барды. Алайда онда, қандай да бір түсініктеме алудың орнына, құқық қызметкерлерінің қоқан-лоққысына ұшырағанын айтады.
– Мені күйеуіме жіберген жоқ. Оның себебін анықтамақ болып едім маған «егер осылай жалғаса берсе, сізді адвокатсыз жауап алуға шақырып аламыз» деп жауап берді. Мен мұны мені өз күйеуіме қарсы куә ету үшін жасалған үркіту деп түсінемін – дейді Жәмила Жәкішева.