Кітапхана ардагерінің жаңа кітабы оқырманға таныстырылды

Нәзира Қожахметқызы Дәулетова, Қазақстанның еңбек сіңірген кітапханашысы. Жеке мұрағаттағы сурет.

Қостанай облысындағы Сарыкөл аудандық кітапханасы мәдениет саласында жарты ғасыр еңбек етіп, соның 40 жылын республиканың ұлттық кітапханасына арнаған Нәзира Қожахметқызы Дәулетованың есімімен аталады. Жақында мұнда оның зерттеу кітабының тұсаукесері өткізілді.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН КІТАПХАНАШЫСЫ

Қостанай облысының Сарыкөл аудандық кітапханасында республиканың бас кітапханасында ұзақ жылдар басшылық қызметте болған Нәзира Дәулетованың Елена Шмылевамен бірігіп жазған «Қазақстанда кітапхана ісінің қалыптасуы және дамуы» атты кітабының тұсау кесері өткізілді.

Оған кітапханашылармен қатар мектеп мұғалімдері де қатысты. Әдетте Астанада немесе Алматыда болатын мұндай басқосудың ауданда өтуінің өзіндік себебі бар.

Нәзира Дәулетова Алматы мемлекеттік педагогика институтын бітіріп шыққан соң А.Пушкин атындағы мемлекеттік кітапханада әдіскер болып еңбек жолын бастады. Москвадағы мемлекеттік кітапхана институтын бітіргеннен кейін Қазақстанның мемлекеттік кітапханасында қызмет көрсету залының меңгерушілігінен кітапхананың директорлығына дейін өсті.

Ол Азия, Африка және Латын Америкасы елдері кітапхана қызметкерлерінің халықаралық семинарларына қатысып, баяндамалар жасады. Совет үкіметі тұсында кеудесіне орден тақты, Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын медалімен марапатталды, елдегі кітапхана ісін дамыту туралы орыс және қазақ тілдерінде көптеген еңбектер жазды.

Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов секілді қазақ жазушыларымен қоян-қолтық араласқан кісі өмірінің соңғы жылдарында Ғабит Мүсірепов әдеби-мемориалдық мұражайының директоры болды. Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хакімжановаға арналған экспозиция құрастырып, ақынның жұмыс кабинетін Қостанайдағы Ыбырай Алтынсаринның мемориалдық мұражайына орналастырды.

Нәзира апай қайтыс болғаннан кейін 2002 жылы оның есімі Сарыкөл аудандық кітапханасына берілді. Кітапханада оған арналған мемориалдық зал бар. Кітапхананың кітап қоры 62 мың данаға жетті, соның ішінде қазақ тіліндегі кітаптар бес мыңнан асады.

Аудандық мәдениет үйінде өткен еске алу кездесуінде Сарыкөл ауданының әкімі Қанат Ғабдуллин, апайдың қыздары Ғалия Жақияқызы Хакімжанова мен Сәуле Жақияқызы Әбілғазина тебірене сөз сөйлесе, апайдың немересі Данияр Рүстемұлы Әбілғазин бұл бас қосуға құр алақан келмей, аудандық мәдениет үйіне және аудандық кітапханаға демеушілік көмек көрсеткенін айтып, келешекте осы қайырымдылық акциясын жалғастыратынын мәлімдеді.

КІТАПХАНАШЫ МАМАНДЫҒЫ КӨПТІ ҚЫЗЫҚТЫРМАЙДЫ

«Мұндай шара Қостанай облысында өтіп жатқаны қуанышты. Әдетте бізде Нәзира апай секілді мәдениет қайраткерлерінің еңбегі елеусіз қалып жатады. Енді сол олқылықтың орны толғандай болды.Нәзира Дәулетова секілді қайраткер қазақ әйелдері аз емес. Бірақ, солардың бағасы уақытында берілмеді. Кітап оқитындардың өзі азайып кеткен мезгілде бұл шара көп адамның көзін ашқандай болды», - дейді осы ауданның тумасы, филология ғылымдарының докторы, Қостанай әлеуметтік білім беру колледжінің директоры Мәрияш Қыдыралинова.

Оның айтуынша, бұл игі іс облыс ауқымында жалғасын табуда. Жоғарыда аталған колледжде биылғы жылы кітапханашы мамандығын дайындайтын топтар ашылыпты.

Қостанай облыстық мәдениет басқармасының бастығы Сәуле Бөкейханованың сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта облыста 398 кітапхана жұмыс жасайды. Олардың 394-і мемлекет қарауында болса, тек үшеуі ғана жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің меншігі болып есептеледі.

Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда кітапханалардың жалпы саны үш бірліке артқан. Арқалық қаласында, Жітіқара ауданының Чайковский және Пригородный елді мекендерінде жаңа кітапханалар ашылған. Жаңа кітаптар сатып алуға бөлінетін қаржы да жыл сайын артып келеді. Лев Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың бір өзінде ғана кітапхана қоры 600 мыңнан астам дәстүрлі және электронды ақпаратты құрайды. Кітапхана 1997 жылы интернет желісіне қосылған.

Ұлттық кітапхананың қалалық кітапханаларды дамыту орталығының директоры Күлтай Қасымжанованың айтуынша, кейінгі уақытта Ресей мен Қазақстан арасында біртұтас ақпараттық кеңістік орнатуға уағда жасалған, бұл мәселеге екі елдің премьер-министрлері Мәсімов пен Путин айырықша назар аударған екен.

Жақында ғана өткен кітапханашылар семинарына Ресейдің Москва, Новосибирск, Челябинск, Троицк секілді қалаларынан және Қазақстанның Ресеймен көршілес жатқан аймақтарынан кітапханашылар келіп, электронды кітаптарды алмастыру жолдары талқыланған.

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы «Ұлттық кітапхана» деп аталатын арнаулы журнал жарық көрмек. Ұлттық кітапхана мен АҚШ Конгресінің кітапханасы өзара ынтымақтастыққа қол жеткізіп, ғаламторда әртүрлі елдердің мәдениеті туралы көп тілдегі, ірі көлемдегі материалдарға тегін қол жеткізуге мүмкіндік беретін әлемдік сандық кітапхананы дамыту жөнінде келісім жасағаны да тілге тиек болды.

Республикалық мемлекеттік кітапхананың ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі Бағдад Шаймерденова Нәзира Дәулетованың өнегелі өмір жолы туралы баяндайтын «Кітапхана – оның өмірінің басты мұраты» деп аталған кітап шығарған Сарыкөл ауданы әкімдігіне ырзашылығын білдірді.

Бұл кітап кітапханашылардың жақсы жарнамасы десе де болады. Алайда, ауыл кітапханаларының біразы осы уақытқа дейін қыста жылытылмайды. Ғимараты азып, кітаптары тозып жатқан кітапханалар да аз емес. Оның үстіне кітапханашылардың еңбекақысы мардымсыз. Кітапханашы мамандығын таңдаушылар сондықтан да көп емес.