Қазанның 11-і күні түске дейін сайлаушылар берген дауыстың 90 пайызы саналып үлгірді. Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы жариялаған алғашқы мәліметтерге қарағанда алда келе жатқан үш партияны жақтаушылар саны шамалас болып тұр.
Сонымен қазанның 10-ы, жексенбіде өткен парламенттік сайлау кезінде Қырғызстандағы дауыс беруге хақы бар 2,8 миллион сайлаушының 57 пайызы саяси таңдау жасаған. Басқа аймақтармен салыстырғанда маусым айындағы қақтығыстардан ең көп зардап шеккен Ош халқы ерекше белсенді дауыс берушілер болып шықты.
Жогорку Кенештегі, яғни қырғыз парламентіндегі 120 орынға 29 партияның өкілдері таласты. Бұл жолғы парламенттік сайлаудың мәні де, мазмұны да өзгеше еді. Өйткені Құрманбек Бакиевті биліктен кетуге мәжбүр еткен халық толқуынан соң уақытша үкімет конституциялық референдум өткізіп, Қырғызстандағы саяси режимді Орталық Азияның тарихындағы бірінші парламенттік республикаға айналдырған.
Қырғызстан билігі сайлау кезінде жаппай тәртіпсіздік болдырмау үшін қауіпсіздік шараларын күшейтіп, сырттан 900 бақылаушы шақырды. Жергілікті бақылаушылардың саны екі мыңнан асып жығылады. Ошқа барған ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі кеңсе директоры Янез Ленарчич сайлаудың өту барысына жоғары баға берді.
Соңғы мәлімет бойынша Қырғызстандағы парламент сайлауында Камчибек Ташиев бастаған «Атажұрт» партиясы алда келеді. Бұл партияны, әсіресе, Ош аймағындағы этникалық қырғыздар қатты қолдап отыр. Екінші орында – Әзімбек Атамбаевты алға салған Социал-демократиялық партия. Үшінші келе жатқан – Феликс Кулов жетекшілік ететін, ресейшіл «Ар-намыс» партиясы. Ал қазіргі үкіметті қолдайтын Өмірбек Текебаевтың «Атамекен» партиясы бесінші тұр.