Радикал исламистер Орталық Азия жетекшілері үшін өзекті мәселеге айналды

Тәжік шекарашылары Пяндж өзеніндегі көпірде құжат тексеріп жатыр. 2010 жылғы тамыз айы

Жексенбі күні исламистік топтардың Тәжікстан әскеріне шабуыл жасап, кемінде 25 сарбазды өлтіргені жаңа қауіп тудырып отыр. Wall Street Journal-дың жазуынша, Ауғанстандағы соғыс шекара асып, Орталық Азия елдеріне тарап бара ма деген алаңдаушылық күшейе түскен.

ИСЛАМИСТЕР ҚАУПІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ТАРАДЫ

Бұрынғы совет елдері құрамында болған Тәжікстан 1990 жылдардағы азаматтық соғыстан бері ес жиып үлгермей жатқанда аймақтағы жағдай қайтадан ушыға бастады. Кедейлік тауқыметінен арыла қоймаған тәжік елі Ауғанстанмен шектестіп жатыр. Соңғы айларда «Талибан» бақылауындағы шекаралас аймақтардан Тәжікстанға да кішігірім шабуылдар жасалды.

Сонымен қатар Қырғызстанның оңтүстігінде этникалық қақтығыс болып, жүздеген адам қырылған кезде Бішкек жағдайды ушықтырған топтардың ішінде Тәжікстандағы исламистік бүлікшілер де бар екенін айтқан.
Тәжікстанның Исламдық жаңғыру партиясының кеңсесінде өткен жұма намаз. Душанбе, 17қыркүйек 2010 жыл

Күллі Орталық Азияға тұрақсыздық қаупін төндірген исламистік топтарды халқы тығыз қоныстан Өзбекстан билігі өз бақылауында ұстауға тырысып келеді.

Ауғанстандағы АҚШ әскерилері жанармай мен қажетті жабдықтарының 30 пайызын Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан арқылы алып отыр. Бұл тұрғыда Халықаралық дағдарыс тобының Орталық Азия бойынша жоба жетекшісі Пол Куин Джадж “егер Тәжікстанда бүлікшілер көтерілсе, оған ресейліктер мен америкалықтар да қатты алаңдайды” дей келе, “АҚШ-қа Ауғанстанға баратын қауіпсіз жол керек, Ресей болса өз ықпалындағы Орталық Азияда бүліктер көбейіп кете ме деп қауіптенеді” деді.

ШАБУЫЛ ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ САНЫ ӨСЕ ТҮСТІ

Жексенбі күні Ауғанстанмен шекаралас Тәжікстанның Рашт аңғарында кетіп бара жатқан әскерилердің көлік керуеніне тұтқиылдан шабуыл жасалды. Қаза тапқандар саны 25-ке жетті, тағы біразы ауыр жарақатпен ауруханаға түсті.

Тәжікстан Қорғаныс министрлігінің өкілі Фарудин Махмадалиев осыған дейін біраз әскер бүлікшілер қолына түсті дегенді растаудан бас тартты. Сейсенбі күні министрліктің мәлімдемесі Тәжікстан Рашт аңғарындағы қақтығыста 40 әскерінен айрылып, тағы 25 сарбаз жоғалып кетті деген ақпарат құралдарының мәліметін жоққа шығарып, журналистерді мұндай расталмаған мәлімет таратпауға шақырды.

Рашт аңғарындағы әскерилер шығыны бүлікші топтың жоғары деңгейдегі дайындығын, Тәжікстан армиясына қарағанда жақсы жаттықтырылғанын көрсетіп отыр деді Ресей парламентінің депутаты, аймақ бойынша сарапшы Семен Багдасаров. Оның «Уолл Стрит Джорнал» тілшілеріне айтуынша, бұл Тәжікстанда азаматтық соғыстың қайта тұтану мүмкіндігін көрсетіп отыр. Жағдай Ауғанстаннан да жаман болып ушығып кетуі мүмкін деді ресейлік сарапшы. Ресейдің Тәжікстанда орналасқан ірі әскери базасында 7 мың сарбазы бар.

ШАБУЫЛ ЖАСАҒАНДАР ӘЛІ ТАБЫЛМАДЫ

Тәжік үкіметі жексенбі күнгі шабуыл үшін молда Абдулло Рахимовтың террорлық тобын айыптады. Молда Абдулло 1990 жылдары Тәжікстанның зайырлы үкіметіне қарсы күресіп, бейбіт келісімге келместен Ауғанстанға кетіп қалған діни қолбасшы болған. Кейбір бейресми хабарларға қарағанда ол өткен жылы 100 шақты жасағымен елге оралған. Олардың ішінде тәжік, өзбек, пәкістандық және шешен содырлары бар.
Ходжи Акбар Туражонзода. Душанбе, 2006 жылғы қазан

Жексенбі күнгі қанды шабуылдан бұрын тәжікстандық исламистер түрмедегі жақтастарының қашуын ұйымдастырды, аймақтық полиция бекетінде жанкештілік бомба жарылысын жасады дейді елдің билік өкілдері.

1997 жылы президент Эмомали Рахмон мен бүлікшілер арасындағы билікті бөлісу жөніндегі бейбіт келісімнен кейін ел үкіметі бұрынғы исламистік белсенділерді ресми қызметтерден ақырындап ысыра бастағаны наразылықтарға түрткі болған.

1990 жылдары көтерілісшілердің рухани жетекшісі болған Ходжа Акбар Туражонзода Тәжікстанның «Азия плюс ақпарат» агенттігіне жексенбі күнгі шабуылды “сұмдық ауыр қылмыс” деп атады.

ТАЛИБАН: «БҰЛ ШАБУЫЛҒА ҚАТЫСЫМЫЗ ЖОҚ»

Ауғанстандағы Талибан өкілі Забибулла Муджахед Тәжікстандағы торуылдан шабуылдауға өздерінің қатысы жоқ екенін айтты. Ол “Ауғанстан ислам әмірлігінің саясаты көрші елдердің ісіне араласпау, бұл Тәжікстанның ішкі мәселесі” деген.

Бірақ кезінде Талибан сыртқы істер министрлігінде қызмет етіп, бүгінде тәліптермен байланыс құрып отырған кабулдық саяси сарапшы Вахид Мужда талибандық көтерілісшілер өздерінің Орталық Азиядағы операцияларын күшейтіп отыр, өйткені олар АҚШ бастаған одақтас күштердің аймақтағы тасымал жолдарын бұзғысы келеді деді. Оның сөзіне қарағанда, Талибан бүлікшілері тәжік режиміне ел арқылы Ауғанстанға өтетін тасымал жолдарына қатысты қысым жасағысы келеді. Егер олар Тәжікстанда дегендеріне жетсе, бүкіл Орталық Азияға идеологияларын таратуға тырысады.

Вахид Мужданың пікірінше, жексенбі күні Тәжікстанда болған шабуылдың артында Өзбекстан ислам ұйымы және «Әл-Қаидамен» байланысы бар орталық азиялық ұлттардан құралған топ тұр.
Орталық Азиядан ауғандық талибандарға қосылғандар саны артып барады.

Солтүстік Вазиристандағы ауғандық тәліб қолбасшысы Өзбекстан ислам қозғалысының 2009 жылдары өзбек және тәжік жастарынан құрылған жихадшылар саны өсе түсті деген. Орталық Азиядан ауғандық талибандарға қосылғандар саны артып барады деді Ауғанстандағы саяси зерттеу орталығының директоры Хароун Мир. Саяси сарапшының айтуынша, Талибан деген әл-Қаидадан бөлек бір қозғалыс емес және олар Ауғанстанмен ғана шектеліп отырған жоқ. Олардың Орталық Азияда көптеген жауынгерлері бар.

Тәжікстанның солтүстігіндегі шалғай аудандар мен Өзбекстанның шекаралық аймағында Талибанмен байланысты бүлікшілер өз дегендерін жасай бастаған. Себебі АҚШ бастаған күштер барлық назарын Ауғанстанның шығысы мен оңтүстігіндегі Қандағар және Хелманд сияқты аймақтарға аударып отыр.

ТӘЖІКСТАН ШЕТТЕГІ ЖАСТАРЫН ҚАЙТАРҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Бұл тұста Рейтерс агенттігі Тәжікстандағы кейбір жастардың діни білм алуға деген ынтасы артып, қоғамдық ортада қыз-келіншектердің орамалсыз жүруіне қарсылығы күшейген деп жазады. Оған дәйек ретінде Шойра Шатманова деген әйелдің айтқан сөзідерін келтіреді. Онда Шатманованың 21 жастағы ұлы орамалсыз жүрген анасымен көшеге шығуға ұялатынын мәлімдеген. Совет билігі кезінде Тәжікстанда туып-өскен Шатманова өзінің ыңғайсыз күйге түскенін айтады. «Мен өзім әйелдердің хиджаб кигеніне қарсы емеспін» деген Шатманова, Ислам дінінің қағидаларын ұстануда әсіре діншілдікке ұрынған кейбір адамдардың мұсылманша киінбеген әйелдерге қарсы болғанын дұрыс көрмеймін дейді.

Тәжікстан билігі де соңғы кезде елде діни мектептерді бақылауға алып, шет елге оқуға барамын дегендерін жіті тексеруден өткізіп отыр. Ел президенті Эмомали Рахмон ата-аналарды балаларын шет елге оқуға жібермей, оқып жатқандары болса қайтарып алуға шақырды. Президенттің айтуынша, шеттен білім алып жатқандар елге террорист болып оралуы мүмкін.