Тәліптерден қашып, Тәжікстанды паналаған ауған ұшқыштарының хәлі неге мүшкіл?

Душанбе түбіндегі санаторийді паналаған ауған ұшқыштары жұпыны дастарханда жүрек жалғап отыр.

Азаттық АҚШ-та дайындықтан өткен, бұрын ауған әуе күштерінің құрамында болған ондаған ұшқыш тұрып жатқан Тәжікстандағы құпия нысанға кірді. Ұшқыштар Азаттық тілшісіне 15 тамызда батыс қолдап келген ауған үкіметі құлап, Кабул қаласы тәліптердің қолына өткеннен кейін Ауғанстан әуе күштерінің ұшағымен Тәжікстанға қашқанын айтты. Әскери қызметкерлер содан бері сыртқы әлеммен байланыссыз қалған.

Тәжікстан астанасының іргесіндегі таудан ағатын өзен жағалауында қонақ үйлері мен саяжайлары көп демалыс аймағында қалың ағаш ортасында айналасы қоршалған заманауи қосқабатты ғимарат тұр.

Душанбеге жақын маңдағы мемлекеттік шипажай Тәжікстанның жоғары шенді шенеуніктері демалатын орындардың бірі болған.

Бірақ 1 қыркүйектен бері мұнда тамызда Ауғанстандағы тәліптер билігінен қашып, Тәжікстанға келген ауған әскери қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері тұрып жатыр. Олардың қатарында АҚШ-та дайындықтан өткен ұшқыштар, әуе диспетчерлері мен инженерлер бар.

15 тамызда кешкісін 143 ауған азаматы мінген ұшақ Тәжікстанның оңтүстігіндегі Бұқтыр (Бохтар) әуежайына келіп қонған. Оның алдында бірнеше сағат бұрын батыстың қолдауына арқа сүйеп келген ауған үкіметі құлап, билік тәліптердің қолына өткен.

Екі ай бұрын тәліптердің қолына түсуден қорқып, бас сауғалап қашқан ауған әскери қызметкерлері қазір не істерін білмей отыр. Олар «АҚШ бізді Тәжікстаннан алып кетеді» деп үміттенген. Бірақ ауған азаматтарын АҚШ-қа жіберу операциясы бірнеше рет кейінге қалған, Тәжікстан билігі мұның себебін түсіндірмеген.

AC 208 ұшақтары тұрған Кабул әскери әуежайы. 7 шілде 2021 жыл.

Азаттыққа аты-жөнін айтпай сұхбат берген ұшқыштардың айтуынша, олар Тәжікстанға Ауғанстанның солтүстік шекарасы арқылы он бір Cessna-208, үш AC-208 және үш Pilatus PC-12 әскери ұшақтарымен келген.

Азаттық тілшісімен сөйлескен азаматтардың кейбірі Тәжікстанға келгелі сыртқы әлеммен байланысы үзілгенін, тіпті Ауғанстанда қалған отбасы мүшелерімен де сөйлесе алмағанын айтқан. Тәжікстан билігі олардың төлқұжаты, телефоны мен жеке қаруын жинап алған.

Әскери қызметкерлер алғашқы екі аптада Ауғанстан шекарасына жақын Бұқтыр қаласындағы студенттер жатақханасында тұрған. Кейін оларды Душанбе түбіндегі шипажайға көшірген. Әскери қызметкерлер арасында екі ұшқыш әйел де бар. Олар Тәжікстанда қалғысы келмейді, АҚШ-қа кетуге мүмкіндік туар деп үміттенеді.

Ауған азаматтары "Тәжікстанға келгелі америкалықтар бізбен байланысқа шыққан жоқ" деген.

Бірақ 7 қазанда АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Азаттыққа Душанбедегі АҚШ елшілігінің қызметкерлері ауған азаматтары тұрып жатқан шипажайға барып қайтқанын, Тәжікстан үкіметімен жиі байланысып отырғанын айтқан.

Баспасөз хатшысы "АҚШ-тың өкілетті тұлғалары Тәжікстан билігімен ауған азаматтарының жағдайын талқылады ма?” деген сұраққа "Тәжікстан үкіметімен жиі байланысып тұрамыз, оған Тәжікстандағы ауған ұшқыштарының іс-қимылын үйлестіру мәселесі де кіреді” деп жауап берген.

"БӨЛМЕЛЕР ЛЫҚ ТОЛЫ, ТАМАҒЫ НАШАР"

Ауған азаматтары ертеңгі күнге деген сенімсіз, шарасыз күйде өмір сүріп жатқанын айтып шағынды. Олар өздерінің ауыр жағдайы туралы "бүкіл әлем естігенін" қалайды.

Ерлердің айтуынша, бөлмелерде адам көп, жуынатын орын жетпейді, тиісті медициналық көмек шектеулі, тамаққа негізінен кәді мен орамжапырақ ғана береді.

"Қазір тұрып жатқан жеріміз өмір сүруге жарамайды. Тамағы нашар. Оны ешкім жемейді. Орнына өзіміз салат жасаймыз" дейді ауған азаматтарының бірі.

A-29 ұшағының жанында тұрған ауған ұшқышы. Кабул, 17 қыркүйек 2020 жыл.

Тағы бір ұшқыштың дерегінше, шипажайдың бір бөлмесінде жеті адамға дейін жатады.

"Бөлме суық, көбімізде жылы киім жоқ. Кабулдан асығыс кетуге мәжбүр болдық, қолымызға ілінген бірлі-екілі киіммен ғана келдік" дейді ол.

Тәжікстан билігі шипажайға медициналық қызметкерлер жіберген.

Екі ұшқыш әйелдің бірі – 27 жастағы айы-күні толып отырған жүкті әйел шипажайда әйел дәрігер жоғын, ең жақын ауруханаға жетуге бір сағат уақыт кететінін айтқан.

Қазан айының соңында бұл әйел перзентханаға жеткізілген. 7 қазанда аурухана қызметкерлері Азаттыққа әйелдің тиісті медициналық тексерулерден өткенін, қазір жағдайы жақсы екенін хабарлады.

Аурухана өкілдеріне ақпарат құралдарымен сөйлесуге болмайтындықтан, Азаттық тілшісіне аты-жөнін айтпай пікір берген қызметкер жүкті әйелдің қарашада босанғанға дейін ауруханада қалатынын айтты.

Тәжікстан билігі шипажайдағы жағдайға қатысты айтылған сын-пікірге жауап берді.

7 қазанда Ауғанстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нусратулло Махмудзода "Ауған азаматтарына елдегі ең жақсы жерден орын бөліп, өмір сүруге қолайлы жағдай жасадық. Оларды тамақтан бастап, дәрі-дәрмекке дейін қажет заттармен түгел қамтамасыз етіп отырмыз” деді.

"БӘРІН КЕШІРДІК"

Тәліптер Кабулды жаулап алған кезде ауған әуе күштерінде істеген ұшқыштардың бір бөлігі мемлекеттік әскери ұшақтармен Өзбекстанға қашқан. Олар кейін Біріккен Араб әмірліктеріне кетті.

Тәліптер басқаратын жаңа ауған үкіметі Тәжікстан мен Өзбекстаннан әсери ұшақтар мен ұшқыштарды қайтаруды талап еткен. Олар ауған азаматтарын елге қайтып, туған жеріне қызмет етуге шақырған.

"Талибан" қозғалысының баспасөз хатшысы Забихулла Мужахид Тәжікстандағы ауған ұшқыштары елге оралса, қудалауға ұшырамайды деп уәде берген.

"Бізге қарсы соғысқандардың бәрін кешірдік. Ешкімнің өміріне қауіп төнбейді. Ұшқыштарға қудалау болмайды деп уәде беремін" деді Муджахид.

Бірақ ұшқыштардың көбі елге оралсақ, тәліптер бізді өлтіреді деп қорқады.

Тәліптер билікке келмей тұрып, Ауғанстанның әуе күштерін әлсірету үшін ұшқыштарға жұмыстан бос уақытында шабуыл жасап, біраз адамды өлтірген.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, тәліптер билігі орнағаннан кейін Ауғанстанда бұрынғы қауіпсіздік қызметкерлерін жаппай өлтіру, азаптау және түрмеге жабу оқиғалары тіркелген.