Ауғанстанның солтүстігінде "Талибан" шабуылдары күшейген тұста Мохаммед Захер тірі қалудың жалғыз жолы Тәжікстанға қашу екенін түсінген.
Елдің солтүстік-шығысындағы Бадахшан провинциясы Хвахан ауданында шекара әскерінің байланыс бөлімін басқарып келген Захер маусымның соңынан бастап Тәжікстанға бас сауғалап қашқан ауған әскерилерінің қатарында болған.
6 шілде күні Ауғанстан президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Хамдулла Мохиб Тәжікстан аумағына өткен 2300 ауған сарбазының Ауғанстанның қорғаныс күштеріне қайта қосылғанын мәлімдеді. Ал 7 шілде күні Тәжікстанның қауіпсіздік күштері Азаттықтың Тәжік қызметіне 600 ауған сарбазының еліне қайтарылғанын хабарлады.
Захердің айтуынша, тәліптерге қарсы тұру ұтымды шешім болмаған, өйткені Халық көтеріліс жасағының бір бөлігі "Талибан" жағына өтіп кетіп, үкімет әскеріне қарсы тұрған. Құрамында еріктілер көп бұл күштер негізінен үкімет жағында. Олар ел аумақтарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі.
Захердің сөзінше, тәліптерге қосылған топтың қолында қару-жарақ көп болған.
– Халық көтеріліс жасағының күштері үкіметке тиесілі әскери техниканы басып алып, тәліптермен ымыраласқан. Біздің оларға қарсы тұруға күшіміз қалмады, сөйттік те Тәжікстанға қарай шегіндік, – деді Захер Азаттыққа.
Захердің сөзін Тәжікстанға өтуге мәжбүрген тағы бір ауған әскериі Мохаммад Вали де қуаттап отыр. Оның айтуынша, қолдау жоқ тұста "Талибанмен" соғысу өлімге бас тіккенмен бірдей болған.
Захер мен Вали Азаттықтың Тәжік қызметімен 5 шілде күні Куляб қаласында сөйлескен. Ауғанстанға қайтқан сарбаздар қатарында бұл екеуі де болуы мүмкін.
Бірақ Ауғанстанда "Талибан" шабуылы күшейе берсе, ауған сарбаздары Тәжікстанға қайта өтуі ықтимал. Тек Тәжікстан ғана емес, Өзбекстанға да баруы мүмкін. Ауған сарбаздары бұл елге де өтіп үлгерген.
ЖЫЛДАМ ШАБУЫЛ
Бадахшан билігі Азаттықтың Тәжік қызметіне провинциядағы 28 ауданның 26-сы тәліптер қолына өткенін хабарлады. Ал Тәжікстанның ресми өкілдері "Талибанның" екі ел арасындағы 1357 шақырымдық шекараның 900 шақырымын бақылап отырғанын айтты.
Қазір тәліптер Ауғанстандағы 398 ауданның жартысынан астамын бақылауға алған. Олардың көбі 1 мамыр күні АҚШ пен оның одақтастары соғыс жайлаған елден кететінін мәлімдеген соң тәліптерге беріле салған.
АҚШ әскері кетіп жатқан тұста экстремистік топтың бұл жылдам жеңістері Ауғанстан мен оған көрші елдерде алаң тудырып отыр. Соңғылары шекарадағы ахуалдан бақылаудан шығып кетуінен, босқындардың жаппай келуінен қауіптенеді.
– Әскери күштердің соғыссыз шегінуі және [үкімет күштерінің] Бадахшанды эвакуациялауы адамдарды таңғалдырып, көптеген сұрақ пен күдік тудырды, – деп жазды ауған газеті Hashte Sobh. Басылым Бадахшандағы аудандардың домино әсерімен бірінен кейін бірі "Талибанға" өткенін атап өтті.
Кей жағдайда тәліптерге қарсылық көрсетер күш те болмаған. Ал ауған билігі үкімет күштерінің шегінуінде кейде тактикалық әдіс жатқанын айтады.
8 шілде күні тәліптер Ауғанстанның Иранмен шекарадағы бас бақылау бекетін басып алды. Бұл шетел әскері кетіп жатқан тұста батыл қимылдай бастаған тәліптер үшін үлкен олжа болды.
Ауған әскерилері мен шекарашылары Иран аумағына өтті деген де ақпарат бар. Жергілікті билік болса, елдің батысындағы Герат провинциясының екі ауданында үкімет күштері кісі өлімінің алдында алу үшін шегінді дейді.
Ауған парламентінің мүшесі Масуда Карохидің (ханым) айтуынша, елдің кей аймақтарында әскерилер тәліптердің соғысудың қисыны жоқ деп санайды.
– Ол жақтағы әскерилерге қолдау жоқ: оларға азық-түлік берілмейді, ешқандай жағдай жасалмаған. Сол себепті олар "Қол қусырып отырмын, "Талибан" күштерімен не себепті соғысуым керек? Қару тастап, кетіп қалғаным артық емес пе?" деп айтады" дейді Карохи Noor TV арнасына берген сұхбатында.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәліптер келе жатыр. Орталық Азия мен Ресейге қауіп бар ма?АУДАНДАРДЫҢ ҚҰЛАУЫ
Кей аудандарда үкімет күштері тәліптерді шегіндіріп, бақылауды қолына қайта алған. 7 шілде күні Бадгис провинциясының орталығы Калайи-Науда үкімет күштері қалаға кіріп кетіп, үкімет үйлерінің кейбірін басып алған тәліптерге тойтарыс бергенін айтты. Бұл туралы жергілікті билік Азаттықтың Түркімен қызметіне айтқан.
Кабул соғыс және бейбітшілікті зерттеу институтының негізін қалаушы әрі бас директоры Энайят Наджафизада (мырза) АҚШ әскерінің кетуі ауған күштерінің әскери рухына теріс әсер еткенін айтады.
– Тиімсіз әскери басқару, жергілікті деңгейде нашар басшылық – аудандар мен әскери бекеттердің құлауына әкелген факторлардың бірі. Дегенмен [ауған ұлттық әскери және қауіпсіздік күштерімен бірге] көтеріліс күштері де "Талибанға" қарсы тұрған жерлерде тәліптер жаңа аумақты жаулап алмақ тұрмақ, қарсыласынан ойсыра жеңілген, – деді Наджафизада.
Оның сөзінше, елдің солтүстігінде "Талибан" күштері жергілікті ақсақалдармен келісіп, олар әскерилерді тәліптерге бағынып, бекеттерін тастап кетуге көндіре бастаған. Наджафизада бұл амалдың нәтиже бергенін айтады.
– Жергілікті ақсақалдар ауған күштерін "Кіммен соғысып жүрсіңдер? Егер сендерге төлемесе, адамдарды несіне қорғап әлексіңдер?" деп үгіттеген, – дейді ол.
Дегенмен Наджафизаде АҚШ пен НАТО әскери, саяси қолдауын, техникамен жабдықтауын жалғастыра берсе, ауған үкіметі "жақсы жағдайда болады" дейді.
8 шілде күні Ауғанстан президенті Ашраф Гани АҚШ әскері кетіп жатқан тұста елінің қиын жағдайда қалғанын мойындады. Бірақ сөйте тұра үкімет күштерінің "Талибанға" төтеп бере алатынын айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ пен НАТО әскеріне қызмет еткен ауғандардың тағдыры не болмақ?