Ауған әскерінің «Талибанға» төтеп беретініне күмән туды

Ауған ұлттық армиясы сарбаздары жаттығу жасап жүр. Кабул, 2013 жылдың қазаны.

Ауған армиясы мен полициясының елде тыныштық орнататынына күдік айтушылар көп. Өйткені ел ішіндегі тұрақтылықты күзетуге кіріскен жасақтардың адам шығыны көбейді.
Осы жазда Ауғанстан полициясы мен армиясы елдегі тыныштықты күзетуді мойнына алып, іске кірісті. Ауғанстан әскери құрылымдары «Талибан» содырларына тұрақтылықты шайқауға мүмкіндік бермегенімен, көп жауынгерінен айырылды.

2 МЫҢНАН АСТАМ САРБАЗ МЕРТ БОЛҒАН

Ауған үкіметі өткен айда полиция қатарындағы адам шығыны есебін жариялады. Баяндамамен танысқан сарапшылардың «халықаралық әскер елден біржола кеткен соң (2014 жылдың соңы – ред.) жергілікті жасақтар ел ішіндегі қауіпсіздікті сақтай ала ма» деген күдігі күшейді.

Полицей тұтқындалған есірткі сататын адамды күзетіп тұр. Ауғанстан, 19 қыркүйек 2013 жыл.

Ауғанстан ішкі істер министрлігі қазанның 29-ы күні жариялаған мәліметтерге қарағанда, ауған полициясы биылғы сәуір-қазан айларында болған қақтығыстар кезінде 2052 сарбазынан айырылып, 5 мыңнан астам полицей жараланған. 2012 жылы 1 мың 800-дей қызметкер қаза тапқан еді.

Жаздан бері «Талибан» қозғалысы - 6 мың 604 шабуыл, 50 шақты жарылыс жасаған. Мұның ішінде полицияға 1 мың 704 мәрте тікелей шабуыл жасалған. Бұл 2012 жылдан анағұрлым көп. Полицейлер «Талибан» жасақтары көп жүретін елдің оңтүстік және шығысындағы ауылдарда оққа ұшқан.

«ҚАН КӨП ТӨГІЛГЕН ЖЫЛ»

Сарбаздардың жауынгерлік рухын жасытып алмау үшін үкімет Ауғанстан ұлттық армиясындағы адам шығыны туралы мәліметтерді жасырып отыр.

Бірақ биыл қыркүйекте НАТО-ның Ауғанстандағы жоғары шенді командирлерінің бірі, генерал Джозеф Дэнфорд армиядағы адам өлімі «шектен тыс» деп мәлімдеген еді.

Америкалық генерал, НАТО-ның Ауғанстандағы жаяу әскерінің командирі Марк Милли биылғы қыркүйекте «ай сайын 50 мен 100-дің арасында ауған сарбаздары опат болып жатқанын, мұны Вьетнам соғысы кезіндегі АҚШ әскерінің шығындарымен салыстыруға болатынын» айтқан.

Ауған үкіметінің мәліметі бойынша, өткен жылы 2 мың 970 полицей мен солдат мерт болған. Аты-жөнін атамауды өтінген ауған үкіметінің қызметкері «Ауғанстан ұлттық армиясындағы адам шығынының көбейгенін, 2013 жыл жыл 2001 жылдан бергі «ең қанды жыл» болғанын» айтты.

«САРБАЗ ӨЛІМІНЕН ДЕ ҚАУІПТІ ЖАЙТТАР»

Ауғанстанда армиядан қашып жатқандар да көп. Әскер қатарына сарбаз алу да қиындаған. Армияның соғыс қимылдарына дайындығы нашар, дұрыс жабдықталмаған. Жауынгерлердің де еңсесі төмен. Мұндай әскердің елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қаншалық қауқары бар деген күдік бар.

Ауғанстан ұлттық армиясына шақырылған адамдар. Кабул, 23 қазан 2013 жыл.

Ауғанстандағы НАТО кеңесшісі, «АҚШ қауіпсіздігі» жобасының ғылыми қызметкері Дэвид Янгтың айтуынша, «Батыстың донор елдері майданда қаза тапқандардың орнын басатын сарбаздарды іріктеу және оларды жаттықтыру шараларын ұйымдастырып отырған қазіргі кезеңде сарбаз шығынының көп болуы - қалыпты жағдай».

Бірақ сарбаздар өмірі - аса маңызды мәселе. Бұлай бола берсе, сарбаз қатары сирейді. Армияның жауынгерлік рухы жасиды. Сарапшылар «Ауғанстанға төнген негізгі қауіп - осы» дейді.

- Сарбаздар өлімі көбеймей тұрып-ақ Ауғанстан сарбаздарының үштен бірі әскери қызметтен бас тартатын. Осыншама адамның қазасы сарбаздардың сағын сындырады. Ал бұл - адам шығынынан да қауіпті жайт, - дейді Дэвид Янг.

Кейбір сарапшылар ауған әскерінің «Талибанға» тойтарыс бере алатынына күмән айтады. Бірақ сарбаз қазасының көптігіне қарамастан, үкімет жасақтары «Талибан» шабуылдарына төтеп берді.

«ТАЛИБАН» МАҚСАТЫНА ЖЕТПЕДІ

Үкімет жасақтарының арқасында «Талибан» да мақсатына жете алмады. Олар биыл Ауғанстан үкімет басшыларын өлтіріп, шетелдік әскерге шабуылды үдетуді, ауған әскерінің жауынгерлік рухын күйретуді көздеген.

«Талибан» биыл көбіне полицейлер мен аймақ шенеуніктеріне шабуыл жасады. Жоғары лауазымды тұлғадан бір адам – Логар провинциясының басшысы Арсала Джамал мерт болды. Оны қазанның 15-і күні мешітте сөз сөйлеп тұрған жерінде өлтірді. Бірақ «Талибан» бұл қастандыққа қатысы жоқ екенін хабарлады.

Бұдан бөлек, «Талибан» үкімет армиясының ішінен бүлік шығаруға, яғни ауған сарбаздарының формасын киген содырлардың шабуылдарын көбейтуге уәде берген.

"Талибан" мүшесі қаруларын көрсетіп отыр.

Олар 2012 жылы болған осындай 60 «ішкі шабуылдың» көпшілігін мойнына алды. Бұдан соң үкімет аймақтардағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп, биыл жасалған «ішкі шабуылдың» саны 15-ке дейін азайды.

Талибан «Кабулде жойқын жарылыстар ұйымдастырамыз» деген жоспарын да жүзеге асыра алған жоқ. Ол жарылыстардың көбі «нысанаға тимеді», әрі бірнеше содыр ауған барлаушыларының қолына түсіп қалды.

«ҚАРЖЫ АЗАЙЫП, САРБАЗДАР ҚАЛАҒА КӨШІП ЖАТЫР»

Үкімет жасақтары «Талибан» ықпалы күшейген аймақтардан оларды тықсырып шығару операцияларын аяқтаған соң, халық тығыз қоныстанған өңірлерді қорғауы тиіс. Бұл «Талибанның» шалғай ауылдарға қайтадан дендеп енуіне мүмкіндік береді.

Вашингтондағы «Ұлттық мүдде» зерттеу институты директорының орынбасары Райан Эванстың айтуынша, «бұл адам шығындары ауған әскерінің соғыс машығының нашарлығынан ғана емес, шетелдік қаржылай көмектің азаюынан да болып жатыр».

2014 жылдан соң Ауғанстанға шетелдерден берілетін қаржылай көмек 7 миллиардтан 4 миллиард долларға дейін азаймақ. Сол кезде ауған әскері мен полициясы қазіргі 352 мың адамнан 2015 жылы 230 мың адамға кемиді.

- Бұл - Ауғанстанда соңғы 30 жыл жасалып келе жатқан тәсіл. Совет әскері кеткен кезде де Ауғанстан қауіпсіздік күштері ірі қалаларға оралған. АҚШ әскері елден кетуге жиналғалы бері сарбаздар тағы да қалаларға көше бастады. Әскер тағы да аудандар мен провинциялардағы ірі қалаларда "темір қоршаулар" құрып жатыр. Меніңше, бұл процесс жеделдей береді, - дейді Эванс.

Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.