АҚШ әскерінің Ауғанстанда қалу-қалмауын «Лойя Жирга» шешеді

Your browser doesn’t support HTML5

ВИДЕО: «Лойя Жирга» қарсаңында Кабулда қауіпсіздік шаралары күшейтілді. 21 қараша 2013 жыл.

Ауған тайпалары көсемдері мен саяси жетекшілерінен құралған «Лойя Жирга» құрылтайы осы апта Кабулда АҚШ-пен арадағы «ұзақмерзімді қауіпсіздік» келісімін талқылайды.
Қауіпсіздік туралы келісімді ауған тайпалары көсемдерінің дәстүрлі жиынында талқылау Кабулге де, Вашингтонға да тиімді.

«ЛОЙЯ ЖИРГА» КАРЗАЙДЫҢ ҚҰРАЛЫ МА?

«Лойя Жирга» жиыны нәтижесі қандай болса да қабылданған шешім «легитимді» (халық тілегіне негізделген – ред.) деп танылады. Егер кеңес мүшелері «2014 жылдан кейін де америкалық әскерлер елде қалсын» десе, Кабул мен Вашингтон «халықтың сұрауы – осы» деп айта алады. Келісім қабылданбаса, екі жақ оны да «халық тілегі» деп жариялайды.

«Лойя Жирга» жиыны қарсаңында АҚШ-қа қарсы шеруге шыққан ауғандықтар. Ауғанстан, 19 қараша 2013 жыл.

Кабул мен Вашингтон бірнеше ай тәжікелесіп, келісімге келе алмаған соң Ауғанстан президенті Хамид Карзай «АҚШ-Ауғанстан қауіпсіздік келісімін «Лойя Жирга» талқыласын» деген ұсыныс айтты.

​Тайпа көсемдері кеңесі - «Лойя Жирга» шешімі міндетті заң саналмайды, бірақ ауған парламенті кеңес қабылдаған шешімдерді мақұлдай алады. «Лойя Жиргаға» 2 мың 500-ден астам адам мүше. Оларды үкімет таңдап алған. Сондықтан Карзай қауіпсіздік туралы келіссөздерді өзі қалаған арнаға бағыттау үшін кеңестегі ықпалын пайдалана алады.

Егер Карзай АҚШ-тың ел ішіндегі қауіпсіздікті сақтауға көмектескенін қаласа, «Лойя Жирга» арқылы ауған халқын оған «келістіре» алады. Кабулдегі «Сараптама желісі» тәуелсіз зерттеу ұйымының тең төрағасы Томас Раттигтің пікірінше, «Карзайға АҚШ-пен арадағы бұл келісім қажет болып тұр».

- «Лойя Жирганы» ауғандықтар халық атынан сөйлейтін, көпшіліктің тілегін айтатын ұйым деп есептейді. АҚШ-пен мәмілеге келуді көздеп отырса, Карзайға осы кеңестің қолдауы қажет. Оның үстіне, соңғы кезде оның қарсыластары да көбейді, - дейді Томас Раттиг.

«Лойя Жирга» өтетін ғимарат. Кабул, 20 қараша 2013 жыл.

Қарашаның 21-і күні «Лойя Жирга» жұмысын бастайды. Елдің барлық аймағынан келген кеңес мүшелері АҚШ-пен арадағы екіжақты қауіпсіздік келісімі (Bilateral Security Agreement - BSA) мен Ауғанстанда қалуы тиіс әскерилердің жаңа мәртебесі туралы келісім (Status of Forces Agreement - SOFA) жобасын талқылайды. Егер кеңес бұл келісімдерді қолдаса, АҚШ әскерінің тағы 10 жылдай Ауғанстанда қалуына алғышарт жасалады.

Жиын алдында даулы мәселелер де анықталды. Қарашаның 19-ы күні «Егер АҚШ президенті Барак Обама 12 жылдық соғыс кезінде АҚШ тарапынан кейбір әскери «қателіктердің» болғанын мойындаса, Карзай АҚШ әскерінің үй-үйді аралап, мешіттерге де рейд жасауына (келісім шарттарының бірі – ред.) қарсы шықпас еді» деген ақпарат тарады.

Бұрын Вашингтон «америкалық жауынгерлер ауған заңымен қорғалуы тиіс» деген талап қойған еді. Бұған келісу үшін Ауғанстан «ауған құқық қорғау органдары барлық рейдтерді өзі жүргізсін» деген қарсы уәж айтқан.

«КАРЗАЙ ДАНАЛЫҚ ТАНЫТТЫ»

Бұдан соң Вашингтон келіссөз жүргізуге құлықсыз екенін білдіріп, «талабымыз орындалмаса, барлық қарулы күшті кейін қайтарамыз» деген мәлімдеме жасады. Ал ауғандықтар Вашингтонның мұндай қатаң талабына ашуланды. Соңғы екі аптада жүздеген адам көшеге шығып, америкалық әскердің ауған жерінен кетуін талап етті.

АҚШ солдаты мал бағып жүрген жергілікті тұрғынмен сөйлесіп тұр. Ауғанстан, 29 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Америкалық солдаттардың қолымен жасалған көптеген қайғылы жағдайлар да қарсылықты күшейтіп отыр. 2012 жылы америкалық әскери базада жүздеген Құран кітабы өртелді, Ауғанстанның оңтүстігінде АҚШ солдаттары бұзақылық жасап, 16 бейбіт тұрғын қаза тапты. Олардың ішінде әйелдер мен балалар да бар. Америкалық жауынгерлер түрмеге қамалған ауғандарға зорлық-зомбылық көрсетті, АҚШ әскери шабуылдарынан бейбіт тұрғындар қаза тапты.

Егер АҚШ ауған халқына жасаған зорлық-зомбылығын жуып-шайғысы келсе, «Лойя Жирга» бұған да көмектеседі. Яғни «халық тілегін жеткізуші» саналатын кеңес қолдаса, АҚШ әскері Ауғанстанда қала алады.

Раттигтің айтуынша, «Лойя Жирга» шешімі өзгермеуі тиіс. Кеңес шешімін алдағы жылдың сәуір айында өтетін Ауғанстан президенті сайлауынан соң да өзгерту оңайға түспейді».

- «Лойя Жирга» - Ауғанстан конститутциясы бойынша, ауған халқының тілегін жеткізетін ұйым. Сондықтан келесі парламент немесе қазіргі парламентке оның шешімін жою қиынға түседі, - дейді ол.

Бір жағынан алғанда, «Лойя Жирга» келісімдерді қолдамаса ауған үкіметі немесе АҚШ мәміледен бас тартуларының себебін кеңеске жауып, бұл жағдайды жауапкершіліктен жалтаруға пайдалануы да мүмкін.

Джордж Мейсон университетінде қақтығыстарды талдау мен реттеу мәселелері бойынша дәріс оқитын Майкл Шэнктің пікірінше, «Соңғы шешімді қабылдау ісін «Лойя Жиргаға» жүктеу - Карзайдың дана шешімі».

Ауғанстан президенті Хамид Карзай. Кабул, 16 қараша 2013 жыл.

- Карзай өте ақылды қадам жасады. Ол «шешімді «Лойя Жирга» қабылдасын» деді. Сөйтіп, шешімнің жауапкершілігін тайпа көсемдеріне жүктеді. Өйткені, кез келген шешімнің болашаққа қалай әсер ететіні белгісіз, - дейді сарапшы.

Шэнктің пайымдауынша, «Лойя Жирга» АҚШ-пен келісім жасасудан бас тартса, АҚШ оны сылтау етіп, шығындарын тоқтатып, Ауғанстаннан әскерін алып кетеді.

Америкалықтар ауғандармен соғысу және қаржы шығындары туралы естігісі келмейді, одан бәрі мәзі болған.

- Шығынды азайтуға қатысты кез келген ұсынысты қолдайтын адамдар Вашингтонда көп. Карзаймен, «Лойя Жирга» арқылы жергілікті басшылармен мәмілеге келуге тырыстық, бірақ олар келіспеді. Адамдарды мәжбүрлеуге болмайды, сондықтан ол жақтан кеттік» деген уәж АҚШ үкіметіне де тиімді болар еді, - дейді Шэнк.

Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.