Жаңа үлгідегі куәлік этникалық дау тудырды

Ауғанстан азаматының жеке куәлігі.

Ауғанстан үкіметі ел азаматтарының электрондық жеке куәлігін қолданысқа енгізбекші. Бірақ жаңа құжатта жеке тұлғаның ұлтын көрсету қажет пе деген сауал қоғамда дау тудырды.
Көшедегі сойқанға ұласатын наразылық шерулері, парламенттегі дау-дамай, саясаткерлердің өзара кикілжіңі – осының бәрі жаңа үлгідегі құжатты қолданысқа енгізбек болып отырған Ауғанстан қоғамында ұлтты айқындау мәселесіне қатысты ортақ пікірдің жоқтығын аңғартты.

Ауған билігі азаматтарға жаңа үлгідегі биометрикалық картаны алдағы жылдың сәуір айында өтетін президент сайлауына дейін таратып беруді мақсат етіп отыр. Осылайша үкімет сайлау кезінде алаяқтықтың алдын алып, ұлтты біріктіруге ықпал етуді көздейді.

Бірақ жаңа құжатта тұрғындардың этникалық тегін көрсетпеу тарихи тұрғыда түрлі ұлт өкілдерінен құралған Ауғанстанда бұл шетін мәселе екенін тағы байқатты. Сын айтушылар тұрғындардың бәрін «ауған» деп атау елдегі ең ірі этникалық топ – пуштундарға тиімді деп санайды.

Ұлтқа қатысты туындаған дау үкіметтің жаңа куәлікті тарату жоспарын тежеді. Ауғанстанда этникалық бөлініс бұрыннан бар және ол тұрғындардың саяси және әлеуметтік ерекшелігіне де әсер етеді.

ДАУ ТӨРКІНІ

Кейбіреулер жалпыұлттық халық санағы ешқашан жүргізілмеген Ауғанстанда жеке адамдардың куәлігінде тегін көрсетіп жазу – үкіметке «елдегі этникалық топтардың мөлшерін дәл анықтауға мүмкіндік беретінін» алға тартады. Ауғанстандағы этникалық азшылық топ өкілдері халық саны туралы болжамды есептерде пуштундар көп деп жазылатындықтан, билікте солардың үлесі басым деген пікір айтады.

Сайлауда дауыс беруге құқық беретін куәлік алу үшін суретке түсіп жатқан әйел. Кабул, 3 қазан 2013 жыл.

Ал біртұтас «ауған ұлты» деген ортақ атау көп ұлтты елдің бірлігін күшейтеді деп санайтындар жеке құжатта тұрғындардың қай этностан екенін атап көрсету олардың жікке бөлінуне себеп болады деген уәж айтады.

«Ташкера» деп аталатын жаңа биометрикалық құжат иесінің этникалық тегі кішкентай чипте сақталады, картаның сыртқы бетінде жазылмайды. Картаның бетінде оның ресми мемлекеттік құжат екенін айқындайтын «Ауғанстан Ислам Республикасы» деген сөзге қоса карта иесінің аты-жөні мен қай елдің азаматы екенін танытатын «ауған» деген жазу болады.

Бірақ, Кабул тұрғыны Хайдар сияқты ел азаматтарының бір бөлігі бұл үлгімен келіспейді. Олар жаңа куәлікте «ауған азаматының тәжік, хазар немесе этникалық өзбек екенін де айқын жазылғанын» қалайды.

ОРТАҚ АТАУ

Жалпыұлттық санақ жүргізілмеген Ауғанстанда билік орындары елдің этникалық құрамын анықтаған кезде 1970 жылдары ішінара жасалған деректерге жүгінеді.

Ауған билігінде пуштундардың басым болуы этникалық азшылықтың наразылығын тудырады, олар тіпті ұлттық санақ жүргізуге пуштундар кедергі келтіріп отыр деп санайды. Қала берді "пуштун" сөзінің синонимі саналатын "ауған" деген атаудың өзі аз ұлттардың көңіліне жақпайды.

Кабул университетінің студенті Халим ұлт атауы құжатта жазылуы керек деп санайды.

Ауғанстанның Джаузджан провинциясында тұратын этникалық түркімен әйелдер.

– Егер картада "ауған" деген сөз болмаса, бірдей екенімізді қалай дәлелдейміз? Ұлтымыз көрсетілуі тиіс. Егер ұлтымыз жазылмаса, мемлекет атауына да қауіп төнеді, оның да өзгеруі мүмкін. Одан кейін адамдар ұлттық ақшамыздың атауын (афгани) жақтырмай, оны да пуштундарға тиесілі деуі мүмкін, - дейді ол.

Жаңа үлгідегі жеке куәлікті шығару құны 100 миллион долларға бағаланды, оны қаржы министрлігі төлемек. Үкімет жаңа жүйенің арқасында сайлау кезінде алаяқтық азаяды, әлеуметтік-экономикалық саясатты дамытуға жол ашылады деп отыр.

Бірақ бұл мәселе ауған баспасөз құралдары мен парламентінде даулы тақырыпқа айналып, ел ішінде этникалық шиеленіс тудырды.

«ЭТНИКАЛЫҚ ДАУДАН ҰПАЙ ЖИНАЙДЫ»

Зейнеттегі генерал Абдул Вахид Тагат пуштун тілінде хабар тарататын Zhwandoon TV телеарнасына шығып, «тәжіктер мен өзбектер сияқты этникалық азшылықтар елдеріне кетсін, Ауғанстан - пуштундардың отаны» деп мәлімдеді. 12 желтоқсан күні ол тұтқындалып, Zhwandoon TV телеарнасының бірнеше қызметкері де тергеуге алынды. Кабулдың жүздеген тұрғыны шеруге шығып, олардың ұстанымына қарсылық білдірді. Елде жаңа куәлік қолданысқа енеді дегеннен бері осындай оншақты шеру өтті.

Ауғанстан азаматының куәлігін көрсетіп тұрған ер адам.

Сенат жаңа электрондық куәліктің жетістігі мен кемшілігін талдап жатқанда заң шығарушылар бір-біріне су құйылған шөлмек лақтырып, жанжал шықты. Ауған парламенті дауды өзі ушықтырып алды. Парламенттің төменгі палатасы осы жылдың басында этностарды картада көрсету керек деген заңды мақұлдады. Бірақ Мешрано жирга деп аталатын сенат мүшелері этникалық атауын көрсетудің қажеті жоқ деп, жобадан алып тастады. Енді арнайы құрылған комиссия даудың шешімін табуға тырысып жатыр.

Сенатқа хатты жіберген төменгі палатаның спикері Мохаммад Салех Сальджуки тергеуге алынды. Оны бастапқы мәтінді өзгертті деп айыптап отыр. Қазір ол баспасөзге сұхбат бермейді.

Кабулдегі дүкен қожайыны Абдулла этникалық текке қатысты мәселе өте қауіпті екенін айтады. Оның айтуынша, 1990 жылдардың басындағы азаматтық соғыстың туындауына этникалық дау себеп болған. Абдулла президенттік сайлау алдында халықтың қолдауына ие болу үшін жанталасып жүрген оппортунист саясаткерлерді айыптайды.

«Біз Ауғанстанда тұрамыз, этникалық тегіміз тәжік, өзбек, хазар, не пуштун болса да, бәрібір – ауғандармыз. Осы мәселені біреулер саяси құралға айналдырып алды» дейді ол.

Фруд Бежанның мақаласын аударған – Динара Әлімжан