Мөлдір Ғапиз. Жүйеге қарсы шыққан еден жуушының хикаясы

Ақтөбе облысындағы Ырғыз ауылында мектеп еденін жуатын Мөлдір Ғапиз облыс әкіміне мектептегі мәселені айтқаны үшін жұмыстан қуылғанын айтады.

Ақтөбе облысындағы Ырғыз гимназиясының еден жуушысы Мөлдір Ғапиздің өмірі кейінгі төрт айда күрт өзгерген. Жұмысынан қуылып, құзырлы органдарға шағымданған. Әділдік таппай, өз-өзін өлтірмек болған. Араша түскен журналистің өзі сотқа тартылып, басы дауға қалған. Осының бәрі Ырғыз ауылына Ақтөбе облысының әкімі барғанда еден жуушы мектеп мәселелесін көтерген соң басталған.

Ақтөбедегі сотқа қаладан 440 шақырым жердегі Ырғыз ауылынан еден жуушы Мөлдір Ғапиз да келді. 31 жастағы әйел сот отырысына өмірінде бірінші рет қатысып тұр.

Оның осы іске қатысы бар. Бірақ судья оны сот мәжілісіне шақырмаған. Өйткені ол жауапкер емес. Шағымданушы тарапқа да жатпайды. Сотқа шағымды "журналист Асқар Ақтілеу маған жала жапты" деп Ырғыз гимназиясының директоры, яғни Мөлдір Ғапиздың басшысы жазған. Еден жуушы сот алдында мектеп директорының емес, өзі өмірінде екінші рет көріп тұрған журналистің сөзін сөйледі.

– Асқар мырзаға кесірім тигенін қаламадым. Сол себепті оның "жер шалғай, күн боран, бірдеңеге ұшырап қаларсыз" дегеніне қарамастан Ақтөбеге келдім, – деді қимылы ширақ, әр сөзін нығырлап айтатын жас әйел.

Жұқалтақ келген ақсары әйел сот алдында өзін сенімді ұстады. Судьяның сауалдарына нақты жауап беріп, сөзінің дәлелі ретінде ала келген құжаттарын да көрсетті. Сот үзіліс жариялаған бойда жылдам жиналып, Ырғызға қайтатын такси іздей бастады.

"БӘРІ ӘКІМНІҢ САПАРЫНАН БАСТАЛДЫ"

Мөлдір жұмыс істейтін мектепте жүздеген бала су ақпайтын унитазға отырып, оған еден жуушы қауғамен су тасып құюға мәжбүр болған. Оның үстіне еден сүртетін шүберек пен тұрмыстық химияны да "өз ақшамызға сатып алатынбыз" дейді ол. Айтуынша, мектеп әкімшілігі мәселеден хабардар болған, "әні-міне шешіледі" деп келген. Сөйтіп жүргенде былтыр күзде Ырғыз ауданының орталығындағы гимназияға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров соққан. Қасында журналистер болған.

– Әкім Ырғызға 2023 жылғы 12 қазанда келді. Әлі есімде, бейсенбі болатын. Мен де бұрын өзгелер сияқты әкім тұрмақ, мектеп директоры мен завхоздың бетіне қарауға тайсақтап тұратын едім. Ащы дауыс ашынған кезде шығады екен. Әкімге [мәселені] айттым. Арада бір ай өткен соң, 22 қараша күні жұмыстан қуылдым, – дейді Мөлдір Ғапиз.

Мөлдір Ғапиз ақтөбелік журналист Асқар Ақтілеудің үстінен қозғалған іс бойынша әкімшілік сотта сөйлеп тұр. Ақтөбе, 15 қаңтар, 2024 жыл

Мөлдір әкімнің сапарынан кейінгі қысым жұмыстан қуылғанға дейін басталғанын айтады.

– Басшылар алдымен "еденді дұрыс сүртпей жүрсің" деп тиісті. Маған жүктелген жұмысты өзге адамдарға берді. "Неге біз сенің жұмысыңды істеуіміз керек?" деп олар ренжіді. Жан-жақтан қысым көбейе бастағанда ауырып қалдым. Сол себепті 13 қарашада ақысыз демалыс сұрағанмын. Арызымды анамнан беріп жібердім. Директор арызды қабылдамай қойған. Ертесіне ауырып тұрғаныма қарамай мектепке барып, еден жуып кеттім. Енді келіп 14 қараша күні де жұмысқа келмеді деп жала жауып отыр. Мектепте бейнекамералар бар. Сондағы жазбаны сұрадым. Ішкі тәртіпке қайшы деп оны да бермей қойды, – дейді Мөлдір.

Осы кезде Мөлдір Ғапиз ақтөбелік журналист Асқар Ақтілеуге хабарласып, мәселенің мән-жайын баяндаған. Облыс әкімінің сапары кезінде журналистер пулында болған тілші әлеуметтік желідегі жеке парақшасында құзырлы органдарды белгілеп, Ырғыз гимназиясындағы жағдайды айтып бірнеше жазба жариялаған. Бұдан соң гимназия директоры еден жуушыны "себепсіз келмедің" деп жұмыстан шығарып жіберген, ал мектептегі мәселені көтерген журналист Асқар Ақтілеуді "жала жабу" бабымен әкімшілік сотқа берген. Еден жуушының айтқанын түгел терістеген Гүлжайнар Нұрманова "журналист шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты, абыройым мен беделімді түсірді" деп отыр.

Директор камера жазбалары Мөлдірге не себепті берілмеді деген сұрақты жауапсыз қалдырды.

ЖҰМЫСТАН ШЫҚҚАННАН КЕЙІНГІ КҮРЕС

Жылдар бойы көшеде қоқыс жинап, қоғамдық жұмыспен айналысқан Мөлдір 2020 жылғы қарашада Ырғыз гимназиясына еден жуушы болып орналасқан. Мөлдір – жалғызбасты ана. 12 жасар ұлымен бірге еңбекке жарамсыз ағасы мен анасы да соның мойнында. Сол себепті тұрақты жұмысқа қабылданғанда қатты қуанған.

– Қуанбай қайтейін? Тамыр-танысы, әке-көкесі жоқ қарапайым адаммын. Жиырма жасымнан бастап сегіз жыл бойы көше тазаладым. Құрбы-құрдастарым сылаң қағып жүргенде, қоқыс теріп жүргеніме қатты арланатынмын. Артынша сабама түсіп, "Арланба! Сен балаңа адал ас жегізіп жүрсің" деп өз-өзімді қайрайтын болдым. Сегіз жылдан соң, еден жуушылыққа қолым әрең жетті, – дейді ол.

Мектептегі жұмысқа әрең қол жеткізген Мөлдір еңбек шарты бұзылғанда күйіп кеткенін айтады. Сөзінше, осыдан кейін шарасыздықтан өзіне қол жұмсаған. Әйтеуір ажалдан аман қалған.

– Жоқшылық пен әділетсіздіктен шаршап, өз-өзіме қол салдым. Дәріден уланып, ауруханаға түстім. Есімді жисам, палата толған адам. Полиция қызметкерлері, дәрігерлер толып жүр екен, – дейді Мөлдір.

Үш жылдан астам Ырғыз гимназиясының еденін жуған Мөлдір Ғапиз жұмыссыз қалғаннан кейін болған жайтты аудандық білім бөліміне, облыстық басқармаға, аудан және облыс әкімдігіне хабарлаған. Президент әкімшілігіне де хат жолдаған. Мөлдір Ғапиз Азаттыққа өзі жазған шағымның, оған берілген жауаптардың көшірмесін көрсетті.

Құзырлы органдардан келген жауаптар бірін бір қайталайды. Түсірілген шағымдар жоғарыдан төменге сырғып, соңында бәрінің атынан Ырғыз аудандық білім бөлімінің бас маманы Ұлан Қанат: "Сіздің жазған арызыңыз бойынша Ырғыз гимназиясының директоры Г.Нұрмановадан түсініктеме алынып, қызметтік тексеру жүргізілді. Қызметтік тексеру кезінде мектептің шаруашылық меңгерушісі, кіші қызметкерлер сізге ешқандай қысым көрсетілмегенін айтып, заңға сәйкес сіздің атқаратын лауазымдық міндеттеріңіз бойынша ғана бақылау жүргізгендерін айтып түсінік бергендерін хабарлаймын" деп жауап берген.

Мөлдір Ғапиз жазған шағымға президент әкімшілігі атынан Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық білім бөлімінің бас маманы жауап берген.

"ҮЛКЕН МӘСЕЛЕ КӨТЕРСЕМ, СІБІРГЕ АЙДАП ЖІБЕРЕТІН ШЫҒАР"

Ырғыздық еден жуушының хикаясы жұртқа жария болғаннан кейін 2023 жылғы 4 желтоқсанда ол қайтадан жұмысына қабылданған. Мектеп директоры сот залында Мөлдір Ғапизді қайтадан жұмысқа алу туралы бұйрықты Нұрманова іссапарда жүргенде оның міндетін атқарған әріптесі шығарғанын айтты.

Мөлдір Ғапиз Азаттыққа еңбек кітапшасының көшірмесін көрсетті. Онда Ғапиздің үш айлық сынақ мерзімімен жұмысқа қабылданғаны жазылған. Осыған дейін үш жылдан астам Ырғыз гимназиясының еденін жуған Мөлдір сынақпен жұмысқа алынуын әділетсіздік деп санайды. Жалғызбасты ананың сөзінше, жұмысқа оралғанымен қысым тоқтамаған, әріптестері шеттетуін жалғастырған.

– Соңғы төрт айда әділетсіздікті көп көрдім. Бұрын аралас-құралас боп жүрген кіші қызметкерлердің көбі теріс айналды. Тіпті "еден жуушыларға арналған бөлмеге Мөлдір кірмесін" деп қарсы шыққандар болды. Желіде "Ырғызды ұятқа қалдырдың" деп жазып жатқандар да бар. Біздің ауылда жұмыс табу қиын болғандықтан жұрт басшының сол жағына шығып қалудан қорқатын да болар, білмеймін. Бір білетінім, жалған сөйлегенім жоқ. Жеке басымның мәселесін айтпадым. Дәретхананың суын айтамын деп басым дауға қалды. Егер қолымда фактілер болып, одан да үлкен мәселелерді айтқанымда бұлар мені Сібірге айдап жіберетін шығар, – дейді Мөлдір.

Мөлдір Ғапиздің еңбек кітапшасы. Ол жұмыстан шығарылған соң екі апта өткенде жұмысқа қайта алынған, бірақ үш айлық сынақ мерзімі тағайындалған.

Осы даудан кейін Мөлдір қозғаған мектеп мәселелері шешіле бастаған. Ырғыз гимназиясының ғимараты екі қабатты. Қазір бірінші қабаттағы әжетханаларда су ағып тұр. Екінші қабаттағылары әлі де жабық. Шаң сүртетін шүберек пен тұрмыстық химияны да мектеп әкімшілігі беретін болған. "Мен облыс басшысына шағым айтқан күннің ертесіне су айдайтын насос орнатылып, унитаздар ауыстырылды" дейді Мөлдір.

Мектеп директоры Гүлжайнар Нұрманованың сөзінше, су айдайтын насос мектепте бұрыннан бар. Оны аудандық білім бөлімі қаржы бөліп орнатып берген.

– Мектептің қазандығында бір тонналық резервуар тұр. Насос та сол жерде. Оны жаңа оқу жылы басталған кезде қыркүйек айында қондырдық. Резервуардағы суды насоспен мектеп әжетханаларына айдаймыз. Өйткені, Ырғызда ауыз су уақытпен беріледі. Су аққан кезде қор жинап аламыз, – дейді мектеп директоры Гүлжайнар Нұрманова.

Ырғыз аудандық білім бөлімі Азаттыққа мектепке су айдайтын насостың қыркүйек айында орнатылғанын растайтын құжатты көрсете алмады. Бөлім басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Бөлекбаева Ырғыз гимназиясының еден жуушысы Мөлдір Ғапиздің мектеп дәретханасындағы судың жайын айтып, аудандық білім бөліміне де бірнеше рет келгенін растап отыр.

Ырғыз ауылы – аттас ауданның орталығы. Қостанай, Ұлытау және Қызылорда облыстарымен шектесетін бұл ауданда 2021 жылғы ұлттық санақ бойынша барлығы 14 мыңға жуық адам тұрады.

Мөлдір Ырғызда тұрақты жұмыс табу қиын екенін айтады. Мектептегі қызметі үшін сол себепті күрескен.

– Білесіздер, былтыр Ырғыздың мектебіне жұмысқа тұрғысы келген мұғалімнен 400 мың теңге пара алған Айбек Алданов сотталып кетті. Дипломы бар адамдар жұмыс таппай жүргенде маған не жорық? – дейді ол.

Мөлдірдің айтып тұрғаны тұрғаны – Ырғыз аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы. Ол былтыр желтоқсанда "пара алу" және "пара беру" баптарымен төрт жылға бостандығынан айырылған. Тергеу материалдарына қарағанда, 400 мың теңгені Алданов мұғалім болғысы келетін әйелдің туысынан алған. Ол үшін шенеунік үш жылға сотталды. Осы үкімнен соң араға бес күн салып, Ақтөбе соты Айбек Алдановқа тағы бір үкім шығарды. Екінші істе шенеунік пара бергені үшін жауапқа тартылды. Тергеудің дерегінше, Ырғыз аудандық білім бөлімінің ғимаратында пандус жоқ екенін анықтаған тексерушіге Алданов 25 мың теңге ұсынған.

Мөлдір Ғапиз мектептің еденін жууға Айбек Алданов білім саласына басшы болмай тұрып келгенін айтады.

МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ШАҒЫМЫ

Ырғыз гимназиясы директорының журналист Асқар Ақтілеуді сотқа бергені ел назарын аударып, үлкен шу тудырды. Сөз еркіндігіне алаңдағандар көп болды. Бірақ Ақтөбе соты 15 қаңтар күні "әкімшілік құқықбұзушылық құрамы жоқ" деп Асқар Ақтілеудің үстінен қозғалған істі тоқтатты.

Гүлжайнар Нұрманованың журналистермен тартысы мұнымен аяқталған жоқ. Ол дәл осындай "жала жабу" шағымын өзге бір журналист Ардақ Ерубаеваның үстінен де түсірген. Ол да облыс әкімінің сапарында журналистер тобында болған. Бұл іс бойынша сот үкімі әлі шыққан жоқ.