Ұлтшылдар Киевте гей-парадқа шығатындарға сес көрсетті

Украиналық ЛГБТ белсенділері парламент алдында өткізген акцияда «Кемсітушілік тоқтатылсын!» деген жазу ұстап тұрған әйел. Киев, 10 қараша 2015 жыл.

ЛГБТ белсенділерінің Киевте гей-парад өткізуге талпыныс жасап келе жатқанына төрт жыл болды. Оларды райынан қайтаруға тырысатындар тіпті соққыға жығатындарын айтып доқ көрсетіп отыр.

ҚАҚТЫҒЫС БОЛУ ҚАУПІ БАР

Украинадағы лесби, гей, бисексуал және трансгендерлер (ЛГБТ) қауымдастығының белсенділері биыл маусымның 12-сі күні «Теңдік шеруін» өткізуге бел байлап отыр. Ал олардың ымырасыз қарсыластары – украиналық ұлтшылдар мен консерваторлар ондай шеруге жол бермес үшін тіпті ұрып-соғудан тайынбайтындарын мәлімдеген.

«Правый сектор» ұлтшылдар қозғалысының өкілі Артем Скоропадский 29 мамырда Facebook парақшасына «12 маусымда Киевте қантөгіс болады» деп жазды. Украиналық ұлтшылдар ұйымының (ОУН) төрағасы Микола Коханивский Азаттықтың Украин редакциясына ОУН мүшелері «арсыздар» шеруіне тосқауыл қою үшін күш қолдануға да болады деп санайтынын жеткізді.

– Олардың көбі бұл «арсыздардың» жүгенсіз іс-әрекетімен жұрт алдына шығуына үзілді-кесілді қарсы. Ал көпшілік қарсы болса олар шықпауы тиіс. Олардың бұл шеруіне сот арқылы немесе басқадай әдістермен тыйым салмақпыз. Егер одан нәтиже шықпаса, наразы халық «арсыздықтың» заңсыз көрінісіне қарсы күш қолдануға құқылы, - дейді Николай Кохановский.

ШЕРУ ӨТКІЗУГЕ ТАЛПЫНЫСТАР

Бұл жай ғана қоқан-лоққы емес. 2015 жылы Киевтегі гей-парадқа АҚШ және басқа еуропалық дипломаттардың да қатысқанына қарамастан ЛГБТ қарсыластары шабуылдап, салдарынан он шеруші мен бес полиция қызметкері зардап шеккен еді. Наурыз айында Львовтағы ЛГБТ акциясын 200-ге жуық әсіре оңшыл белсенді қоршап алып, «Өлтіріңдер!» деп айғайлаған соң ұйымдастырушылар шараны доғаруға мәжбүр болған.

ЛГБТ белсенділері ұйымдастырған «Теңдік шеруі» кезінде полиция қызметкеріне шабуыл жасаған адамдар. Киев, 6 маусым 2015 жыл.

ЛГБТ өкілдері Киевте алғаш рет 2012 жылы гей-парад ұйымдастырмақшы болған. Бірақ оған қарсылық білдіргендер күш қолданатындарын айтып доқ көрсеткен соң, билік акцияға қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төнетінін ескертіп, шеру өтпей қалған. 2014 жылы да алдын ала белгіленген шеру қарсаңында билік орындары оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күмәні барын білдірген соң шара тағы да кейінге қалған.

Ал 2013 жылы ЛГБТ парады Киевтің шетінде өтті, оған қатысқан 100 шақты шерушіге 500 жуық адам тап беріп, қақтығысқа ұласты.

– Украинада ЛГБТ қауымдастығы арасында дос-танысым көп. Кей адамдар тіпті көшеге шығуға қорқады, өйткені оларды кез-келген сәтте ұрып-соғып кетуі мүмкін. Күні кеше ғана менің досыма шабуылдауға әрекет жасады, біз оны қорғауға мәжбүр болдық, - дейді гей және транссексуал Ян Губский.

Кей адамдар тіпті көшеге шығуға қорқады, өйткені оларды кез-келген сәтте ұрып-соғып кетуі мүмкін.

Биыл да оқиға қайталанатын тәрізді. Шараға қатысуға 600-ге жуық адам тіркелген, ал қала билігінен шеруге тыйым салуды сұраған петицияға 13 мыңға тарта адам қол қойған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 20 шақты парламент мүшесі мен батыс дипломаттарының көбі акцияға қатысуға ниет білдірген. Полиция қақтығыстың алдын алу үшін 6500-ге тарта қызметкерді жұмылдыруға уәде етті.

– Біз дайындықтан өттік және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайынбыз. Шеру өтеді, - дейді бұл шараның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты полиция өкілі Игорь Бойко.

Ол әлеуметтік желіде тараған «кейбір полиция қызметкерлері шерушілерді қорғаудан бас тартыпты» деген хабарларды жоққа шығарып, оны «арандату» деп атады. 7 маусымда өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырған үш жігіт шара кезінде қызмет көрсетуден бас тартқандарын айтып, ол шараға полицияны араластырмауға шақырған еді. Олар бұндай акцияны қорғауды «қылмыс» деп санайтындарын мәлімдеген. Полиция өкілдері әлгі адамдардың шынымен полиция қызметкерлері екенін растайтын немесе жоққа шығаратын ештеңе айтпады.

БЕЛСЕНДІЛЕР ШЕРУДЕН БАС ТАРТПАЙТЫНДАРЫН АЙТАДЫ

«Теңдік шеруін» ұйымдастырушылар бұл шараға қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін ең жақсы әдіс – оған кең көлемді қолдау таныту деп біледі.

Қатысушылар неғұрлым көп болса, шеру де соғұрлым қауіпсіз болады деп санаймыз. Өйткені біз біріксек күшке айналамыз. Майданда солай болған.

– Қатысушылар неғұрлым көп болса, шеру де соғұрлым қауіпсіз болады деп санаймыз. Өйткені біз біріксек күшке айналамыз. Майданда солай болған, - дейді ұйымдастырушылар тарапынан шараның қауіпсіздігіне жауапты Руслан Панухник.

Айтылып жатқан қоқан-лоққыға және өткен жылғы гей-парадта соққыға жығылғанына қарамастан Ян Губский 12 маусым күні тағы да шеруге шықпақшы.

– Қандай қауіп-қатерге бас тіккенімді және неліктен оған барып отырғанымды білемін. Әрине, мен қорқамын, бірақ еркін өмір сүргім келеді. Мен лайықты, еуропалық стандартқа сай өмір сүрсем деймін. Сондықтан қандай қатер төнсе де көшеге шығамын, - дейді ол.​

(Анастасия Москвичкова мен Роберт Коалсонның мақаласы ағылшыннан аударылды.)