Қазақтанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі эпидемия ахуалы жайлы есеп беру кезінде коронавирус инфекциясының "лямбда" деп аталатын жаңа штамы туралы айтты. Бұл жөнінде Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
Жаңа штамм алғаш 2020 жылғы желтоқсанда Перуде тіркелген. Вирустың бұл түрі 30 мемлекетке, негізінен Солтүстік және Оңтүстік Америка мен Еуропа елдеріне таралған, оны 3 мыңға жуық адам жұқтырған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 14 маусымда корнавирустың бұл нұсқасына "лямбда" деген ат беріп, оны "назарда ұстайтын вариант" санатына қосқан. Кей болжамдар бойынша, ол коронавирус вакцинасына әлдеқайда төзімді және "альфа", "гамма" штамдарына қарағанда жұқпалырақ болуы мүмкін.
Алексей Цойдың дерегі бойынша, маусым айымен салыстырғанда шілденің соңғы екі аптасында коронавирус жұқтырғандар 4,8 есе өскен. Қазақстан ауруханаларындағы жұқпалы аурулар бөлімдерінің 51 пайызы, жан сақтау бөлімдерінің 41 пайызы бос емес. Вирус жұқтырғандар көбейгендіктен, шілде айында қосымша 10 мың төсек-орын әзірленген, қазір 21,4 мың орын резервте тұр.
Президент Тоқаев Алексей Цойға індетті қатаң бақылап, жаппай екпе салу қарқынын арттыруды тапсырған.
23 шілдеде Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші 6 521 адамға жетті, бір тәулікте 74 адам осы дерттен қайтыс болды.
Былтырғы наурыздан бері жалпы ел бойынша 522 638 адам Covid-ке шалдыққан.