Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов
Әлихан Бөкейхановтың кейіннен табылған суреті. Фото Ресейдің Омбы мемлекеттік тарихи өлкетану мұражайының Орыс императорлық географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімі қорында сақталып келген. Сурет табылған папкада фотоға "Алиханъ Букейхановъ. Павлодаръ, 1908" деген анықтама берілген. Суретті тауып, көшірмесін жариялаған - Сұлтанхан Аққұлы.
Сурет 1906 жылы түсірілген. Саясаткер 1866 жылы бұрынғы Семей облысында дүниеге келген. Омбы және Санкт-Петербургте білім алған. Өткен ғасырдың басында Ресейдегі түрлі қозғалыстар мен партиялардың жұмысына араласып, тәжірибе жинайды.
"Алаш" қозғалысы мен Алашорда ұлттық территориялық автономиясының жетекшілері (солдан оңға қарай) Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатұлы. Әлихан Бөкейхан 1906 жылы бірінші мемлекеттік думаға депутат болып сайланды. 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақ құрылтайында "Алаш" автономиясы жарияланып, Әлихан Бөкейханов "Алашорда" автономиялық үкіметінің төрағасы болып сайланды.
Самар қаласындағы Ресейдің конституциялық-демократиялық партиясының мүшелері. Жоғарғы қатарда сол жақ шетте тұрған Әлихан Бөкейханов. Самар қаласы, 1915 немесе 1916 жыл.
20 басындағы қазақ зиялыларының тобы. Бірінші қатарда қақ ортада ақ жейдемен отырған Әлихан Бөкейханов, оның сол жағындағы адам - Абайдың ұлы Тұрағұл, оның жанында отырған Жұбандық Болғанбаев. Екінші қатарда оң жақтан екінші тұрған Көкбай Жанатайұлы. Өзгелері белгісіз. Сұлтан Хан Аққұлының жинағынан.
Алашорда ұлттық-территориялық автономиясы үкіметінің (Халық Кеңесінің) мүшелері Алаш қаласына (Заречная Слободка, Семей) көшіп келіп қоныстанған 1918 жылы. Үшінші қатарда отырғандар: солдан оңға қарай бірінші - Ахмет Байтұрсынұлы, бір кісіден кейін басына ақ кепкі киген - Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейханов. Алаш, 1918 жыл. Сұлтан Хан Аққұлының жинағынан
Әлихан Бөкейханов, Алашорда ұлттық-территориялық автономиясын бастап Алаш (Заречная Слободка, Семей) қаласына көшіп келген 1918 жылы. Бұл сурет Алашорда автономиясы үкіметінің топтық суретінен үлкейтіліп алынды. Сұлтан Хан Аққұлының жинағынан.
Әлихан жиені Ескендірмен.
Мәскеу, 1935 жыл.
Әлихан Бөкейханов, Мәскеуде саяси қуғында жүрген жылдарында. Сұлтан Хан Аққұлының жеке мұрағатынан.
Әлихан Бөкейханов 1937 жылы 71 жасында Мәскеуде совет билігінің бұйрығымен атылды. Атылар алдындағы суреті. Бутырка түрмесі, Мәскеу, 1937 жыл.
Әлихан авторы әрі редакторы болған «Голос степи» газетінің 1907 жылы қаңтардың 13-і күні шыққан саны.
Әлихан Бөкейханов шығарған "Иртышъ" және "Омичъ" газеттері.
Самар губерниялық жандарм басқармасының жансыздардың бақылауында болған адамдарға толтырған іс құжаттарының мұқабасы.
Әлиханды бақылауда ұстаған Самар губерниялық жандарм басқармасы оны сыртынан "Асман" деген лақап атпен атаған.
Әлиханның Қазақстанға баруына қалай қарайтынын сұрап Сталиннің Голощекин мен Нұрмақовқа жолдаған жеделхатының қолжазбасы.
Әлиханды тұтқындау және пәтерінде тінту жүргізу туралы берілген ордер.
Әлихан Бөкейханов 1937 жылы шілде айында тұтқындалған кезде өз қолымен толтырған анкета. Ресей ФСБ-ның мұрағатындағы құжат.
Әлиханды ату жазасына кесу туралы СССР жоғары соты әскери алқасының 1937 жылғы 27 қыркүйекте шығарған үкімінің көшірмесі. Ресей ФСБ-ның мұрағатындағы құжат.
Әлихан Бөкейхановты ату жазасына кескен үкімнің 1937 жылғы 27 қыркүйекте Мәскеу қаласында орындалғаны туралы құпия анықтама.
Әлихан Бөкейхановтың Петербордағы Императорлық орман институтын 1894 жылы тәмамдағаны туралы аттестат (диплом).
1930-1942 жылдар аралығында сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болғандар көмілген бауырластар моласындағы ескерткіш. Осында Әлихан Бөкейханов та жерленген. Дон зираты, Мәскеу, Ресей.