Денедегі суреттер: Алматыдағы боди-арт фестивалі

Боди-арт-композицияларымен шыққан модельдер. Фестиваль Алматының түнгі клубтарының бірінде өтті. Оны ұйымдастырған Анастасия Доронина шараға кәсіпқой суретшілер ғана емес, әуесқойлар да қатысқанын айтты. Фестивальге жұрт тегін кірді. Анастасия Доронинаның айтуынша, Қазақстанда боди-арт Батыс елдеріндегідей дамымай жатыр.  

Суретшілер модельдерді шара басталардан жеті-сегіс сағат бұрын бояй бастады. Азаттық тілшісі кейбір авторларды жұмыс істеп жатқан жерінен фотоға түсіріп үлгерді. 

Фестивальге қатысқан 20 шақты модельдің көбі - қыздар (суретшілердің де көбі - қыздар). Бірақ суретшілдер мен модельдер арасында жігіттер де болды. Суретте: Владислав Варганкин (сол жақта) мен оның моделі. Владислав Азаттық тілшісіне боди-арт студияларында клиенттердің бүкіл денесін емес, жартылай бояйтындарын айтты. Сурет бірнеше сағат қана тұрады, жуғанда кетіп қалады. Адамдар неге денелерін боятады? Біреулерге бұл фотосессия үшін керек. Енді біреулер Хэллоуин үшін боянады.

Қатысушыларға «Наурыз» және «Казиноға келген өзгепланеталықтар» деген екі тақырыпта композиция көрсетуге тапсырма берілді. Натали Свешникова (сол жақта) екінші тақырыпты таңдады. Оның моделі сіңлісі Маргарита (оң жақта) болды.

Моделін бояп жатқан Алена Етікбаева. Ол да «Казиноға келген өзгепланеталықтар» тақырыбын таңдады.  

Боди-арт фестиваліне қатысушыларды сахнаға шақырған сәт. Жүргізуші – шоумен Фима Иванов. Оның жанында фестивальді ұйымдастырған Анастасия Доронина.

Боялған модельдер қазылар алқасы мен көрермен алдына келіп тұр. 

Модельдер түрлі қимыл жасап, суреттерін көрсетті. 

Бір модельдің тіпті акробатикалық өнері бар болып шықты.  

Қатысушылардың жұмысын қазылар алқасы бағалады. Солдан оңға қарай: өнертанушы Оксана Танская, визажист Лариса Стародубцева, фотограф Елена Журавлева.

Қазылар ақылдасып жатқанда фестивальге қатысушылардың өнерін жақыннан көрудің сәті түсті. Бұл - бір модельдің арқасынан түсірілген суреті.  

Бұл жігіт пен қызды Ануза Нуруллина бояды. Яғни суретші екі модельді қатар бояп, жұмысы да екі есе ауыр болды. 
 

Модельдер жеңімпазды атайтын сәтті тағатсыздана күтіп тұр.  

«Наурыз» номинациясында жеңімпаз фестиваль қонағы киевтік суретші Алина Камашева болды. Бұл номинацияда екі-ақ модель шыққанын айта кеткен жөн. Жеңімпаз сахнаға күйеуі Тахир және Инабат есімді модельмен бірге шықты. Модельдің бас киімін Киевтен әкелген. Алинаның айтуынша, фестивальге ол бір ай дайындалған. Оның көмекшісі Қазақстанда туған күйеуі болған. Сондықтан оған Наурыз тақырыбына композиция ойлап табу қиын тимеген.

Фестивальге қатысушылардың көбі «Казиноға келген өзгепланеталықтар» тақырыбын таңдады. Қазылар бұл топта жеңімпаз деп Алена Етікбаеваны жариялады. Алена шараға екі ай әзірлік жасағанын айтты. Ал фестиваль болар күні модельін сегіз сағат бояған. Ол үшін боди-арт – ермек. Ал өзінің негізгі мамандығы - архитектор.