6 шілде, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев туған күні ("Астана күні" мемлекеттік мерекесі де осы датада атап өтіледі) Алматыда билікке қарсы екі митинг белгіленді, бірақ оппозиционер Мұхтар Әблязовтың жақтастары ұйымдастырған митинг өтпей қалды, бірақ полиция кемі он адамды ұстап үлгерді.
Белсенді Жанболат Мамай мен оның жақтастары ұйымдастырған бірінші митинг Алматыдағы Балуан Шолақ сарайының алдында өтті. Наразылық шарасына жүзге жуық адам жиналды. Мамай Қазақстан билігінен "қытай экспансиясын" тоқтатуды, азық-түлік қымбаттап, халықтың кедейленіп жатқанына түсініктеме беруді талап етті. Бірақ митинг қатысушылары көбіне экс-президенттің саяси сахнадан кетуін талап етіп, "Назарбаев, кет!" деп ұрандатты.
Митинг наразылық акциялары үшін дәстүрге айналған көріністен басталды: Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алдына халықтан бұрын полиция жиналып, күш құрылымдары "глушилка" қойып, мобильді интернетті өшірді. Түске қарай қолдарына оралған плакат ұстаған белсенділер жинала бастады. Қолына дауыс зорайтқыш алып, митингіні бастаған Жанболат Мамай Назарбаевтың билігі тарихтың еншісінде қалуы керегін, жемқорлықтың кесірінен халық кедейленіп, Қытай Қазақстанды "саяси тәуелсіздігінен айыру үшін экономикалық тұрғыдан жаулап алып жатқанын" айтты.
Наразылар плакаттарын жайғанда, қағазға жазылған сөздерден оларды да Мамай айтқан неге "баға өседі, бірақ табыс артпайды" деген мәселе алаңдататыны белгілі болады. Плакаттардың арасында "56 қытай зауыты — елді колонизациялау" деген жазу да кездесті.
— Адамдар ашынып кетті, түсінесің бе?, — деді қолымнан тартып, жағдайды түсіндіруге тырысқан наразылардың бірі. Біз мұнда жетіскеннен тұр деп ойлайсың ба? Ақша жоқ, баға күн сайын өсіп жатыр. Балаларымыздың болашағы не болады?
Митинг басталғаннан кейін шамамен 15 минуттан соң полицейлер наразылардың плакаттарын тартып алуға тырысты. Бұл қызу реакция туғызып, басында халық санаулы полицейді тротуардан жол бойына шығарып тастады. Кейін "Назарбаев — кет!" деп ұрандатып, Абай даңғылының бойымен жүрді. Бірақ наразылар алысқа ұзай алмады, көшенің арғы бетінде оларды күш құрылымдарының елу шақты қызметкері күтіп тұрды. Олар наразыларды бірден қоршауға алды. Полицияның әр наразылық акциясы сайын кеттлинг әдісін жетілдіріп, тәжірибе жинай бастағаны байқалады. Өйткені бәрінің қалай әп-сәтте қоршауға түсіп қалғанын жағдайды бақылап тұрған журналистер де түсінбей қалды.
"Байқоңыр" бизнес орталығының (күш құрылымдары наразыларды осы жерде тоқтатты) баспалдағында тағы да тартыс басталды: полицейлер митинг қатысушыларын төменге қарай ығыстыруға тырысты, олар барынша қарсылық көрсетіп бақты. Наразылардың бірі күш құрылымы өкілдерінің бетін жауып тұрған маскасын жұлып алды. Кейінірек бірнеше белсендінің жарақат алғаны белгілі болды.
— Неге біздің елде өндіріс көлемі қысқарып, халқымыздың мүлкі талан-таражға түсіп жатыр? Неге жекешелендіру жүріп, университеттер мен ауруханалар сатылып жатыр? Осы үшін тұрсыңдар ма? Айналаға қараңдар! Жолдастар! Қазақстан халқы! Неге зейнетақы реформасы зейнеткерлерді ақша жетпейтін жағдайға жеткізді? Қазақстан халқы неге кедей? Қазір санымыздың аз болуы адамдардың тұрақтылықты сақтап қалу ниетімен байланысты екенін түсінемін. Бірақ айналаға қараңдар, адамдар! Жалақыларыңа, айналада болып жатқан дүниелерге қараңдар! Жай ғана ойланып көріңдер!
Қолында плакаты бар тағы бір ер адам арнайы жасақ өкілдерінің ар-ұятын оятуға тырысып, "біз – бір халықпыз, қарсы шығуға ұялмайсыңдар ма?" деді. Күш құрылымдары орнынан тапжылған жоқ. Олардың жүздерін маска жауып, жанары мұз болып тұрды. Белсендінің сөздері елеусіз қалды.
Мамай мен оның жақтастарына қарсы қолданылған кеттлинг әдісі бірнеше сағатқа созылды: мақала дайын болған кезде адамдар әлі де полицияның қоршауында тұрды. Vласть журналистерінің дерегінше, күш құрылымдары және полициямен бірнеше рет тартыс болып, кем дегенде жеті белсенді зардап шеккен. Үш белсендіні полиция ұстап әкеткен.
Шетелде тұратын бұрынғы банкир әрі оппозиционер Мұхтар Әблязов бірнеше күн бұрын жақтастарын 6 шілде күні митингіге шығуға шақырған. Ол "бұл жай митинг емес, режимді күлкіге айналдыратын "30 жыл алжудың” монстрациялық акциясы болады" деп түсіндірді.
Алматыда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының (Қазақстан соты бұл қозғалысты экстремистік ұйым, ал Еуропарламент бейбіт қозғалыс деп мойындаған) жақтастары 18:00-де Астана алаңына жиналуы керек еді. Бірақ митинг басталатын уақытта қолына плакат ұстаған бірде-бір белсендіні көрмедім. Оның орнына полиция мен азаматтық киімдегі қызметкерлер көп болды. Күш құрылымдарының өкілдері журналистерді көріп, әдеттегідей камерадан қашты.
Жол жиегінде автозактар мен жедел жәрдем көліктері тұрды. Ағаштардың арасынан біресе ана жерден, біресе мына жерден көк түсті кеудеше киген журналистер көрініп, "монстрацияға" келген адамдарды іздеумен болды. Бірақ белсенділер сол күйі табылған жоқ. Бірақ азаматтарды ұстау шарасы да болды: бірнеше тілші кем дегенде он шақты адам ұсталғанын көрген: полиция алаңға жақындаған адамдарды ұстап әкетіп, автозакқа салған. Бұл адамдардың белсенді екені немесе жай жүрген адам екені белгісіз.
— Міне, полиция да адамдарды журналистердің көзіне түспей "ұстауды" үйренді, — деді әріптестерімнің бірі камерасын сөмкесіне салып жатыр. Қараңғы түсе бастағанда, наразылық акциясының өтпейтінін бәрі түсінді. Журналистер жалғыз не топтасқан күйде алаңнан кетіп, полиция жалғыз қалды.
Әблязов халықты митингіге шақырған басқа қалаларда полиция наразылар жиналатын орындарды бақылауға алды. Мәншүк Мәметова атындағы алаңға жүз шақты адам жиналған Оралды есептемегенде, басқа қалаларда митинг болған жоқ. Ал Оралда адамдар коронавирусқа қарсы мәжбүрлі вакцинацияға қарсылық білдіріп, "Шал, кет!" деп айқайлады. Ақтөбеде полиция он шақты адамды ұстаған.
Азаттықтың астанадағы түсірілім тобы наразылардың ұсталғанын байқамаған. Көше тыныш, ал бірінші президент канцеляриясының (Назарбаевтың кеңсесі кітапхана ғимаратында орналасқан) жанындағы бақшада адам аз болған. Саябақтың ортасында "ұлт көшбасшысының" 81-жылдығына орай қойылған, Назарбаевтың таққа ұқсайтын биік орындықта отырған мүсіні бар.