55 жыл бұрынғы алғашқы Абай күнін бүгінгі билік айтпауға тырысады

Абайдың Жидебайдағы мұражайы ауласындағы ескерткіші. Абай облысы Абай ауданы. Азаттық архивіндегі сурет.

Азаттық радиосы 1968 жылы Абай күнін тұңғыш рет тойлағандарды сынады. Сол шараның жеті жастағы куәгері не дейді, баспасөз қандай хабар таратқан? "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизоды осыған арналады. Төменде мазмұны баяндалатын бұл оқиға туралы подкаста толығырақ айтылады.

Your browser doesn’t support HTML5

Абай күні мерекесіне 55 жыл толғаны ұмыт қалды

АЛҒАШҚЫ АБАЙ КҮНІ БЕС КҮНГЕ СОЗЫЛҒАН

1968 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Абай күні аталып өтті. Елдар Оразалин – семейлік жазушы Кәмен Оразалиннің ұлы. 1968 жылы қазақ ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының туған күні атап өтілгенде Елдар жеті жаста екен. Сол кездер туралы ол аз-кем естелік айтып берді.

– "Абайдың тұңғыш поэзия күні" жалғасып жатқан 1968 жылы сәрсенбінің сәтті күні, 18 қыркүйекте республиканың түкпір-түкпірінен атақты ақын-жазушылар Абай ауданына келіп, Жидебайдағы ұлы Абай ескерткішіне барып ұлы ақын рухына тәу етіп, Абайдың музей-үйін тамашалады. Осы шарадан кейін аудан орталығы Қарауылға келді. Біздің үйде қонақ болып, дәм татты. Ақын Ғафу Қайырбековтің әкем Кәмен Оразалинге автограф жазып, Қазақ поэзиясының анталогиясын сыйға тартқаны есімде, – деді Елдар Оразалин. Ол Абай күні мерекесінде ақындардың өлең оқығанынан қатты әсер алғанын айтады.

Ақын-жазушылар: Кәмен Оразалин (сол жақта), Қасым Қайсенов, Ғали Орманов және құлақшын киген бала – Елдар Оразалин алғаш рет өткізілген Абай күні мерекесі кезінде ақынның зиратына келіп тұр. 18 қыркүйек, 1968 жыл. Жидебай, бұрынғы Семей облысы Абай ауданы.

Елдар осы шара кезінде бала көңілде сақталған мына жайды да жасырмады. Айтуынша, жолда ақын Ғали Орманов отырған көлік оның әкесінің көлігін басып озған. Сол сәтте арттағы көлікке тас ұшып, терезесі сынса керек...

1968 жылғы 15 қыркүйекте басталған Абай күні шаралары бес күнге созылған. Cол кездегі шараны "Абай күні", "Абай күндері" және "Қазақ поэзиясының Абай мейрамы" деп те атаған. Содан бері тура 55 жыл уақыт өтті. Сонда Пушкин күндері сияқты бұл шараны сол кездегі бүкілодақтық деңгейде атап өту туралы да сөз болған.

АБАЙ КОММУНИСТІК ЗОМБЫЛЫҚТЫ КӨКСЕДІ МЕ?

1968 жылғы 1 қазанда әзірленген Азаттық радиосының шолу хабарында да осы туралы сөз болады. Бұл хабардың жазбаша нұсқасы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың сирек қорындағы Хасен Оралтайдың жеке қорында сақтаулы тұр.

Азаттық радиосының осы хабары былай басталған.

"Жақында, қыркүйек айының 15-і күні Алаш қаласында, яғни қазіргі Семей қаласында Қазақстан тарихында тұңғыш рет "Қазақ поэзиясының Абай мейрамы" деген мереке өткізілді. Бірақ "Абай мерекесі" кезінде, ұлттық ақынымыз Абай елімізді билеп төстеуші коммунистік басқыншылардың мүддесіне орай сыйпатталды. Жасалынған баяндамалар мен жарияланған мақалаларда, Абайдың көксеген мақсаты тек совет өктемдігі тұсында ғана орындалды деген орынсыз даурығулар болды. Бұл – Абай атамыз үшін қолдап мақтау емес, керісінше оны қорлау..."

Азаттық радиосы 1968 жылғы 1 қазанда Абай күні туралы эфирден берген материалының жазбасы. Мюнхен, Германия.

Азаттық радиосы 1968 жылдың өзінде Семейді Алаш қаласы деп атайды. Семей содан 51 жыл бұрын аз ғана уақыт осылай аталған. Бір қызығы 1968 жылы тамыз айында советтік Қазақстанда Семей қаласының 250 жылдығы тойланған екен.

Азаттық радиосы алғашқы "Абай күні" туралы шолуында коммунистердің, совет режимінің Абай шығармаларын өздеріне бейімдегенін сынаған. Сол кездері әдебиетшілер де, идеологтар да Абайдың арманы тек совет үкіметі орнаған соң ғана жүзеге асты дегенді жиі айтатын болған. Азаттық радиосының шолуында былай делінеді.

"Абайдың арманы, оның асқақ мұраты, халқымыздың тұтастығы мен ұлттық тәуелсіздігі болатын. Абай көксеген арманға біздің халқымыз Абайдың қайғылы қазасынан 13 жыл кейін, яғни 1917 жылдың 13 желтоқсанында ұлттық тәуелсіздігімізді жариялаған Алаш Орда үкіметі құрылғанда жеткен болатын. Алайда совет қосындары құрал күшімен сол Абай арманы ұлттық тәуелсіздігімізді жариялаған Алашорда үкіметін құлатты. Еліміз советтік отаршылардың қанауына түсті. Міне, осы тарихи шындықтың өзі – "Абай мерекесі" кезінде ұлы кемеңгерімізді коммунистік зомбылықтың көксеушісі кейпінде көрсетуге өзеленушілердің шындықты бұрмалаушылар екенінің бұлжымас дәлелі".

Азаттық радиосы осы шолуы арқылы Абай шығармаларының совет идеологиясының құралына айналғанын сынаған. 55 жыл бұрынғы баспасөзде Абайды барынша советтік құрылысқа жақын етіп көрсетуге тырысады.

ЖАСЫ АБАЙДАН КІШІ ЛЕНИН ЖИІ АТАЛҒАН ЖЫЛ

Бір топ ақынның өлеңін жариялаған "Социалистік Қазақстан" газетінің 1968 жылғы 14 қыркүйектегі санында республикада жыл сайын өткізіледі деген поэзия мерекесін "Абай күндері" деп атау ұйғарылғаны айтылады. Ал 1970 жылы Абайдың 125 жылдығы атап өтілмек болғанымен, кейін тиісті шаралар бір жылға шегеріледі.

"Социалистік Қазақстан" газетінің 1968 жылғы 10 тамыздағы саны.

Осы газетке комментарии берген ақын Жұбан Молдағалиев "Россия федерациясында Пушкин күндерін өткізу дәстүрге айналып келеді. Бізде ертең басталғалы отырған поэзия мерекесі Абай күндері осындай жоспарда қанат жаймақ" дейді. "Социалистік Қазақстан" газеті "Абай атымен аталатын поэзия мерекесі Советтік Қазақстан еңбекшілерінің Лениннің туғанына 100 жыл толуы, республикамыздың 50 жылдығы қарсаңындағы рухани өскендігінің тағы бір салтанаты болмақ" деп жазады. 1968 жылғы 10 тамыз, яғни Абайдың туған күні шыққан "Социалистік Қазақстанның" бірінші-екінші бетіне тұтастай Ленинің 100 жылдығына әзірлену туралы компартияның қаулысы жарияланады.

Ал "Қазақ әдебиеті" газетінің 1968 жылғы 14 қыркүйектегі санында Абай мерекесі 15-20 қыркүйек арасында ақын туып-өскен аймақ Семей облысында республикалық деңгейде атап өтілетіні хабарланған. Онда да бұл шараның Лениннің 100 жылдығы мен республиканың 50 жылдығына орайластырылғаны айтылады.

"Қазақ әдебиеті" газетінің 1968 жылғы 14 қыркүйектегі санында жарияланған жазушы Сәбит Мұқановтың Абай туралы кіріспесі.

"Қазақ әдебиеті" газетінің де 1968 жылғы 14 қыркүйектегі санында Абай күніне орай бір топ ақынның өлеңі Сәбит Мұқановтың алғысөзімен жарияланған. Алғысөзге "Армансыз Абай" деген тақырып қойылған. Онда "Өз заманынан күдер үзіп, үмітін болашаққа жүктеген Абай, халқына не игілікті қиял етсе", соның бәрі совет кезеңінде жүзеге асқаны айтылып, автор Абай арманын социалистік қоғаммен байланыстыруға тырысады. "Абайдың тілегі өнер-білім болса, оған қолы жетпеген совет адамын біздің отаннан іздеп табу қиын" дейді ол. Советтік лепірме пафос мұнымен шектелмейді...

"КОМПАРТИЯҒА АҚ ЖҮРЕКТЕН ШЫН АЛҒЫС"

"Қазақ әдебиеті" газеті Семей облысында республикалық деңгейде өткен Абай күндері шарасы аяқталған соң, яғни 1968 жылғы 28 қыркүйектегі санында бұл тақырыпқа қайтадан айналып соғады. Бұл жолы шараның қалай өткендігі баяндалады.

"Қазақ әдебиеті" газеті 1968 жылғы 28 қыркүйекте Абай күні туралы жариялаған мақалалар.

Басылымда жарияланған мақаланың бірі "Абай күні" деп аталады. "Қазақ поэзиясының Абай күні – Қазақстан Жазушылар одағының әдебиетті насихаттау бюросының инициативасы бойынша мейрамдалған тұңғыш бастама. Биыл республика көлемінде ғана өткізілсе, келесі жылдар туысқан елдерден, Москва, Ленинградтан, тіпті шетел ақын-жазушыларынан шақырып өткіземіз деген ойымыз бар" деп жазады мақала авторы ақын Дихан Әбілев.

Әдебиетшілер және Шәкәрімнің ұлы – Ахат Құдайбердиев (оң жақта). Семей, (жылы белгісіз).

Ол осы мақаласында ақындардың "күңгірт заманда күңіреніп өткен Абайды өмірге қайта әкеп, махаббатына бөлеп отырған Совет үкіметіне, Коммунистік партияға ақ жүректен шын алғысын айтты" деп бір тоқтайды.

Сол кездегі басқа да басылымдарда Абай күні шарасы аясында Алматыдан барған делегацияның Семей қаласында және Абай туып өскен Абай ауданы аумағында өндіріс, шаруашылық ортасында және жоғары оқу орындарында кездесуге қатысып, соңында аудан орталығы Қарауылда өткен салтанатта болып, Абай жерленген Жидебайдағы ақын мазарына зиярат еткені айтылады. Бұған қоса Абай шығармаларының жаңа бір томдығы әзірленіп жатқаны хабарланады. Және "Абай тілінің сөздігі" жарық көріп, Алматыда "Абай" спектаклі алғаш рет орыс тілінде қойылғаны туралы мәліметтерді кездестіруге болады.

Абай поэзиясы күндерін атап өтуге жиналған әдебиетшілер Семейдегі Абай мұражайының алдында тұр. Мұражайдың маңдайшасына атаулы күнге арналған жазу ілінген (жылы белгісіз).

"БИЛІКТЕ ОТЫРҒАНДАР АБАЙДЫҢ ТОЛЫҚ АДАМ ІЛІМІН ТҮСІНЕ АЛМАЙДЫ"

Бүгінде жасы 93-тен асқан қарт абайтанушы Мекемтас Мырзахметов қазақ халқының рухани шамшырағына айналған Абайдың арманы әлі жүзеге аспады деген пікірде. Айтуынша, мәскеушіл совет үкіметінен бұрын патшалық Ресей ел арасына алауыздық таратуға мүдделі болған. Абай оған қарсы әрекет ету үшін толық адам ілімін ұсынған. "Бірақ ол сол кезде жеміс бере алмады. Қазірдің өзінде оны билікте отырғандар түсіне алмайды" деген Мекемтас Мырзахметов бүгінгі саясаттың оны жүзеге асыруға қауқарсыз екенін айтады.

Қазір көпшілікке мәлім, Қазақстанда 2020 жылдан бері 10 тамыз Абай күні ретінде аталып өтіледі. Бұл – Абайдың туған күніне орайластырылған шара. Сол үшін арнайы үкімет қаулысы да шыққан. Сонда Қазақстандағы кейбір баспасөз елде Абай күні тұңғыш рет аталып өтеді деп хабарлаған.

Бірақ Абай күнін атап өту ресми билік ұсынғандай 2020 жылы басталмағанын архивтегі Азаттық радиосы мен Қазақстан баспасөзінің материалдары жоққа шығарып отыр.

"Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының алдағы эпизоды осы жетпіс жылдық құрметіне Алматыда өткен тұңғыш Азаттық медиафорумына арналады.

Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға және жүктеп алуға болады.

Your browser doesn’t support HTML5

Абай өлеңдері Азаттық тілдерінде