Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда жаңа астана салу туралы шешім қабылдағалы 30 жылдан асты. Астана аз уақытта 1,5 миллион халқы бар мегаполиске айналып, ішкі мигранттар сонда ағылатын болды. Жоғарыдан қарағанда әдемі көрінетін қаланы бәрі бірдей ұната бермейді. Бірақ Астананы Алматымен салыстырып, ерекше бағалайтындар да бар.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана — "геосаяси өңіріміздің маңызды орталығы" дейді. Ал ресейлік урбанист әрі блогер Илья Варламов Астананы "өмір сүруге қолайсыз, нашар қала" деп бағалаған.
Қайткен күнде де Астана Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 1,5 миллион адамның үйіне айналды.
Халық негізгі құрылысы 30 жыл бұрын басталған монолит қалаға неге көшті? Астана тұрғындары туған жеріне қайта орала ма?
НҰР-СҰЛТАННАН ҚҰТЫЛУ
Астананың мерейтойы көп.
Бірақ өткен демалыс күндері орны бөлек мерейтой болды. Бұл күні тұрғындар Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел астанасын 1830 жылы Ақмола болып құрылған шағын қалаға көшіргеніне 30 жыл толуын тойлады.
Назарбаев 1994 жылы 6 шілдеде сол кездегі астана — Алматыдағы Жоғарғы Кеңес сессиясында осындай ұсыныс жасады.
Ұсыныс қабылданды, бірақ президенттің шешіміне қарсылық білдіргендер де бар еді. Ресейде бұл қадамды Қазақстанның солтүстігінде тұратын орыстілді жұрттың ықпалын азайту әрекеті деп бағалағандар болды. Екі ел арасындағы шекара – әлем бойынша құрлықтағы ең ұзын шекара.
Астананы көшіру туралы шешім 3 жылдан кейін қабылданды. Одан кейінгі жылдары қала бірінші президентпен тікелей байланысты болды. Тіпті, Астана мен президенттің туған күні бір күнде — 6 шілдеде тойланады.
Қазір Астана бірінші президентті жолда қалдырып, өсіп кетті.
Биыл күзде Астана өз атауын қайта алғанына екі жыл толады. 2022 жылдың басында елде болған жаппай тәртіпсіздік шенеуніктерді Назарбаевтың құрметіне берілген Нұр-Сұлтан атауынан бас тартуға итермеледі.
2019 жылы астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді Тоқаевтың өзі ұсынған. Ол осы арқылы өзі орнын басқан бұрынғы президенттің мерейін өсіргісі келді. Үш жылдан кейін Назарбаев биліктен шеттетілгенде, қалаға бұрынғы атауын қайтарды. (Қазақстан астанасының жаңа уақытта атауы ең көп ауысқан астана ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енуі тегін емес).
2019 жылы Тоқаев Астананың мерейтойын тойлап, қаланы "Қазақстан жетістігінің жарқын көрінісі", тәжірибелі ұстазының "еркі мен табандылығының нәтижесі" деп мақтады. Биыл ол қала күнімен құттықтау міндетін Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қалдырды. Әкім Астананың негізін қалады деген 84 жастағы бұрынғы президенттің атын атамауға тырысты.
Интернетте сатиралық әзілімен танымал кинорежиссер, PR-кеңесші Ринат Балғабаев — 2022 жылы Астана атауының қайта беріліп, бұрынғы президенттің жеке басына табынушылықтың әлсіреуін тойлаған тұрғындардың бірі.
"Ресми құжаттардан [Нұр-Сұлтан] атауын көрген сайын, ашуланатынмын", — дейді Павлодардан Астанаға 10 жыл бұрын көшіп келген Балғабаев. Ол бас қалаға өзі қашықтан істейтін алматылық жарнама агенттігінің өкілі ретінде келген.
"Нұр-Сұлтан деп жазуға қолым бармайтын. Өзім кездескен шенеуніктер қаланы өзгерту бойынша ұсыныстарыңызды айтыңыз десе, Астанаға бұрынғы атауын қайтарыңдар дер едім", — дейді ол.
38 жастағы тұрғынның пікірінше, Астана төбеден әдемі көрінгенімен, қала жаяу жүргіншілерге жайсыз, қызмет көрсету сапасы төмен.
Балғабаев әдемі таулар арасында орналасқанымен, қыста қалың тұманнан көз ашпайтын, жер сілкіну қаупі жоғары Алматыға қарағанда, Астананың артықшылығы көп екенін жасырмайды.
"Астанада жұмыс істеуге мүмкіндік көп. Алматыда барлық сала лық толы", — дейді ол. "Алматы қыдырып, дәмханалардан тамақ ішуге жақсы. Бірақ Астанада адамдар сөзінде көбірек тұрады. Мысалы, есірткіге тәуелділік туралы фильм түсірдім. Алматыда адамдарды қажет күні сұхбатқа шақыру қиынға түсті, сол үшін ақшам ауаға кететін. Астанада нашақорлардың өзі кездесуге кешікпей келді".
Астана саяси активизм жағынан Алматыға ілесе алмағанымен, Балғабаев қалада тұрғын үй мен коммуналдық қызмет саласында азаматтық белсенділік артып келе жатқанын айтады.
"Қала атауын Нұр-Cұлтан деп өзгерткеннен кейін адамдар бұрынғыдан белсенді бола бастады", — дейді Балғабаев. Ол сөзіне дәлел ретінде Халықаралық әйелдер күні өткен демонстрацияға көп адам жиналғанын мысалға келтірді.
"ЖУРНАЛИСТЕР ҮЙІНЕ" ҚАМҚОРЛЫҚ
Роза Алдабекова Астанадан 1600 шақырым жерде, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасына жақын Мақтааралда туған.
2006 жылы бірінші күйеуі жүрек талмасынан қайтыс болғаннан кейін екі баласымен солтүстікке көшкен.
Мақта өсіретін ыстық ауданнан келген Розаға басында әлемдегі ең суық екінші астанада тұру қиын болған. Бірінші орында Моңғолия астанасы — Ұлан-Батыр.
"-40 градус аяз! Қорқынышты фильмдердегідей боран!" — дейді ол өткен күндерді еске алып. "Бірақ уақыт өте келе үйреніп кеттім. Қазір қала өсіп, гүлденіп келе жатыр. Оңтүстіктің қалалары сияқты жасыл-желек көбейді. Бірнеше жыл бұрын отырғызған ағаштар бой көтеріп, жайқалып өсіп қалды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен адамдар жұмыс істеуге келеді. Солай болуы керек. Бұл біздің астанамыз ғой!"
Алдабекова Астанаға жаңа көшіп келгенде, президент әкімшілігіне қарсы орналасқан журналистер үйі әлі салынып жатқан.
Роза екінші күйеуімен бірге журналистер үйіне жиырма жылдан бері қамқор болып келген. Күйеуі осы ғимаратта күзетші болып істеген, өзі жылы маусымда бау-бақшасын суғарып, қалған кезде еден жуып, қызмет еткен. Розаның мамандығы — биолог.
"Ол солтүстіктен, мен оңтүстіктен, екеуіміз де қазақпыз. Ол Астанадан 120 шақырым жердегі Ерейментауда туған. Ерейментау — Бөгенбай батырдың туған жері", — дейді Алдабекова мақтанышпен. Қазір Розаның күйеуі зейнетте.
Ерлі-зайыптының ортақ баласы жоқ, бірақ күйеуінің бірінші некеден үш баласы бар.
"Бәріміз — бір үлкен жанұямыз", — дейді Алдабекова. "Тура журналистер үйіндегідей".
"Кейінгі кезде қаладағы бағалар өсіп жатыр. Бірақ денсаулық болса, ақша табылады", — дейді ол.
ШЕНЕУНІКТЕР ҚАЛАСЫ МА?
1997 жылы астананы көшіру Алматыға демографиялық қысымды азайтты. Десе де, Алматыда халық саны әлі күнге жылына 60 мың адамға өседі.
Ал Астанаға ішкі миграция бірден қарқын ала қойған жоқ. Өйткені қала жаңа салынып жатты, инфрақұрылым біртіндеп дамыды.
Совет Одағы кезінде Целиноград деп аталған қала астанаға айналғанда, көшуге мәжбүр болғандардың бірі мемлекеттік қызметкерлер еді. Алматыда бірнеше кеңсе ғана қалды. Қалғанының бәрі Астанаға ауысты.
Vlast.kz ақпараттық агенттігінің дерегінше, 2014 жылы Астанадағы 66 адамның біреуі мемлекеттік қызметкер болған. Алматыда бұл көрсеткіш 335 адамның бірін, ал бүкіл Қазақстанда 175 адамның бірін құрайды.
Таңертең және кешке белгілі бір уақыттарда Есіл өзенінің сол жағалауына қарасаң, қала шенеуніктерге арнап салынғандай көрінуі мүмкін. "Сыра банкасы", "Оттық" сияқты лақап аты бар заманауи ғимараттар жанында костюм киген мемлекеттік қызметкерлер жұмысқа асығып бара жатады.
32 жастағы Исатай Минуаров "Самрұқ Қазына" ұлттық әл-ауқат қорында әлеуметтік жобалар жетекшісі болып істейді. Ол Астанаға 1999 жылы өзі білім алып жүрген Қарағандыдан қыдырып келген.
"Қала қарбалас болғанымен, көңіл көтеретін екі-үш қана орын бар еді", — дейді ол.
Минуаров Астанаға 2010 жылы көшкен. Университетке оқуға түсіп, әлеуметтану мамандығын оқыған. Кейін Ұлыбританиядағы Манчестер университетінде осы сала бойынша магистрлік диссертация қорғап қайтқан. Шетелдегі оқуын аяқтаған соң, Астанаға оралған. Ол өзі мен балаларының болашағын астанамен байланыстырады.
"Астана мемлекеттік қызметкерлерге арналған әкімшілік қала деген стереотип шындыққа жанаспайды. Қала өзгеріп жатыр. Бұрынғыдай 700 мың халқы бар, өз қалаңнан келген біреуді көрсең, таңғалатын шағын қала емес. Қазір халық астанаға ұмтылады. Өйткені еңбек нарығы үлкен, жалақы жоғары. Алматымен салыстырғанда, өмір сүру арзан", — дейді Минуаров. Әлеуметтанушының пікірінше, қалаға Орталық Азияның басқа елдерінен де көшіп келіп жатқандар көп.
"Бұл қызмет көрсету сапасына жақсы әсер етеді. Палау сататын дәмханада бас аспаз Өзбекстаннан болса, тамақтың дәміне күмән келтірмесеңіз болады".
БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ
Қызылорда облысы Қарауылтөбе ауылынан келген Сүндет Астанада такси жүргізушісі болып жұмыс істеп жүр. Ол 2013 жылдан бері астанада тұрады. Сондықтан "Қалада не өзгерткіңіз келеді?" деген сұраққа да жауабы дайын.
"Жолды жылда жөндейді. Тендер кезіндегі жемқорлықтан сияқты. Қоғамдық іс-шара өткізіп, үкімет ғимараттарына қыруар қаржы жұмсағанша, көбірек ақша бөліп, тұрғын үй салуды жеделдету керек", — дейді толық аты-жөнін айтқысы келмеген 40 жастағы Астана тұрғыны.
Астанадағы өзекті мәселенің бірі — қолжетімді баспана.
Сүндет әйелі және алты баласымен (отбасы тағы бір сәби күтіп отыр) 9 жылдан бері көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік баспананы күтіп жүр.
Қазір көпбалалы отбасының баспана кезегі жақындап қалған.
Мемлекеттік баспанаға көшсе, ай сайынғы 150 мың теңге (300 доллар) пәтерақының жүгі жеңілдейді. Қазір Сүндет айына 300 мың теңге жалақы (600 доллар) алады.
"Өміріміз жақсарды дей алмаймын. Көбірек ақша таба бастасаң, тамақ қымбаттап кетеді", — дейді Сүндет. Ол Еуропада жүк көлігінің жүргізушісі болып істеген. Шетелге маусымдық жұмысқа қайта барғысы келеді.
Сүндет жылына бір рет Қызылордаға барады. Әйелі мен балаларын поезға салып жіберіп, отбасының жол шығындарын жабу үшін өзі көлігімен InDrive қосымшасы арқылы жолаушы, зат тасиды.
Ол Қызылорданың адамдары Астанаға қарағанда жылы жүзді дейді. Сүндеттің пікірінше, астанада әңгіменің бәрі ақша мен көлік жайлы. Бірақ астаналық азамат Қызылордаға қайтқысы келмейді.
"Астананың қысы бұрынғыдай суық емес", — дейді ол.
"Шынымды айтсам, өмірім оңай болмады. Жақын туыстарымның көбі қайтыс болды, арқа сүйейтін адамым аз. Бірақ Аллаға алғысым шексіз. Өзі берген қиындықтан өзі алып шықты", — дейді Сүндет.