Түрмедегі әзербайжан журналисіне сыйлық берді

Әзербайжан журналисі Хадиджа Исмаилова.

Алты айдан бері Баку түрмесінде отырған журналист Хадиджа Исмаилова америкалық ПЕН-орталығының сыйлығын алмақ. Жақтастары «оны биліктегі сыбайлас жемқорлықты әшкерелеген мақалалары үшін қамады» дейді.

Мамырдың 5-і күні Нью-Йоркте өтетін кездесу кезінде америкалық ПЕН орталық Барбара Голдсмит атындағы сыйлықты әзербайжандық журналист Хадиджа Исмаиловаға табыстайды. «Биліктегі жемқорлықты әшкерелеген мақалаларым үшін қамалдым» дейтін Исмаилованың түрмеге түскеніне алты ай болды.

«ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ТЕКСЕРГЕНІ ҮШІН АЙЫПТЫ БОЛДЫ»

«Америка ПЕН-орталығы» үкіметтік емес ұйымының баспасөз хабарламасына қарағанда, Голдсмит атындағы сыйлық «ауыр жағдайда ар-ұжданның сөзін айта білген» жандарға беріледі.

Әзербайжанда соңғы айларда жүзден астам белсенді қылмыстық қудалауға ұшырады. Азаттықтың Әзербайжан қызметінде істейтін Хадиджа Исмаилова 2014 жылдың желтоқсан айында «адамды өзіне қол жұмсауға мәжбүрледі» деген айыппен тұтқындалды. Оны айыптаушы Турал Мұстафаев кейін өтінішін қайтарып алып, прокуратураға барып шағымынан бас тартатынын мәлімдеген. Бірақ әзербайжан билігі журналистке қарсы басқа айыптар ойлап тауып, оны «салық төлеуден жалтарды» деп айыптады.

Әзербайжан журналисі Хадиджа Исмаилованың хаты.

Хадиджа Исмаилова мен оның жақтастары бұл айыптардың ешбірін мойындамайды, олар «журналисті президент Илхам Әлиев пен оның отбасын және белгілі шенеуніктерді әшкерелейтін мақалалары үшін қамап отыр» деседі.

– Хадиджа Исмаиловаға қарсы айыптар – ойдан шығарылған, ақылға қонымсыз. Тұтқындар алдында президенттің кеңесшісі оны Американың тыңшысы деп айыптаған еді. Хадиджа тек жемқорлықты тексергені үшін айыпты болды. Әзербайжан билігі қаласақ кез келген адамның аузын жаба аламыз деп ойлайды, сондықтан ол түрмеде жатыр, – дейді Азаттықтың Әзербайжан қызметінің директоры Кенан Әлиев.

38 жастағы Хадиджа Исмаилованың ісі әлі сотта қаралмады, ал сотқа дейінгі уақытша қамау мерзімі екі мәрте ұзартылды. Ақпан айында өткен жабық сот отырысында оған «жалған дерек берді» деген айып тағылып, 2500 манат (2400 доллар) айыппұл салынды. Ол қамауда отырған кезде қорғаушысы арқылы жіберген мәлімдеме хаттары үшін жазалы болды.

100 ШАҚТЫ БЕЛСЕНДІ ҚУДАЛАНЫП ЖАТЫР

Әзербайжан үкіметі 2014 жылдың ортасынан бастап азаматтық белсенділерге қысым жасап жатыр. Саясатқа араласқан жүз шақты белсенді түрлі қудалауға ұшыраған. Солардың ішінде танымал құқық қорғаушылар – Лейла және Ариф Юнустар 2014 жылдың шілдесінен бері қамауда отыр.

Әзербайжандық белсенділер Лейла мен Ариф Юнус.

Билік өкілдері Азаттықтың Әзербайжан қызметін тексеріп, жауып тастады. Елдегі Батыстың басқа да танымал үкіметтік емес ұйымдары тексерілді. Freedom House ұйымының вице-президенті Арч Паддингтон наурыз айында Әзербайжан туралы «саяси репрессиямен көзге түсіп, азаматтық қоғам белсенділерін қудалаудан тынбай келеді» деп жазды.

Ал Баку тарихында бірінші рет маусымның 12-18-сі аралығында Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) қолдауымен Еуропа ойындарын өткізбек. Америкалық ПЕН-орталық ХОК-ке хат жазып, Бакудегі адам құқығы мәселелерін айыптауды және Хадиджа Исмайлованы босатуды талап етуді сұрады.

Human Rights Watch ұйымы да еуропалық мемлекеттерден ойынға жоғары деңгейдегі делегация жібермеуді сұрап, «үкіметті сынаған адамдар босатылсын» деген талап қойды.

Әзербайжандық белсенді, журналист Арзу Гейбуллаева Хадиджа Исмаилованы «әділеттіліктің жүрегі, шабыты» деп сипаттайды. «Хадиджа мен үшін үміт, бостандық және нәзіктіктің символы. Ол өз ісінің кәсіби маманы. Өте жігерлі адам. Оның құлшынысына қайран қаламын» деп жазды Арзу Гейбуллаева Азаттыққа.

ПЕН-орталық жүлдесін алатындардың санатында Хадиджа Исмаиловаға қоса драматург Том Стоппорд пен француздардың Charlie Hebdo сатиралық журналы бар.

Азаттық тілшісі Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.