«Байқоңыр» кинофестивалінің қонақтарын фестивальдің туын ұстаған еріктілер күтіп алып тұрды.
Фестиваль «Көктөбе» паркінің оңтүстік бөлігінде орналасқан үлкен павильонда өтті. Бұл орын фестиваль ұйымдастырушыларына тегін берілген.
Фестиваль өткен екі күн бойы Қазақстан киносы туралы кітаптар көрмесі жұмыс істеді. Көрмеге советтік замандағы және қазіргі кездегі Қазақстан киносы туралы кітаптар қойылды.
Фестиваль кеңесшісі және қазылар алқасы мүшесі, Қазақстан киносыншылары ассоциациясы президенті Гүлнар Әбікеева жеңімпаздарға берілген «Байқоңыр» фестивалінің шағын мүсіні идеясын түсіндірді. Мүсінде Айға алғаш қадам басқан космонавт сияқты кино әлеміне кірген жас кинематографист бейнеленген. Яғни, мүсін Айда тұрған космонавт түрінде «кинопленкадан» жасалған. Мүсіннің металы қамбат емес, бірақ оны алтын түстес етіп бояған.
Мүсін эскизін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясын жақында бітірген, жас скульптор Орынхан Рахымбек ұсынған. Мүсінді ол «Алғашқы қадам» деп атаған. Ал негізінен мүсін эскизіне республикалық конкурс жарияланып, оған Қазақстанның әр аймақтарынан 15 адам қатысқан.
Қазылар алқасы төрағасы кинорежиссер Рашид Нұғманов (сол жақта) пен фестиваль директоры Әнуар Кенжебаевтың «Байқоңырды» ашық деп жариялап тұрған сәті. Кейіннен Әнуар екі апта бұрын ғана ұйымдастырушылардың ешқандай бюджеті, мүсіндер мен дипломдарды жасататын қаржысы болмағанын айтты. Бірақ киноға бейжай қарай алмайтын адамдар көмектескен. Олардың ұзақ тізімі марапаттау рәсімі кезінде оқылды.
Қазылар құрамына продюсер Сабина Күзембаева мен «Еуразия» кинофестивалінің бизнес-платформасының жетекшісі Ілияс Ахмет кірді.
Көрермендер арасынан танымал кинорежиссерлер - Асқар Озабаев, Жасұлан Пошанов, Ерлан Нұрмұхамбетов байқалып қалып жатты. Достарының фильмін көруге әнші Ғалымжан Молданазар (суретте) да келді.
Қымбат Тойшы (оң жақта) Гүлнар Әбікееваның қолынан «Үздік деректі фильм» номинациясы жүлдесін алып тұр. Ол фестивальге «Ауыл тынысы» деген фермер отбасы туралы фильмін әкелген.
Журналист Роман Жуков Аяз ата болып ақша табатын адам туралы «Хлоп-топ» фильмінің сценариін жазған. Оның кейіпкері бір күні аутизммен ауыратын балалардың мерекесіне Аяз ата ретінде шақырылады. Мереке соңында оның өмірге деген көзқарасы өзгереді. Роман Жуковтің сценариі үздік деп танылды.
«Кейіпкерді сомдау» номинациясы бойынша үздік болып алты жасар Нурсая Қабдысалам танылды. Ол «Әке» фильмінде ойнаған. Фильмді түсіргенде Жансая бес жаста болған. Ол бұл рөлді кастингте жеңіп алған. Бірақ марапаттау рәсіміне кішкентай актриса келмеді.
«Тәжірибелік кино» номинациясы бойынша Санат Шакиеваның фильмі жеңімпаз атанды. Марапаттау рәсімінде Ілияс Ахмет «Комендант Ильменау» фильмінде Санат Шакиеваның көркем графиканы жақсы қолданғанын атап өтті. Суретте: жүлдесін ұстап суретке түсіп тұрған Санат Шакиева.
Кинофестиваль жеңімпаздары бірге түскен сурет. Бір қызығы бас жүлдені алған туындыны түсіруге қатысқан адамдардың ешқайсысы марапаттау рәсіміне келмеді. Олар өздері түсірген фильм үздік болып танылады деп ойламаса керек.
17-18 қыркүйек күндері Алматыда жас кинематографтардың қысқа метражды фильмдерінің алғашқы кинофестивалі өтті. «Байқоңыр» деп аталған бұл шараның «Еуразия» және «Бастау» халықаралық кинофестивальдерінен ерекшелігі - тәуелсіз, мемлекеттен ешқандай көмек алмайды. Фестивальді отандық кино туралы жазатын brod.kz веб-порталы шағын бюджетке ұйымдастырған. Жеңімпаздар 10 номинация бойынша марапатталды, бірақ ешкімге қаржылай сыйлық берілмеді.