Жермен-жексен болған Бахмут: спутниктен түсірілген жаңа суреттер
Бахмут, 2022 жылғы 8 мамырда түсірілген сурет.
Дәл сол масштабта бір жылдан кейін, 2023 жылғы 15 мамырда түсірілген сурет.
16 мамырда Ресей әскері Бахмуттағы украин жауынгерлері бекінген жерлерге 55 рет соққы берді деп хабарлады Украина қарулы күштерінің бас штабы.
Бахмут қаласындағы №12 мектеп пен көппәтерлі тұрғын үйлер. 8 мамыр, 2022 жыл.
Дәл сол мектеп пен үйлердің қазіргі суреті. 15 мамыр, 2023 жыл.
16 мамырда Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр украин жауынгерлері Бахмуттың маңайындағы 20 шаршы шақырымға жуық жерден Ресей әскерін ығыстырғанын, бірақ басқыншылар күші қаланың орталығына қарай жылжи түскенін хабарлады.
"Бахмуттың ішкі жағына ендеп кіруге талпынған дұшпан біраз жерге жылжыды және қаланы артиллериядан атқылап, қиратып жатыр" деп жазды Маляр әлеуметтік желіде.
Бахмуттағы ғимараттар, 8 мамыр, 2022 жыл.
Соғыс кесірінен өртеніп, қираған ғимараттар, 15 мамыр, 2023 жыл.
"Бахмутты қорғау жалғасып жатыр, кейінгі күндердегі оқиғалар Украина алға қарай жылжи алатынын және Ресей әскеріне қарсы тұра алатынын көрсетті. Әскеріміздің Бахмут бағытында алға жылжуы – қаланы қорғау барысындағы алғашқы сәтті шабуыл операциясы" деп мәлімдеді 15 мамырда Украина армиясының генерал-полковнигі Александр Сырский.
Бахмуттағы театр мен дүкендер, 8 мамыр, 2022 жыл.
Жермен-жексен болған театрдың орны. Спутниктен түсірілген сурет. 15 мамыр, 2023 жыл.
"Кейінгі күндері алға қарай жылжи алатынымызды және тіпті өте қиын жағдайда отырып та, жаудың көзін жоя алатынымызды дәлелдік. Бахмутты қорғау операциясы жалғасып жатыр. Қорғанысқа қажет барлық шешім қабылданды" деді генерал Сырский.
Мектеп пен көппәтерлі тұрғын үйлер, 8 мамыр, 2022 жыл.
Соғыстан қирап, өртенген мектеп пен көппәтерлі үйлердің орны, 15 мамыр 2023 жыл.
"Қалада жермен-жексен болып қираған көппәтерлі тұрғын үйлер, мектептер, дүкендер мен өзге де инфрақұрылым нысандарының бықсыған орны қалған. Ал бір жыл бұрын ғана жасыл желек пен парктері болған қала кварталдары қазір өсімдік атаулыдан түк қалмай, шаң мен қоқыстың астында қалған" деп хабарлады Бахмутты спутниктен суретке түсірген Maxar Technologies компаниясы.
Бахмуттағы университет ғимараты мен радиохабар толқынын тарататын мұнара, 8 мамыр, 2022 жыл.
Дәл сол ауданның қазіргі жағдайы. 15 мамыр, 2023 жыл.
Кейінгі айларда Бахмуттағы қиян-кескі шайқас екі жақты да зор шығынға ұшыратты. Әскери сарапшылар Ресей үшін бұл қаланың стратегиялық маңызы бар дегенге күмән келтірсе де, ұрыс әлі жалғасып жатыр.