Желтоқсанның 19-ы, жексенбі күні Беларусьте өткен президент сайлауының нәтижелері бұрмаланды деп санайтын жергілікті оппозиция «Ұлтты құтқару үкіметін» құратынын мәлімдеді. Минскідегі наразылықты басу кезінде президенттікке үміткер оппозиция жетекшісі аяусыз түрде таяққа жығылды.
Президент сайлауы өте бере жексенбі күні кешкісін кем дегенде жиырма мың наразылық танытушы адам Беларусь астанасының Октябрь алаңына жиналып, кейін Үкімет үйі орналасқан Тәуелсіздік алаңына қарай бет алды. Қызыл жолақты ақ ту ұстаған топ президент сайлауының әділ өтпегенін мәлімдеп, тәуелсіз экзит-пол нәтижелерін жария еткен.
ҰЛТТЫ ҚҰТҚАРУ ҮКІМЕТІ
Үкімет үйінің алдына жеткесін оппозиция жетекшілері «Лукашенкосыз өтетін әділ сайлау» қозғалысын және «Ұлтты құтқару үкіметін» құрмақшы екендерін жариялады. Президенттікке үміткер болғандардың бірі Николай Статкевич тәуелсіз экзит-пол нәтижесі бойынша президент Александр Лукашенконың 30.5 пайыз ғана дауыс жинағанын айтты.
Наразылық танытушылар парламент ғимаратын басып алуға шақ қалып, есік-терезесін қиратып тоқтады деген хабар тараған еді.
Бұл ғимараттың ішінде Беларусьтің орталық сайлау комиссиясы да орналасқан. Полиция жүздеген шабуылдаушы адамның бетін қайырып үлгірді. Үсті-үстіне келіп жеткен арнайы полиция қызметкерлері демонстрацияға шыққандарды таратуға күш салып бақты. Сол жерде оншақты оппозиция белсендісі қамауға алынды.
Сәл кейінірек оппозиция өкілдері өздерінің парламент ғимаратына баса-көктеп кірмекші болған топқа қатыстары жоқ екендерін мәлімдеді.
Жексенбі күні кешкі сағат жетіден соң сайлау учаскелері жабыла бастағасын-ақ Минскідегі оппозиция жақтастарының бұл жолы үнсіз қалмайтыны белгілі болды.
«Шындықты айт!» қозғалысының кеңсесіне жиналған жұртқа қара түсті киім киген белгісіз біреулер түтіндеткіш шашка лақтырған. Сол жерде қозғалыс жетекшісі, һәм президенттік сайлауға түскен Владимир Некляев пен оның бірнеше жақтасы тепкінің астында қалған. Сәл кешірек Владимир Некляев пен тағы бір кандидат Виталий Ромашевскийдің миы шайқалып, ауруханаға түскені туралы хабар тарады.
Некляевтің штабын басқарған Андрей Дмитриев 50 белсендінің қамауға алынып, 15-інің таяққа жығылғанын хабарлады. Белгісіз қарулы топ сол маңда ұшырысқан жергілікті және шетелдік журналистердің бейнекамералары мен қалта телефондарын сындырып тастаған.
Ал Беларусьтің ресми орындары, керісінше, жұртты жаппай тәртіпсіздікке итермеледі деп оппозицияны айыптайды. Ішкі істер министрлігінің айтуынша Минскідегі Немига көшесінің бойынан темір сойылдар мен газ балондар тиелген автобус табылған.
Беларусь астанасындағы наразылық жиынынан түсірілген видео:
Your browser doesn’t support HTML5
Беларусьтің бұрынғы сыртқы істер вице-министрі, қазір Лукашенкоға қарсы шығып жүрген саясаткер Андрей Санников: «Кез-келген өркениетті елде осыншама көп кандидат қатысқан сайлаудың екінші кезеңі ұйымдастырылар еді», - дейді. Ол Беларусьтегі сайлау осы бірінші кезеңмен-ақ тәмам бола ма деп қауіп қылады. Лукашенко сайлау нәтижесін бұрмалап қана сегіз қарсыласынан бірінші кезеңде-ақ озып шығуы мүмкін деп санайды Санников.
Бүгін соққы жеген оппозициялық «Шындықты айт!» қозғалысының жетекшісі Владимир Некляев те, тағы бір президенттікке үміткер Михаил Статкевич те Азаттық радиосына берген сұқбаттарында елдегі саяси ахуалды өзгертудің жалғыз жолы дауыс берушілердің сайлаудан соң Октябрь алаңына барып құқықтарын талап етуі деген ой айтты.
ЛУКАШЕНКО: «БАНДИТТЕРМЕН СӨЙЛЕСПЕЙМІН»
«EcooM» атты ресми экзит-пол жасаған зерттеу орталығы президент Лукашенконың 76 пайызға жуық дауыс алғанын хабарлап үлгірді. Егер бұл мәлімет расталса, 16 жыл бойы билік құрып келе жатқан 56 жасар Беларусь жетекшісінің өкілеті тағы бір мерзімге ұзармақ.
Бұл жолы сегіз кандидатпен бірге саяси бәсекеге түскен Беларусь президенті сайлау өтпестен бұрын өзіне тең келер ешкім жоқ екенін мәлімдеген. Азаттық радиосының Беларусь қызметі берген ақпаратқа сәйкес Лукашенко оппозициямен диалог орнатуға қатысты жексенбі күні былай деп сөйлеген:
Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) ұлы Николаймен бірге дауыс беріп тұр. Минск, 19 желтоқсан 2010 жыл
«Мен бандиттермен, я бүлікшілермен сөйлеспеймін. Дені дұрыс оппозициямен ғана сөйлесемін. Президенттікке кандидаттардың ішінде өз орнын білетін, жеке пікірі бар, есі дұрыс адам аз».
Сайлаудан соң Октябрь алаңында өтуі мүмкін толқуға қатысты Лукашенко: «Бұл акцияны қолдағысы келетіндер заңды оқысын! Заңға сәйкес шара қолданамыз. Қауіпсіздік үшін. Алаң болмаңыздар. Бүгін алаңға ешкім шықпайды», - деді.
Батыста «Еуропаның соңғы диктаторы» деген атқа ие болған Беларусь президенті Александр Лукашенко соңғы екі аптаның ішінде Ресей басшылығымен қарым-қатынасын күрт жақсартып, мұнай импорты мен газ бағасына қатысты тиімді келісім-шарттарға қол жеткізген.
Лукашенконың Кремльмен қырғи-қабақ кезінде Беларусь экономикасы интеграцияға енді бет бұрады-ау деп үміттенген Еуропа Одағы өкілдерінің үміті біржола үзілуге жақын. Сөз бостандығы мен еркін нарық реформаларын барынша кешуілдетіп отырған Беларусь президенті қуатты көршісіне қайта арқа сүйеді.
Оппозиция мүшелері сайлаудың алдын-ала қорытындысына күмән келтіріп тұр. Минск, 19 желтоқсан 2010 жыл
Желтоқсанның 20-ы, дүйсенбі күні ЕҚЫҰ Беларусьтегі сайлауға қатысты қорытынды есебін жарияламақ. Бұл құжатта Еуропа Одағының Беларуське қатысты ендігі ұстанатын саясаты анық көрінуі мүмкін дейді мамандар.
Ал Беларусь орталық сайлау комиссиясының төрайымы Лилия Ермошина желтоқсанның 19-ынан 20-ына ауған түні сайлау қорытындысының Үкімет үйі алдындағы «заңсыз наразылық акцияларына» байланысты кешірек жарияланатынын хабарлады.